Qoǵam
Түлектер демеушілік жасады
Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында «Туған жер» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылындағы №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектепте «Мектебіме тағзым» атты акция 2017 жылдан бастау алған. «Туған елге тағзым ету -парызым, туған жерге қызмет ету – қарызым» дейтін жомарт жандар үшін игі бастама жалғасуда.
Аталған акцияның мақсаты – мектеп түлектерінің білім ордасының өміріне бей-жай қарамай, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, алғыс сезімдерін қалыптастыру, өскелең ұрпақты өз еліне, туған жеріне, білім алған мектебіне, сабақ берген ұстаздарына құрмет көрсетуге шақыру, оқушыларға өз мектептерін бітірген танымал түлектердің табысты өмір жолын үлгі ету болып отыр.
Ғасырға жуық тарихы бар №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектепті әр жылдары бітірген 20 түлек білім ұясынан қанат қаққан. Бүгінде олардың әрқайсысы өмірден өз жолын тапқан. Ойы зерек, талабы ерек бұл түлектер арасында бүгінде түрлі мамандықтың иесі табылады. Дәрігер, кәсіпкер, құрылысшы, журналист, полковник шеніндегі қызмет иелері бар. Сондай-ақ, ұстаздардың ұлағатынан да болар, олардың біразы мұғалімдік мамандықты таңдап ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді.
Мектеп түлектері туған мектепке деген ыстық лебіздерін құр сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеді. Атап айтқанда, Мажит Сабденалиев, Әуез Олжас, Бауыржан Тажіханов, Керімхан Каримов, Мұрат Мадыбеков, Даулет Жолтаев, Мақсат Бекболатов, Абзал Исматов және тағы басқалар мектеп тарихы мен төлқұжатын, мектептің әр тұсына ілінетін стенділерді жаңа форматта жасатып берді, сонымен қатар мектеп дәлізіне 40 метр перде тіктіріп, сыйға тартты.
Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттер болып мектепте өткізген уақыт оның жадында мәңгі қалатыны сөзсіз. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» десек, сол білім теңізінде шұғылалы сәуле шашып, нұр құятын – мектеп екеніне тағы бір куә осы болмақ!
Мектепті 1994 жылы бітіріп, өмірден өзінің орнын тауып, халық қалаулысы болып, еліне қызмет етіп жүрген кәсіпкер түлегіміздің бірі- Арман Жарылкасынов. Кәсіпкер 11 жыл бойы білім нəрін берген мектебіне қолдау білдіріп демеушілікпен «Рәміздер бұрышын» орнатып берді.
Бұл игі істер мектеп үшін де, оқушылар үшін де жақсы жетістік. Мектепті бітірген демеушілерміздің бірі «Адырна» ұлттық порталының директоры, журналист, ID докторант Арман Әубәкір өз сөзінде: «Біз осы мектептен түлеп ұштық. Артымыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға кішкентай да болса көмегіміз болсын деп осындай игі іс жасап отырмыз» деді.
Ұлы ақын Абай атамыз «Тек қана – сана, ғылым, ерік және ұят адамның мәртебесін көтереді» деген болатын. Өскелең ұрпаққа өнегелі жол көрсеткен сіздердің еңбектеріңізге, абыройлы істеріңізге толымды табыстар тілейміз.
Тәуелсіз елдің ұрпағы білімді де саналы болу үшін, бірлік пен ынтымақта демеушілік іс-шаралардың іске асырылып жатқаны көңіл қуантады. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында болғандықтан, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту біздің басты міндетіміз деп білетін игі жақсыларға, яғни түлектерімізге алғысымыз шексіз.
Гүлвира Әлиева,
№11 Т.Тастандиев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары