Qoǵam
ЖАТ АҒЫМДАРДЫҢ ЗАРДАБЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.
Жақында Жамбыл облысының әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-ның Жуалы ауданындағы инспекторы Рамазан Әбделиев Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, кереғар діни ағымдардан сақтану жолдарын түсіндіріп, дәстүрлі діннің ерекшеліктерін жеткізді.
«Теріс пиғылды жат ағымдардың зардабы», «Исламдағы Әбу Ханифа мәзһабының орны» тақырыбында өткен кездесуде инспектор бөлім қызметкерлерінің сұрақтарына кең көлемде жауап берді. Сондай-ақ, теріс пиғылды жат ағымдардың жетегінде кетпеу үшін олардан сақтанудың мүмкіндіктерін көңілге қонымды етіп жеткізе білді. Исламдағы Әбу Ханифа мәзһабының орнын жан-жақты талдап көрсетті. Ислам дініндегі кереғар діни ағымдардың сақтану жолдарымен бірге, сол ағымды ұстанушылардың мінез-құлқы, ұстанған қағидалары туралы және әскерге шақырылып жатқан жастарға жан-жақты түсініктемелер берді.
Жиналғандар арасынан дін маманына өздерін мазалап жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алғандар аз болған жоқ.
– Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдардың қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар жат пиғылды ұйымдардың өз жұмысын жүргізуде нақты қандай әрекеттерге баратындығынан бейхабар. Радикалды топтардың мақсаты – адамдарды діннен, қоғамнан алыстату. Олардың осы пиғылына қарсы тұру үшін жастарымыз өздерін мазалаған мәселе бойынша мешіттегі имамдардан үнемі кеңес алып және ниет еткен бес парызға бекем болуға қалыптасуы керек-ақ.
Сіздер бөлімге келген кез келген шақырушымен, басқа да мемлекеттік мекемелермен байланысты қамтамасыз етесіздер. Соның барысында бірнеше адамдармен қарым-қатынасқа түсесіздер. Әркімнің психологиясы әртүрлі, әр үйдің әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Қазіргі таңда тек Қазақстанда ғана емес, әлемде ең өзекті мәселе болып тұрған кереғар діни ағымдар. Кері ағымдағылар кімдер? Олар – дәстүрлі емес, дағуат айтып, шапан киіп жүретін таблиғтар, сонымен қатар қысқа балақ, сақал өсірген салафилар бар. Міне, солар жөнінде жалпы түсіндірме жұмыстарын жүргізу – біздің мақсатымыз, – деп айтып өтті инспектор.
Марлен ТОҚСЕЙІТ,
Жуалы ауданының
қорғаныс істері
жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары, майор