Qoǵam

Наным-сенім

Әз болмай,
мәз болмайды

Халқымыздың тілдік қорына ертеден қалыптасқан әз сөзінің кері және тура мағынада қолданылатын екі түрі бар көрінеді. Бұл көп жағдайда сирек кездесетін сөз болғандықтан, ескі көз қариялар болмаса, оны бүгінгі таңда басқалар көп қолдана бермейді. Әбден көнеленіп кеткен «әз-әзіз» сөзі – ақиқатшыл, әділ деген ұғымды білдіреді екен.
Қазақ тарихында бұл атақ пен құрметке үш-ақ адам, олар – әз Тәуке хан, әз Жәнібек хан және әз Төле би ие болған. Халық ұғымы мен сенімі бойынша, «наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып, ерекше бір гуіл өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан, Шопан атаның пірі қолдаған қой малы мен осы қойды баққан қойшы ғана сезеді» дейді көнекөздер. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік пен жан-жануар, адамзат бойына ерекше бір серпіліс-сезім, құлшыныс-қуат бітеді. Мұны халық әз Наурыздың рахымы деп бағамдаған. Жер, көк, барша тіршілік әз Наурыздан дәрмен-қуат алады деп түсінген халық «әз болмай, мәз болмайды» деп қастер тұтар қағидалы сөзін қалдырған.

Қызыр (Қыдыр) ата

Шығыс халқының наным-сенімі бойынша Наурыздың 21-і түні байтақ та дарқан даланы Қызыр аралайды екен. Халықтың ұғымындағы Қызыр ата – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, аса таяқ ұстаған ақсақал. Күн нұрынан қуат алған Қызыр ата кең даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, тоңғақты жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.

Уыз бата

Ұлыстың ұлы күнінде жұрт жақсы киініп, ауыл аралап, бірін-бірі Жаңа жыл – Наурыз мейрамымен құттықтап, көрісетін болған. Мұндайда:
«Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын!
Төрт түлік ақты болсын» – деп игі тілек тілесіп, жақсылықта жүздескендеріне шүкіршілік жасайды. Жастарды жалқаулықтан, немқұрайдылық пен басбұзарлықтан арашалап алуда, олардың санасына кісілік, кішілік, адамгершілік қасиеттің рухын ұялатуда халқымыздың асыл мұраларының бірі бата-тілектің берері ұшан-теңіз. Ата-бабаларымыз «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ер көгереді», «Баталы жан арымас, батасыз адам жарымас», «Көп тілеуі көл» деген ой-пікірді уағыздап, болашақ ұрпағына бата беруді дәстүрге айналдырған.
Өркенің өссін, әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!
Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!
Көргенің қызық болсын!
Ғұмырың ұзын болсын! – деген баталардың қай-қайсысы болмасын, ешбір дәуірде ескірмейтін игі тілекті білдіреді.
Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға асығады. Өйткені, Наурызда алған батаның алар орны айрықша, өзіндік мәні ерекше. Мұндай батаны «Уыз бата» деп дәріптейді.

Әдептілік айы

Ертеде шығыс елдері наурызды «мұхаррам» деп атаған. Мұхаррам (тыйым) – араб тілінде «тыйым салынған» деген ұғымды білдіреді екен. Оның мәнісі: осы қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздік жасауға, ұрлық пен ғайбат сөз айтуға, басқа да жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек, мұсылман елінде наурыз әдептілік пен адамгершілік, пәктік пен адалдық сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, ұлықтайтын ұлы күн есебінде ерекшеленген.
Наурыздағы:
Қателік кешіріледі,
Көңіл кірі өшіріледі.
Жолсыздыққа тыйым болады,
Ақ тілек – сыйың болады.
Әр үйде береке болады,
Ойын-сауық мереке болады.
Наурыз күні таңертең ертемен тұрғандар қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан көпшілік бастаулардың көзін ашса, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» дескен қариялар бұлақ басына, арық жиегіне тал егеді. Ақ жаулықты аналар болса, жаңадан көтеріліп келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн –Ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті жер – Ана, құт дарып, жатсынбай жарылқа!» деп аршылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа отырғызылған ағаштарға ақ бүркеді.
Әдептілік айында осындай қайырымдылық жоралғылар жасампаздығымен жалғасын тауып өтеді.

Таңдаулы материалдар

Close