Qoǵam
Қадірлесек, тілімізді қадірлейік
Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп, қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды.
Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзінің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады.
Тіл – халықтың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра.
Ана тілінің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.
Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” деген.
Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.
Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез келді. Бүгінде кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуімізде қатерлі дерт болып табылады. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік» деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлар әр азамат ана тілінің болашағын да қолынан келген көмегін аямауы тиіс.
Өкінішке орай, соңғы кезде көптеп қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.
Қалан КЕРІМБАЙҰЛЫ,
Жамбыл ауданаралық әділет басқармасының инспекторы.
Қазақстан Заңгерлер
одағының мүшесі