Qoǵam

Жұмысты әлі де ширата түсу керек

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңес отырысы өтті. Оған Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқарма басшысының міндетін атқарушы Фархат Абдралиев, аудан басшылары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауылдық округтердегі жастар ісінің нұсқаушылары қатысты.
Жиынды аудан басшысы Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Шақпақ ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы ауылдық округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов баяндама жасады.
-Шақпақ ауылдық округінде мемлекеттiк жастар саясатының басым бағыттарын iске асыруға, жастарды қолдауға және жан-жақты дамуына бағытталған жүйелi жұмыс жүргiзiлуде,- деді Мұстафа Ғаниұлы. – Шақпақ ауылдық округінде 4277 тұрғын бар, оның 900-і жастар. Оның ішінде 432 ерлер, 462 әйелдер. Бұл жалпы аймақ халқы санының 21,0 % құрайды.

Округ бойынша 2 орта мектеп, 1 өнер мектебі, 1 негізгі мектеп бар. 428 оқушы жастар санатына жатады.
210 білімгер жоғары оқу орнында оқыса, 44 білімгер колледждерде оқиды. 10 жас мемлекеттік қызметте болса, 20 жас жеке кәсіпте, 25 жас жеке шаруа қожалық жетекшілері болып саналады. Округте екі балабақша орналасқан. Онда 14 жас қызмет атқарады. Қалған 84 жас әртүрлі жұмыс жасайды.
«Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттiк жастар саясатының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасын iске асыру шеңберiнде округте алты айдың қорытындысы бойынша 128 адамға тегiн түрде психологиялық, құқықтық, әдiстемелiк кеңестер берілді, жұмысқа орналасуға көмектер көрсетiлдi.
2019 жылдың 4-тоқсанында жастар жұмыссыздығының деңгейi 1,1% құрады.
2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша NEET жастар (оқымайтын, жұмыс iстемейтiн және бiлiктiлiгiн жоғарылатпаған) 14 адамды құраса, жыл соңында 4 жас тұрақты жұмысқа, 2 жас «Жастар тәжірбиесіне», 1 жас қоғамдық жұмысқа, 5 жас 505 мың қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібін ашты. Ал 2 жас әлі NEET жастар қатарында. Олармен жұмыстар жүргізіліп жатыр,- дей келіп ауыл әкімі Мұстафа Ғаниұлы ауылдық окург жастары арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
Жалпы ауылдық округте 48 жастар өкiлi «Жас кәсіпкер», «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша оқып, оның iшiнде 16 жасымыз 505 және 1 жасымыз 3 миллиондық грант иегерлері атанған. Атап айтқанда, шақпақаталық Олжас Тұрғын есімді жас кәсіпкер Б.Момышұлы ауылынан 2 млн теңге ұтып алып, «Робототехника» орталығын ашқан. Соңғы алты ай бойынша әлеуметтiк жұмыс орындарына 8 адам, ал «Жастар тәжiрибесiне» 6 адам, тұрақты жұмысқа 17 жас қабылданып отыр.
Сонымен бірге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Т.Дүйсебайұлы ауылында орналасқан №28 Амангелді атындағы орта мектепке Өсер Айтолқын Ғаниқызы математика пәні бойынша жұмысқа орналасқан.
«Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты бағдарламасы аясында 8 жас солтүстік өңірде білім алуда, оның 5-еуі биыл дипломдарын қолға алады.
Баяндамашы жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың жүйелі түрде спортпен шұғылдануын, шығармашылықпен айналысуын, жалпы бос уақытын тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндады.
Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ауылдық округ әкімінің жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырған шарасының өте маңызды екендігін айта келіп, алдағы уақытта бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізу қолға алынса деген ұсынысын жеткізді.
Ауылдық округтегі айтарлықтай жұмыстарға ризашылығын білдірген аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы алдағы істеріне де сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни ауданымызда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы Жастар ресурстық орталығының директоры Мейіржан Телеушов баяндама жасады.
-Жалпы ауданда статистика көрсеткіштері бойынша 2019 жылы тұрғындар саны 52 523 адамды құраса, оның ішінде жастар 13 409 адамды құрайды, жалпы халықтың 25,8 %. Олардың 7085 (52,8%) адамы ерлер, 6324 (47,2%) адам әйелдер.
Ауданда бір кәсіптік колледж бар, онда 208 білімгер білім алуда, жатақханасында 32 жас жатып, әлеуметтік тамақпен қамтылуда және колледжде 4 жетім жас, 4 мүгедек жастар білім алуда.
