Qoǵam
Екінші компонентті қашан салдырған жөн?
Елімізде коронавирусқа қарсы екпе үстіміздегі жылдың ақпан айынан басталғаны белгілі. Бүгінгі таңда ауданда екпе алатын ересек тұрғындар саны 28 363 адам болса, оның 5410-ы, немесе 13,9 пайызы бірінші және екінші компонентті вакцина салдырды. Екпе отандық «QazCovid-in», ресейлік «Спутник V» және БАӘ-нде өндірілген «Hayat-Vax» вакциналарымен жүргізіліп жатқанын ескерсек, 4960 адам ресейлік «Спутник V», 50 адам отандық «QazCovid-in», 400 адам «Hayat-Vax» вакциналарын салдырған.
Әуелгі талап бойынша вакцинаның қос компоненті арасындағы уақыт аралығы 21 күнді құрайтын. Алайда, соңғы кезде вакцина салдырушылардың ұялы телефондарына бұл үзілістің 45 күнге ұзартылғаны туралы смс-хабарлама келе бастаған. Осы ретте тұрғындар арасында «бұл неліктен бұлай болды? Екі екпенің арасы неліктен ұзарды?» деген сауалдың туындауы заңды.
Аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы Эльмира Каипбаеваның мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 6 мамырдағы №20 қаулысына сәйкес коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау кестесіне өзгерістер енгізілді. Егер бұрын вакцинаның екінші дозасын біріншісінен 21 күн өткен соң салу жоспарланған болса, қазір аралық мерзімі үш айға дейін созылды.
– Талапқа сай екпе екі кезеңмен жүргізіледі. Екпе алушы 0,5 мл дозада бірінші компонентпен, содан кейін вакцинация күнін есептемегенде 45 күннен кейін 0,5 мл дозада екінші компонентпен егіледі. Бұл ретте кейбір жағдайларда егілушілердің өтінішінің негізінде 21 күннен 90 күн кезеңінде «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасымен екінші компонентпен вакцинациялау жүргізуге жол беріледі.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, вакцинаның тиімділігі, егер екінші вакцина 12 аптадан немесе одан кейін жасалса, оның тиімділігі 81,3 % құрайды.
Әлемде коронавирустық инфекцияларға қарсы жаппай вакциналау жүргізгеннен бастап, бұл тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде коронавирустық инфекцияларға қарсы басқа вакциналарға қатысты қолданылды.
Сонымен, коронавирустық инфекцияларға қарсы вакциналардың тиімділігін зерделеу бойынша алынған ғылыми зерттеу деректері және бүкіл әлемнің коронавирустық инфекцияларға қарсы вакциналау тәжірибесі екі дозалы вакцинаның алғашқы дозасы КВИ-мен ауруханаға жатқызу оқиғаларының төмендеуіне оң әсер ететіндігін растайды.
Сонымен бірге, екінші дозаны кейінірек 45 күннен 90 күнге дейін жүргізу иммундық қорғаныстың ұзақтығын қамтамасыз етеді.
Коронавирустық инфекцияларға қарсы вакциналар бойынша ғылыми зерттеулер жалғасуда, – дейді басқарманың бөлім басшысы Эльмира Каипбаева.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»