Qoǵam
БАСТЫ БАҒДАР – БІЛІМДІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көптен күткен түрлі түйткілді мәселелердің шешімдері айтылды. Мәселен, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, білім саласын жетілдіру, мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін өсіру, мәдениет саласын өркендету, әуе және темір жол билеттерінің қолдан жасалған тапшылығы мен қымбаттығын жою және т.т. мәселелер көтерілді. Аталған өзекті әлеуметтік-экономикалық жағдайлар Мемлекет басшысының соңғы Жолдауларынан тыс қалған емес.
Еліміз үшін маңызды құжатты халық арасында қызу талқылану үстінде. Соның бірі ретінде Жолдауда айтылған тапсырмалар мен міндеттерді орындауда білім ошақтары маңызды орын алуда. Осы орайда Билікөл ауылдық округінің орталығы – Қарабастау ауылындағы №3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектептің директоры Динара Молдабаевамен сұхбаттасқан едік.
– Динара Лесбекқызы, Мемлекет басшысының Жолдауымен таныстыңызба? Ондағы өзгерістерге, тапсырмаларға деген пікіріңіз қандай? Жалпы мектеп ұжымы Жолдауды қалай қабылдады?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа алғашқы Жолдауын ұсынды. Жолдауды 2 қыркүйек күні отандық телеарналардан тікелей эфирден ұжым болып тамашаладық. Иә, мұнда көптеген мәселелер көтерілді. Әсіресе, біздің саламызға, яғни білім саласына деген көзқарасы ерекше болды. Оған, әрине, біз қуандық. Сонымен қатар Жолдауда қоғамдағы саяси мәселелер айтылып, оны шешу жолында бағыт-бағдар айқындалды.
Әлеуметтік жаңғырудың жаңа негізі білім беру сапасын жақсартумен тығыз байланысты. Осы мақсатта оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беруге көшу қажеттілігі заманның талабы екендігі айтылды. Осы тұста айта өтетін жағдай, жоғары оқу орнына түсе алмай, ортада қалған жастың болашағы, өмір сүруге бейімдеуді, техника саласы мамандарына сұраныстың көптігі, жастарымыздың мамандық таңдауда экономикамызды өркендеуіне керек мамандықтарды таңдауды ұсынды.
Ауылдық мектептерде педагогикалық кадрлардың тапшылығы, жастарымыздың қалалық жерлерде тұрақтап қалуы, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты кеңейте түсуде. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясында жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруды айтқаны қуантты. Біз сияқты аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендер мамандарға зәру. Осы бағдарлама аясында оның да шешімі табылуда. Сондай-ақ, мұғалімдердің жалақысын өсіру – олардың еңбегінің бағалағандығы. Әрбір мұғалім баланың болашағы үшін алаңдап, мектептің өміріне белсене араласып, өз уақытын аямайтындығы белгілі. Сол еңбектің жемісі, тәрбиелі шәкірт пен жетістікке жеткен оқушымен дәлелденеді.
Біз Президентімізді қолдап, алдағы уақытта нақты жұмыстар жасауға міндеттеме алдық. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай отыра, ата-дәстүрімізді сыйлауға, туған жер тарихын зерттеп білуге бағытталған жұмыстар жалғасын табады деп ойлаймын.
– Әр мектептің өзіндік шығу тарихы бар. Осы ретте Сіз басқарып отырған білім шаңырағының тарихына үңілсек.
-Мектеп тарихына үңілер болсақ, 1930 жылы 4 жылдық бастауыш мектебі негізінде құрылып, 1936 оқу жылында 7 жылдық болып қайта жұмысын бастап, 1950 жылы орта мектеп атауына ие болған аудандағы жасы үлкен мектептер қатарына қосылады. 1971 жылы Билікөл орта мектебіне Әулиеата уезінде коллективтендіру науқанының белсенді мүшелерінің бірі ҚарымбайҚошмамбетовтің есімі берілді. 1995-1996 жыл аралығында мектепке Асқар Әлімбетов, 1995-2015 жылдар аралығында Шымырбай Жүнісов басшылық еткен болатын.
Орта мектеп бүгінгі күнге дейін 68-ші түлекті алтын ұясынан ұшырды. Мектеп түлектерінің ішінде 21 адам ғылыми диссертация қорғаса, екеуі ғылым докторы, екеуі армия генералы, Қазақстанның Еңбек Ері, прокуратура саласының генералы бар. Билікөл орта мектебінің алғашқы директоры Ғаббас Исаев болды. Білім ошағынан елімізге танымал Аягүл Төреқызы, Ғабит Миразов, ҚР «Ерлігі үшін» медалінің тұңғыш иегері Оспанғазы Жанқожаев түлеп ұшқан.
-Өткен 2018-2019 оқу жылында қандай көрсеткіштерге ие болдыңыздар?
– Мектепте 30 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде төрт – жоғарғы, он – бірінші, жеті – екінші санатты мұғалімдер болса, тоғыз санаты жоқ ұстаздар еңбек етеді. Мектеп қабырғасында 1-11 сынып оқушылары аралығында 200-ден астам оқушы білім алады.
