Basty bet

ҰБТ. Биыл тәртіп қатаңдатылды

Ұлттық бірыңғай тестілеу – Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі.
Әне-міне дегенше 2019-2020 оқу жылы да аяқталды. Жүректері лүпілдеген мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Мектеп түлектеріне арналған бұл сынақ елімізде биыл 17-ші рет өткізілгелі отыр.
Коронавирус індетіне байланысты енгізілген төтенше жағдай барлық салаға өз әсерін тигізді. Оның ішінде білім саласында да үлкен өзгерістер болды. Яғни, қашықтықтан оқу ұстазға да, оқушыға да, ата-анаға да түрлі әсер қалдырды.
Онсыз да көңілдері күпті мектеп бітірушілерді алдағы ҰБТ-ның қашан, қалай өтетіндігі жайлы түрлі сұрақтар мазалауда. Сондықтан «Ұлттық Тестілеу орталығының» Бауыржан Момышұлы ауылындағы филиалының басшысы Сәкен Үсіпбековпен сұхбаттасқан едік.

-Сәкен Келдібекұлы, 2020 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде қандай өзгерістер бар және қашан өтеді?
-Өткен жылдан бастап мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тестілеуі жылына 4 рет (оның ішінде маусым айындағы өтетін ҰБТ-дан басқалары ақылы негізде) өткізілуде. Ол туралы БАҚ беттерінде, телевидение мен әлеуметтік желілерде бірнеше рет құлақтандырылып, ережелері, өзгерістері туралы толыққанды ақпараттар берілді.
Биылғы қаңтар айындағы өткен ҰБТ туралы аудандық газетке жарияланды. Келесі ақылы негіздегі тестілеу өткізу 24-29 наурыз аралығында өткізілу керек болатын. Алайда, әлемдегі COVID-19 ауруының өршуіне байланысты елімізде карантин мерзімі жарияланып, бұл тестілеу кейінгі мерзімге шегерілді. Нақтырақ айтар болсақ, маусым айының басына белгіленіп отыр. Ал, мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысу үшін түлектерден 20 наурыз-10 мамыр аралығында өтініштері қабылданып, бұл ҰБТ Алла қаласа, жоспарға сәйкес 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізу көзделуде. Үстіміздегі жылы аудандағы мектеп бітіруші 719 түлектің 684-і өтініш берді, ол жалпы бітіруші түлектердің 95,1 пайызы.
Оқырманға түсінікті болу үшін гранттық ҰБТ деп айтайық, бұл тестілеу әдеттегідей аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның ғимаратындағы 10 аудиторияда өтеді. Барлық аудиторияларда бейнебақылау орнатылған. Тест өткізу үшін металліздегіштер және ұялы байланыстарын тұншықтырғыш құрылғылармен қамтамасыз етілген.
Қауіпсіздік шараларын жасай отыра, індеттің алдын алу мақсатында балаларды аудиторияға отырғызу 2 есе қысқартылды, яғни отырғызу арақашықтықтықтары кеңейтілді. Мысалы, 40 орындық аудиторияға 20 бала отырғызылады, 30 орындық аудиторияға 15 бала отырғызылады. Сөйтіп, алдыңғы жылдардағы 2 күндік ҰБТ биыл 4 күнге созылмақшы.
Биылғы жылдың жаңалығы мен өзгерістері сол, біріншісі: өтініштерді тұлғаның цифрлық идентификациясын «Digital ID» жүйесіне онлайн тіркелу арқылы жүргізу, яғни ҰБТ-ға онлайн өтініш беру болды. Өтініш берген 684 бітірушінің 447-і онлайн тіркелсе, 237-і дәстүрлі әдіспен тіркелді. Онлайн – тіркелудің оңтайландырылған түрі, яғни бала үйінде отырып интернеті бар ұялы телефонымен-ақ тіркеле береді.
Екіншісі: Ұлттық Бірыңғай тестілеудің мейлінше ашық, объективті таза өтуі мақсатында тестілеуге кіретін түлектен тыйым салынған заттар (ұялы байланыс құралдары (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad (Айпад), iPod (Айпод), iPhone (Айфон), SmartPhone (Смартфон), ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер), радио-электрондық байланыстың кез келген түрі (Wi-Fi (Вай-фай), Bluetooth (Блютуз), Dect (Дект), 3G (3 Джи), 4G (4 Джи), сымды және сымсыз құлаққаптар және басқалары, шпаргалкалар, оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттер, калькуляторлар мен түзету сұйықтығы) табылса, ол алынып қойып тапсырушы әрі қарай емтиханға кіре беретін. Биылдан бастап тестілеу ғимаратына кіргізу барысында тыйым салынған затпен анықталған түсуші сол тестілеуге жіберілмейді және ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады, ал тестілеу барысында анықталса, тестіленушінің нәтижесі жойылады, сонымен қатар, тестілеуге өз орнына «бөтен тұлғаны» кіргізуге талпынған түсушілерге ағымдағы жылы ҰБТ тапсыруға рұқсат етілмейді, сонымен қатар, ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбалары талданады, түсушінің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда оның ҰБТ мен білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады.
Тестілеу тапсыру қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бітірушінің өз қалауы бойынша жүргізіледі.
-Ағылшын тілі пәні бойынша қандай өзгерістер бар?
Ескерту: Тестілеуді «ағылшын» тілінде тапсыруды таңдаған түсушілер «Қазақстан тарихын» қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілінде тапсырады!
Шығармашылық мамандықтарды таңдағандар ҰБТ-да келесі пәндерді тапсыра алады:
– екі пән (оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы);
бес пән (оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және таңдауы бойынша екі пән).
Ескерту: шығармашылық мамандықты таңдаған және ҰБТ-ны бес пән бойынша тапсыратындар жауап парағының «Шығармашылық емтихан» б-секторын боямайды!
Тестілеу уақыты: 3 сағат 50 минут, жоғары балл: 140, шекті балл: 50
Негізі, қазіргі жағдайда індеттің белең алуына байланысты тестілеуге қатысты жоспарланған іс-шаралардың бағдарламалары мен мезгілдерінде ауытқушылық болулары ықтимал. Ондай жағдайлар орын алғандай болса, барлық мектеп бітірушілер мен ата-аналарға шұғыл түрде хабарланатын болады. Жалпы тестілеу туралы толық мағлұматты www.testcenter.kz сайтынан немесе «ҰТО» Б.Момышұлы ауылындағы орналасқан филиалдан білуге болады. Мекенжайы: №1 мектеп-гимназиясы, 2-қабат, 13-кабинет. Байланыс телефоны: 2-03-92.
-Әңгімеңізге рақмет! Мектеп бітірушілерге тек қана сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close