Qoǵam
Еңбекпен абыройға бөленген
«Ақ сөйле, адал күлетін бол,
Шындықты жақтап жүретін бол,
Сыйласудың сырын білетін бол!» деген жақсы тілек бар. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған жан осы тілектегі жоғары қасиеттердің барлығы бойынан табылатын қария.
Болатбек Байсейітұлын біраз жылдардан бері танимын. Қария шыншылдығы, тік мінездігі, адамгершілік қасиеті, кісіге деген шынайы жанашырлық қасиетімен, әзілқойлығымен айналасына сыйлы.
Еңбек ардагері Болатбек Есдәулетов 1941 жылы Орақ балға ауылында өмірге келген. 1959 жылы Бурный қазақ орта мектеп-интернатын бітіріп, Сталинград қаласындағы оқу орында өзенде жүзетін көліктердің кочегарь-дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алып, 1961 жылға дейін жоғары Волга-Дон пароходында жұмыс істеген.
1961-1964 жылдар аралығында әскер қатарында болды. Болатбек Байсейітұлы әскери борышын өтеген Мәскеу әскери округіндегі Кантимеровка танк дивизиясы жыл сайын қызыл алаңда өтетін шеруге қатысады екен. Ардагер осы сәттерді мақтанышпен еске алады.
1965 жылы туған жеріне оралып, аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып орналасқан. 1970-88 жылдары қылмысты іздестіру бөлімшесінде инспектор, аға инспектор болып қызмет атқарды. 1983 жылы С.М.Киров атындағы университеттің заң факультетін тәмамдады.
1988-89 жылдары кәмелетке толмаған балалар инспекциясының бастығы болып еңбек етті. Ал, 1989-2005 жылы көші-қон полициясында паспортист болып еңбек етіп, Қазақстанның төл құжатының ауданымызда рәсімделуіне үлкен үлес қосты.
-Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ел ішінде Қазақстанның төл құжаты рәсімделді. Яғни, совет үкіметі кезіндегі паспорттар ауыстырылды. Құжаттарды рәсімдеу бірнеше жылға ұласты. Осы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтардың аты-жөнін қазақшалау туралы Жарлығы шықты. Үлкен кісілердің көбінің аты-жөні бұрынғыша қалды. Ал, жаңадан туылған нәрестелердің аты-жөні таза қазақша, ов, овасыз жазылды.
Жалпы қай қызметте болмасын адамға үлкен жауапкершілік қасиет керек.
Ішкі істер бөлімінде қылмысты іздестіру бөлімшесі ең жауапты бөлім. Полиция бөлімінің рейтінгісін көтеретін қызмет. Бөлімде орын алған қылмыстарды ашу жолында аянбай еңбек еттік. Қылмыскерді іздеп жан-жақта айлап іссапармен жүрген кездеріміз де болды. Бұл қызмет адамның моральдық, физикалық жағынан мықты болуын талап етеді. Кез келген адам өз жұмысын жақсы көрсе, ерінбей еңбек етсе, абыройға да, жетістікке де жетеді. Менің ұстанымым осы. Жастарға да үнемі ерінбеу қажеттігін, мамандығын сүйе білу қажеттігін айтып отырамын,- дейді ардагер.
Болатбек Байсейітұлы көп жылғы жемісті де абыройлы еңбегі үшін І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Үздік милиция қызметкері» медальдарымен марапатталды. 1989 жылы «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты. Сонымен бірге Қазақстан полициясының 20, 25 жылдығына орай берілген медальдармен марапатталды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің, Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің, аудан әкімінің Алғысхатымен, естелік сыйлықтарымен марапатталған.
Болатбек Байсейітұлы бүгінде құдай қосқан қосағы Салима апай екеуі екі ұл, бір қызынан сегіз немере, бір шөбере сүйіп отыр. Үлкен ұлдары Марат Нұр-Сұлтан қаласында сот орындаушы болып қызмет етсе, Дастаны Павлодарда жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Қызы Гүлнар медбике болып еңбек етеді.
Ғұмыр бойы қоғамға араласып еңбек еткен ақсақал бүгінде де құр қарап отырған жоқ. Мыңбұлақ ауылдық округінде алқа билер кеңесінің төрағасы, ардагерлер кеңесінің белді мүшесі.
Яғни, ауылдық округте орын алған түрлі жағдайларға араласып, оң шешілуіне, жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып жүрген қазыналы қариялардың бірі.
-Жастардың тәрбиесіне қатты мән беруіміз керек. Қай қоғамда болмасын адамға мейірімділік, иман керек. Ұяты бар, иманы бар адам ешқашан жамандыққа бармайды. Сондықтан жастарға үлкендер әрдайым сөзімен емес, ісімен үлгі болуы керек,-дейді қария.
«Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, жанымызда жүрген игі жақсылардың жақсылығын асырып, мерейін тасытып жүрейік. Себебі, өмірді мәнді ететін адамдардың бір-біріне деген ықыласы, тілеулес, тілектес ниеті ғана.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»