Өткен оқу жылында 13 оқушы бітіріп шығып, 12 бала Ұлттық бірыңғай тестіге қатысып, 80,1 пайыз білім сапасын көрсетті. Олардың барлығы бүгінде жоғарғы оқу орнында білім алуда. Дильнура Мейірхан, Жансая Үсен, Нүрилә Тәуелбекова, Балжан Нұрғалы, Нүркелді Әбдір жоғары балл иеленіп, Алматы, Тараз қалаларындағы жоғары оқу орнының грантына ие болды. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасымен Қарағанды, Астана қалаларында білімін жалғастырып жатқан түлектеріміз де баршылық.
Сонымен қатар, ұстаздар мен оқушылар халықаралық, республикалық, аймақтық, аудандық деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жеңімпазы мен жүлдегері атануда.
Бір айта кетерлігі, мектеп түлектерінің туған ауылына, алтын ұя мектебіне деген сағынышы, ұстаздарына деген құрметі соңғы қоңырау мерекесінде көрініс табады. 20, 30, 40, 50 жыл бұрын бітірген түлектер мектептен қол үзбей келіп тұрады. Осы бір жақсы үрдістің қалыптасуы алдыңғы буын аға ұстаздарымыздың еңбегі деп білемін. Оқушыларына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді тамаша бере білген. Өмірден озса да, артында із қалдырған Слямханов Сайлаухан, Сыдықов Алдамжар, Айжанов Мамыт, Лұқманов Рахметолла сияқты ұстаздарымыздың есімін шәкірттері зор құрметпен еске алады.
Ұстаздың шәкірттен озып, туған жері мен мектебіне тағзым етіп, бүгінгі оқушыларға үлгі боларлық жасаған істері адамды ерекше сүйсіндіреді. Әрбір ұстаз сондай құрметке лайықты.
– Жақсы көрсеткішке ие болу үшін алға қойған айқын мақсат пен міндет керек. Осы жөнінде кеңінен әңгімелеп берсеңіз.
-Иә, дұрыс айтасыз. Біз ең алдымен бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуді көздейміз. Бұл тұрғыдан біздің басты мақсатымыз – халықаралық тәжірибелерді, қазіргі заманғы технологияларды қолдану арқылы және жалпыға бірдей мүмкіндіктерді ескере отырып, ұлттық білім беру жүйесін ақпараттандыру арқылы білім алушыларды ғылыми ізденіске баулу, белсенді шығармашылыққа бейімделген білім беру ортасын құруға ықпал ету. Сонымен қатар мынандай бірнеше міндетті алға қойып отырмыз: Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, білім алушылардың білім сапасын 70% жеткізу. Орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында деңгейлік Бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курсынан оқып сертификатталған педагог кадрлардың ынтымақтастығын, деңгейлік бағдарлама бойынша курстан өтпеген мұғалімдерді үдеріске тартуды қамтамасыз ету үшін кәсіби, желілік қоғамдастық жұмысын жетілдіру, мектепте жаңартылған білім беру мазмұны бойынша көшбасшылық іс-әрекетті қалыптастыру. Орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде мұғалімдердің біліктілігін арттырудың қысқа мерзімді курстарына, оның ішінде онлайн және қашықтықтан оқыту курстарына қатыстыру.
Қазіргі таңда Қазақстанның мектептік білім беруі жаңа бастау алу сатысында. Яғни, білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңіне қадам басты. 2017-2018 оқу жылында мектебімізде 1,2,5,7 сыныптары жаңартылған білім мазмұныны аясында оқытылса, 2018-2019 оқу жылында 3,6,8 сыныптары жаңартылған білім мазмұны аясында оқытылды. Оқу үдерісі білім мазмұны жаңартылған бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты және «Мәңгілік Ел» құндылықтарына бағдарланды.
Жалпы бүгінгі күні білім саласы бойынша барлығымыздың алдымызға қойылған міндет біреу. Ол – сапалы білім беру, білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару. Оның негізігі көрсеткіші ҰБТ нәтижесі болып табылады. Мектебімізде ҰБТ-ға сапалы дайындық ұйымдастыру үшін жыл басында арнайы жоспар құрылып, өткізілетін іс-шаралар белгіленді.
– Динара Лесбекқызы осы ретте алдағы жұмыс жоспарларымен де бөлісе отырсаңыз.
-Алға қойған мақсатымызды негізге ала отырып, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде еңбек ете береміз. Балалардың уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында мектепте бірнеше үйірмелер жұмыс жасайды. Соның бірі бірнеше жыл бұрын ашылған «Домбыра» үйірмесі. Оны жас маман Қанағат Күмісбекқызы жүргізеді. Биылғы жылы да оның жұмыстарын жалғастырып, балаларды өнерге баулуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ білім ошағының ең басты мәселесі спорт залдың жоқтығы болатын. Сол проблемамыз биыл шешімін тауып, спорт залдың құрылысына облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, бүгінгі күні нысан аяқталуға таяу. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «Тараз Инвест» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізуде. Мамыр айында басталған нысанды қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Міне, осы көптен күткен қуанышымыз орындалса, балаларды спортқа баулуды да ойластырудамыз. Яғни, бұл елді мекеннен палуандар көп шықса керек. Алдағы уақытта біз спорттың күрес түрін дамытсақ дейміз.
-Әңгімеңізге рақмет! Алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін. Биылғы оқу жылы толағай табыстарға толы болсын.
Сұхбатты жүргізген
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»