Basty betQoǵam

Жаңа тәсілдері түсіндірілді

Бауыржан Момышұлы ауылы әкімшілігінің мәжіліс залында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев тұрғындармен жиын өткізді. Жиынға аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов, Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Затыбек Пашенов және көпбалалы аналар мен тұрғындар қатысты.

Кездесуді аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов ашып, сөз кезегін Сәкен Қаланұлына берді.
-Бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – атаулы әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау болып отыр. Бұл көмек өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдан бастап тағайындалып, облыс бойынша 2,5 млрд теңге қаражат бөлінген еді. Ал, 2019 жылы сәуір айынан бастап көпбалалы аналарға жәрдем ретінде 21,5 млрд теңге қарастырылды. Атаулы әлеуметтік көмек облыс бойынша 35 мың отбасына, яғни 129 мың адамға төленіп, әр отбасына жылына 1 немесе 1,5 млн теңгеден айналды. Яғни, бұл көмек алуы арқылы көп отбасылар өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсартып алды. Сонымен қатар, бұл жәрдемақы тұрғындарға кедейшілік шегінен шығуына ықпалын тигізді. Яғни, бұл атаулы әлеуметтік көмек тұрмыс жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға тағайындалуы тиіс еді. Алайда, кейбір тұрғындар өздерінің тұрмыс жағдайы жақсы бола тұра, түрлі құйтырқы іс-әрекеттерге барып, АӘК-ті алды. Бірақ, мемлекеттің әрбір теңгесінің сұрауы бар, бәрі зерделеніп, тексеріліп, сарапталып тұрады. Осы жағдайларды анықтап, атаулы әлеуметтік көмекті қажет етпейтін отбасылардан қайта қаражат өндіріліп, жұмыстар атқарылуда,- деді ол өз сөзінде.
Жиын барысында Сәкен Қаланұлы тұрғындарға 2020 жылдың 1 қаңтарынан тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдемелерін түсіндірді. Ол қазіргі уақытта заң жобасы әзірленіп, ондағы басты бағыт тұрғындарды еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болып табылатынын айтты. Сонымен қатар, көпбалалы аналарды қолдау, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілді әлеуметтік топтама ұсынылатын жаңа ұстанымдарда қамтылатынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, АӘК-тің жаңа тәсілдемелерінде, біріншіден, үкімет тарапынан тұрғындардың табысын есептемей, балалардың санына қарай мемлекеттік көмек көрсетіледі. Бұл төрт және одан да көп, 18 жасқа толмаған, жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін АЕК-ке еселенген мөлшерде белгілеу қарастырылған.
-Екіншіден, АӘК өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалады. Осыған байланысты, келесі негізгі өзгерістер енгізіледі. Бірінші, АӘК-тың тоқсан сайынғы тағайындау тәртібін қайтару және шартты, шартсыз көмекті үш айға тағайындау. Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленетін болады. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады. Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады. Төртіншіден, учаскелік комиссиялар жұмысын күшейту керектігі қарастырылады. Бұл дегеніміз Заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін АӘК мұқтаждығын анықтаудың өлшемшарттары, мұқтаж емес отбасыларға АӘК тағайындаудан бас тарту негіздері белгіленіп, тексеру жүргізу және қорытынды жасау мерзімдері үш күннен жеті күнге дейін бекітілетін болады. Сондай-ақ, учаскелік комиссиялар белгілі бір бекітілген жұмыс жүргізу тәртібімен, нақты ережемен жұмыс жасайтын болады,- дей келе, Сәкен Қаланұлы АӘК жаңа тәсіліндегі үшінші ұстанымына тоқталды.
Үшінші ұстанымда мемлекеттік атаулы көмек туралы Заң табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік топтаманы енгізумен кеңейтілетінін айтты. Яғни, кепілді әлеуметтік топтама балалардың ата-аналарының қолына берілмейді, ол қызмет түрінде көрсетілетін болады. Атап айтқанда, мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады. Ал, оқушы балалар үшін мектептерде тегін ыстық тамақты, күнделікті мектепке дейін және кері тегін жол жүруді, сондай-ақ мектеп киімі мен оқу құралдары мемлекет есебінен берілетін болады. Егер көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақыны ала отырып, табысы аз адамдар мәртебесінде қала беретін болса, ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес оған жаңа принциптерге құрылған, өзіне атаулы әлеуметтік көмек пен кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын болады екен.
Жиын барысында ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, көкейіндегі сауалдарын қойды. Қойылған сұрақтарға тиісті мамандар жауап беріп, көпшіліктің сұраныстарын қанағаттандырды.
Шараны аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов қорытындылап, тұрғындар арасынан көпбалалы, көпке үлгі, жанашыр бір азаматшаны сайлап, ауылдық учаскелік комиссияның құрамына енгізуді ұсынды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген
СӘБИТ КҮЗЕМБАЕВ
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close