Qoǵam
Бес парыздың бірі – зекет
Өзара бауырмалдық пен жанашырлыққа, адамгершілік пен гуманизмге негізделген салауатты қоғам құруды мақсат ететін ислам дінінде әр мұсылманға бес парыздың жүктелетіні белгілі.
Парыз дегеніміз – бұлтартпас дәлелдермен әмір етілген діни іс-әрекеттер мен міндеттер. Парыз деп бекітілген істерді қандай да бір себеппен орындамау адамды жауапкершіліктен босатпайды. Осы себепті зекет туралы сөз қозғағанда, оның парыздығын жете түсіну маңызды. Дегенмен зекет беру кімдерге парыз деген мәселеге келсек, мұсылман болуы, нисап (85 гр. алтын) көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу, зекеті берілетін байлықтың өсімділігі, зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы, қарыз болмауы, зекеті берілетін байлыққа толық ие болу сынды талаптары
Дәулетті мұсылмандардың жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруінің астарында үлкен мән жатыр. Тарқатып айтар болсақ, ол қоғамға қарасуға, қайырымдылық жасауға, жанашырлыққа жатады. Берілген зекеттер сол қоғамдағы мұқтаж жандарға, басқа да игілікті істерге жаратылатындықтан, бұл сол қоғамның қайырымды бола түсуіне жол ашады
Демек, Алла тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйған тыйымдарын жасамаған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа кенелтіп, өзінің қошеметіне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен. Зекет те Алла тағаланың бұйырған әмірлерінің біреуі, сондықтан орындаушысы уәде етілген сый-сыяпатқа кенеліп, Алланың ризашылығына бөленері сөзсіз.
Құран кәрімнің бірнеше аяттарында зекеттің парыздығы жайында айтылған.Мысалы:
«Намаз оқыңдар, зекет беріңдер…», сонымен қатар және бір аятта баян етілгендей; Тәубе сүресінің 103-аятында білдірілгендей күнәлардың кешірілуіне себеп. «Олардың малдарын көбейт және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал» делінген.
Жалпы адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, сараңдық сияқты жаман қасиеттер бар. Содан арылудың бірден-бір жолы зекет беру екенін түсінгеніміз абзал.
Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Малдарыңды зекетпен қорғаңдар, ауру-сырқауларыңды садақа беріп емдеңдер, бастарыңа келген бәлекеттер үшін Алла тағалаға жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңдар» деп айтылады.
Сонымен қатар зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық,тәкаппарлық сияқты жаман қылықтардан арылтып, қайта адамды кішіпейілділікке, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға жетелейді және баулиды. Табысының бір бөлігін тек қана Алла ризалығы үшін берілген зекет әрбір мұсылман баласы үшін сөзсіз қайырлы болмақ.
Әрбір берілетін зекет қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Бай кедейлерге мейірімділікпен қарап, байлығының белгілі бір бөлігін оларға тегін бергендіктен, кедей де оларға құрметпен қарап, олардың байлығы мен дүние-мүліктеріне сұқ көзбен қарап, қызғаныш, қастандық ойламайды. Осылайша, қоғамның бақытты, сенімді ғұмыр кешуіне ықпалын тигізеді.
Мұсылманның бес парызының бірі зекет – дүние дәулеті тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Зекет – исламның көпірі» деп айтқанындай бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат. Ислам діні «Мен тоқ болайын, басқасы аштықтан өлсе өлсін» немесе «Сен әурешілік ішінде күн кеш, мен нығметтер мен ләззаттар ішінде рақаттанайын, сен жұмыс істе, мен жейін, сенен жұмыс, менен жеу» деген сияқты тек қана қара басын ойлайтын өзімшілдік түсініктерге жол бермейді.
Зекеттің белгілі бір адамға парыз болуы үшін төмендегі шарттардың орындалуы тиіс.
Ең басты шарты, зекет берушінің мұсылман болуы. Басқа ғибадаттар сияқты зекет ғибадатында да беруші адамның ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, азат мұсылман болуы шарт. Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға және балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге зекет беру парыз емес.
Екіншісі, нисап көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу. Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі: алтында – жиырма динар, яғни, 85 грамм, күмісте – екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм және сауда заттарында – 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде берілген садақаның байлықты азайтпайтынын айтады: «Садақа малдан ештеңе азайтпайды». Өйткені Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Берген қол – алған қолдан қайырлы» деп мұсылмандарды әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады.
Шын мәнінде, садақа берумен дүниеміздің кеміп қалмайтындығын әрбіріміз білуге тиіспіз. Денің сау, басың аман кезде берген садақаң сені алда басыңа төніп тұрған түрлі пәлекеттер мен кесапаттардан, әртүрлі қауіп-қатерлерден, ауру-сырқаудан, жамандықтардан мал-жаныңды, дүние-мүлкіңді сақтандырады десек артық айтқандық емес.
Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
Жуалы ауданының бас имамы