Ауданда 30 орта мектеп, 4 негізгі мектеп, 6 бастауыш мектеп бар, оларда11 206 оқушы білім алса, 14 жастан жоғарылары 4368 жас, биылғы жылы мектеп бітірушілер саны 791 жас болса, оның ішінде ҰБТ-ға 750 жас қатысты.Оның ішінде 732 жас жоғары оқу орындарына, 32 жас арнаулы орта оқу орындарына және «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 23 жас оқуға түскен, қалған 4 жас жұмыссыздар қатарында.
Ауданда 125 (0,9%) жас мүгедектік санатында тіркеуде тұр. Оның ішінде жұмыспен өз бетінше қамтылғандары және мекемелерде жұмыс жасайтын мүгедек жастар саны 37 (29,6%) адамды құрап отыр.
Мемлекеттік қызметтегі 30 жасқа дейінгі жастар саны – 54 адамды құрап отыр (2018 ж 41 жас), өткен жылмен салыстырғанда 0,10% артты. Биылғы жылдың 10 желтоқсанына дейін әскер қатарына көктемгі және күзгі іріктеуге 1001 жас шақырылып, бүгінгі күні 157 жас әскерге аттанса, 22 әскерге жарамсыздар қатарында қалып отыр.
Сонымен қатар, есепті кезеңге дейін аудан бойынша 161 жас отбасы неке құрып, оның ішінде 16 жас отбасы ажырасып отыр, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 жасқа азайған. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін аудандық ауруханаға нашақорлық бойынша есепке 40 адам тіркелсе, оның ішінде 8-і жастар (жыл басында 13 болған) санатынан, туберкулез ауруына шалдыққан 25 жасты құраса (жыл басында 13 болған , алкоголизм бойынша 187 адам есепке алынып, оның ішінде жастар 6 адамды құрап (жыл басында 4 болған) отыр.
Бүгінгі күнге басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту болса, 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін Жұмыспен қамту орталығына барлығы – 1382 жас тіркелген, 610 жас тұрақты жұмыспен қамтылды, қоғамдық жұмысқа -117 жас, 329 жас – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыспен қамтылса, 44 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 43 жас ірі қара мал бағытында несие алса, 89 жас кәсіби оқуға, 150 жас «Бизнес Бастау» курсына жолданды. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен аудан әкімдігі арасындағы келісілген индикаторлар толығымен орындалып отыр.
2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін аудандық кірістер басқармасына 441 жас өз кәсібін ашып тіркелген, яғни бұл аудан жастарының 3,2 % (жыл басында 288 жас, 2,1% құраған) құрап отыр.
Жастар жылына орай аудандық кәсіпкерлік палатасында «Жас кәсіпкер» атты екі кезеңдік кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы оқыту курстарынан 100 жас, «Бастау» курсынан 150 жас өтіп, білімдерін шыңдап, сертификаттарға ие болып отыр. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда жастардың қатысуымен бірқатар шаралар жүргізілуде. Аудан бойынша барлығы 43 жас жылқы және ірі қара мал бағытын дамыту мақсатында 124 млн 500 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын бастап отыр. Бүгінгі күнге дейін аудан жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында жаңадан кәсібін бастаушыларға арналған 3 млн теңгеге дейін жаңа идеяларды қолдауға арналған қайтарымсыз гранттар берілетіндігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. (Нәтижесінде 31 жас құны 99 млн 465 мың 614 теңге сомасын құрайтын өз жобаларын ұсынған). Бүгінгі таңда комиссия қорытындысына сәйкес, барлығы 15 жоба қолдау тауып, ауданға 32 млн 500 мың теңге инвестиция тартылып отыр. Атап айтсақ, қазіргі таңда “Жуалы чикен” орталығы, “Робототехника курсы”ашылып жұмыс жасап жатса, Б.Момышұлы және Нұрлыкент ауылынан жылыжай құрылыстарын жүргізіп жатыр, Көлбастау ауылынан ашылатын М.Өмірзақова, Қайрат ауылынан шұжық, тұшпара өндіретін Қ.Пернебек пен А.Зият қажетті аппараттарын сатып әкеліп қойды.Сонымен қатар, аудан жастарына арналған екінші бағдарлама шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 505 мың теңгеден 121 жастың жобалары қолдау тауып, барлығы 61 млн 106 мың теңге қайтарымсыз қаражат төленді.
