Qoǵam
Жіті ішек жұқпасының алдын алу
Су тасқыны – судың өз деңгейінен көтерілген кезде біршама жердің су астында қалуынан пайда болады. Төтенше ауа райының, соның ішінде су тасқыны мен басқа да табиғи құбылыстар, бұл тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау қабілетіне қауіп төндіреді және мұндай жағдайларда халықтың көп бөлігі үшін қауіпсіз ауыз су мен санитария қолжетімді болмауы мүмкін және бұл адам денсаулығы мен қоршаған ортаның нашарлауына әкеп соқтырады. Су тасқыны кезінде тұрғылықты және шаруашылық нысандарына ғана қауіп төндіріп қоймай, тұрғындардың арасында жұқпалы ішек ауруларының таралуына да әкелуі мүмкін. Себебі, лас суда жұқпалы аурулардың қоздырғышы болады. Осы кезде су арқылы берілетін жіті ішек жұқпаларының өршуі мүмкін, еріген су орталықтандырылмаған ашық су көздеріне құйылып, ауыз су ішуге жарамсыз болады.
Су тасқыны кезінде жіті ішек жұқпасын алдын алу үшін қарапайым, бірақ тиімді ережелерді сақтау қажет, атап айтқанда:
– қайнаған су немесе дүкеннен арнайы бөтелкеге құйылған суды ішу;
– жеке бас гигиенасын қатаң сақтау (дәретханадан келгеннен кейін, жануарларды қолмен ұстағаннан кейін, ас дайындамас бұрын, ас қабылдау алдында қолды сабынмен мұқият жуу);
– ластанған сумен жанасқан жеміс-жидектерді сумен мұқият жуып, термиялық өңдеуден өткізіп барып пайдалану;
– еріген суды ауыз су ретінде ішуге, ас дайындауға, ыдыс-аяқтарды, ойыншықтарды жууға қолданбау;
– тұрғын үйлердің аумағын тазалау және тасқыннан кейін табылған кеміргіштердің өлекселерін тек қолғаппен жинау;
– ауладағы құдықтарды лас судан сору арқылы тазалау;
– су тасқыны кезінде ауладағы дәретхананың 35 см дейін лас суға толуына жол бермеу;
– жіті ішек жұқпасының клиникалық белгілері (дене қызуының жоғарлауы, құсу, сұйық нәжістің болуы және т.б.) анықталса, дереу медициналық көмекке жүгіну.
Ішек жұқпалы ауруын алдын алу үшін ауылдық жерлерде құдықтан жиырма метрден жақын радиуста кір жууға, машина және әртүрлі заттарды жууға, жануарларды суаруға жол берілмейді. Құдыққа бес метр аралығында жақын маңдағы аумақ қоршалынады. Құдықтан су алу үшін арнайы шелектер, сорғылар пайдаланылады. Сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғау аймағында зираттарды, мал өлексесін көметін орындарды, мал шаруашылығы және құс өсіретін шаруашылық субъектілері және жерасты суларының микробтық, химиялық ластану қаупіне себепші болатын басқа да объектілерді орналастыруға жол берiлмейдi. Сумен жабдықтау объектілерінде ауыз су сапасына өндірістік бақылау жүргізіледі. Жұқпалы ауруды жұқтырып алмау үшін жеке гигиенаны сақтау қажет.
Кәмшат Отар,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының санитариялық-эпидемиологиялық
қадағалау бөлімінің жетекші маманы