Qoǵam

Мемлекеттің қолдауымен қанаттанған

Ауданда мемлекеттің қаржылай қолдауына сүйеніп, кәсібін бастап, одан несібесін айырып жүрген кәсіпкерлер аз емес. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының әсіресе, ауылдағы ағайынға көрсетер көмегі көп-ақ. Қордан қомақты қаражат алып, қорасын малға толтырып, үйіне кірер табыс пен берекені арттырған кәсіпкердің бірі – Жетітөбе ауылдық округіндегі Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Әшірхан Исақов.

– Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінен кәсібін бастаймын деген азаматтарға несиемен қолдау көрсететін қордың бар екенін білгеннен кейін 2017 жылдың күз айында кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы жанындағы «Бастау-Бизнес» қысқа мерзімді оқу курсында оқыдым, – деп бастады әңгімесін Әшірхан. – Тәжірибелі бизнес- жаттықтырушы Жазира Тоқабаевадан дәріс алып, кәсіпті жүргізу негіздерін оқып үйрендім. Мұнда оқып жүргенде жаттықтырушыммен бірге бизнес-жоспар дайындап, оны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының өкілдеріне ұсындым.
Әшірханның дайындаған жобасын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының облыстық филиалы қарап шығып, «несиелендіру талаптарына сай» деген шешім қабылдайды. Осылайша, 2018 жылдың наурыз айында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен аталған қордан алғашқы 2 миллион 600 мың теңге несие қаражатына қол жеткізеді. Бұл несиенің 2,1 миллион теңгесіне кәсіпкер тоғыз бас сауын сиыр, ал қалған 500 мың теңгесіне жем-шөп сатып алып, кәсібін бастайды. Несиені өтеуде берілетін бір жыл демалыс кәсіпкер-шаруаның алаңсыз аяғына тұрып, қор жинап алуына жақсы мүмкіндік жасайды. Қазір ол бағымындағы сауын сиырлардың күтімін келістіріп, сауылған сүтті тиімді бағамен сүт жинаушыларға өткізуде. Оған қоса, сиырлардан екі жылда алған төлдер де пайдасына қалып, жақсы жетіліп келеді. Алда бірер жылда өнім беруге жарап қалады.
– Биыл осы қордан «Бизнес-өңір» бағдарламасы бойынша тағы 5,0 миллион теңге несие алдым. Оның 4,2 миллион теңгесіне 12 бас бие сатып алып, қалған 800 мың теңгесін жем-шөпке жұмсадым. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі алты пайыз, бір жыл демалысы бар, – дейді кәсіпкер жігіт.
Әшірханның қосалқы шаруашылығында малды күтіп-баптауға қажетті жағдайдың бәрі бар: 12х25 метрлік қоражай, шөпхана. Ауыл сыртында егістік, шабындық жерлері бар. Сиырларды ауылдың табынына қосып отыр. Кешке табыннан келгеннен кейін, қосымша азық беріп, өнімін арттырып отырған жайы бар. Желіде биелер байланып, олардан да қымыз өндіріліп, отбасының табысын еселеп отыр.
Кәсіпкердің кәсібін жолға қоюға қол ұшын берген «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорына алғысы шексіз.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»
А_________________

Таңдаулы материалдар

Close