2019 жылы облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып отырған «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша кәсіп ашуға ниет білдіріп отырған ауданда барлығы 109 жас бар. Бүгінгі таңда Ақтөбе ауылдық округінде 10 жас 17 250 000 теңгеге сұраныс беріп отыр,- дей келіп баяндамашы аудан жастарымен бірге түрлі бағытта ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар мен басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сөз соңынан Мейіржан Бегасылұлы үш ұсынысын жеткізді. Яғни, олар – мекеме нұсқаушыларының компьютерлік құрал-жабдықтарын заман талабына сай жаңалауды қажет етіп отырғандығы; облыс әкімінің бастамасымен ашылған «Қамқор» қайырымдылық дүкені орналасқан ғимараттың қыс ауасында салқын болуына байланысты, жылу жүйесін жүргізуді қажет ететіндігі және аудан басшысынан 2016 жылғы 23 маусымдағы облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңес отырысының №1 хаттамасына сәйкес, осал жастармен жұмыс жасайтын психолог маманға бір штаттық бірлік ашуға қолдау көрсетуін сұранды.
Аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев баяндамашыға «ауданда жұмыссыз жастардың деңгейі қандай?», «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша неге жастардың үлесі аз?» деген сұрақтар қойды. Баяндамашының жауабын тыңдай келіп, аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы ауданда атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін, алайда алда атқарылар жұмыстың көптігін, сондықтан әлі де жұмысты үдету, ширату қажеттігін тапсырды.
-Әрине, атқарылған жұмыс көп. Ол көрініп тұр. Бірақ, баяндамада талдау жоқ. Тек мәліметтер берілген. Неге кемшіліктер көрсетілмейді? Ауылдық округ әкімдерімен бірлескен жұмыс жоқ. Бір-бірімізді тек мақтай берсек, сын айтылмаса, біз қалай алға қарай дамимыз? Мәселен, жастар арасында құқық бұзушылық бойынша өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Неге олай? Оның алдын алу үшін не істеуге болады? Баяндама мәселелерді талдап, нақты ұсыныспен жасалуы керек еді,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, жалпылама айтқанмен жұмыс жүрмейді. Сондықтан жұмысты жандандырып, сапасын арттыру үшін жастар ісінің нұсқаушылары арасында негізгі бірнеше көрсеткіштер бойынша индикатор белгіленіп, рейтинг жасалса деген ұсынысын жеткізді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев округтегі жастар саясатының жүзеге асырылуы жайлы баяндама жасады. Аудан басшысы баяндамашыға жұмысты әлі де жүйелеу қажеттігін тапсырды.
Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Руслан Айтбаев аудан жастарына кәсіпкерлікті дамыту мақсатында маңызды хабарландыруларды айтып өтті.
-Алдағы жылы жаңа инновациялық жобалар үшін бір адамға 6 млн теңгеден гранттар бөлінеді.
Үстіміздегі жылы 22 жас 505 мың теңгеден қайтарымсыз грант алып, сүтті зааен ешкісін алды. Бұл өте тиімді кәсіп. Алынған әр ешкі басына 40 мың теңгеден субсидия беріледі. Ешкі күніне 4-5 литрден сүт береді екен. Сүтінің бағасы бізде 400-500 теңге, ал Алматы қаласында 1400 теңгеден. Сондықтан жастар осындай тиімді кәсіппен айналысуға бет бұрса. Сонымен бірге құс шаруашылығымен, оның ішінде түйетауық өсірумен айналысуға шақырамыз. Себебі, біздің ауданда құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер өзі балапанын екі айлық етіп өсіріп береді және әрі қарай да оның күтімі жайлы тәжірибесімен бөлісіп, көмектесіп отырады. Түйетауықтың етіне сұраныс өте жоғары. Бағасы да қымбат. Сондықтан жастарды кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты жою мақсатында қарастырылған мүмкіндіктерді пайдаланып, осындай тиімді кәсіптерді пайдалануға шақырамын,- деді Руслан Ғабитұлы.
Кеңес отырысын аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытындылады. Аудан басшысы жұмыссыз жүрген жастарға кәсіптердің тиімділігін, жолын түсіндіріп, бағыт-бағдар беру қажеттігін, ауылда, өз ауласында отырып-ақ кәсіп ашып, әлеуметтік жағдайын көтеруге болатындығын, оған біздің ауданның ауа райы да жайлы екенін айта келіп, жастарды жігерлі, мақсатшыл болуға шақырды.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close