Ұлттық бірыңғай тестілеу – Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі. Алда Алла қаласа, екі айдан соң тағы да бір оқу жылы аяқталып, жүректері лүпілдеген мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Мектеп түлектеріне арналған бұл сынақ елімізде биыл 16-шы рет өткізілгелі отыр. Жыл сайын жаңа бір өзгерісті күтетін түлектерге ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы бар. Ол қандай өзгерістер? Осы сұраққа нақты жауап алу үшін Ұлттық тестілеу орталығының Бауыржан Момышұлы ауылындағы филиалының басшысы Сәкен Үсіпбековпен сұхбаттасқан едік.
-Сәкен Келдібекұлы, 2019 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде қандай өзгерістер бар?
-Негізі формат өзгеріссіз.
Тестілеудің пәндері: үш міндетті пәндер – Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы. Сонымен бірге екі бейіндік пән (таңдау бойынша).
Барлығы 120 сұрақ. Тестілеуді өткізу 3 сағат 50 минутты құрайды. Максималды балл 140 (салалық пәндер бойынша бірнеше дұрыс жауаптар есебінен).
Шекті балдар:
Ұлттық жоғары оқу орындарына – 65 балл; «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» білім беру саласы бойынша кемінде – 65 балл; «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл. Оның ішінде әр пәннен кемінде 5 балл алуы қажет.
Енді биылғы жылы енгізілген өзгерістерге келсек, биылғы жылдан бастап ЖОО-на ақылы негізде түсу үшін жылына төрт рет: қаңтар, наурыз, маусым, шілде және тамыз айларында өткізіледі. Грант конкурсына түсу үшін тек маусым айында тапсырған ҰБТ сертификатымен ғана түсе алады. Мұндағы мақсат – мектеп бітірушілердің бағын сынауға мүмкіндік жасау. Яғни, төрт рет өтетін сынақтың бір-біріне қатысы жоқ. Мәселен, егер мектеп бітіруші қаңтар айында 70 балл жинап, наурызда 40 балл жинап қалса, 70 балы сақталып қала береді. Мектеп бітірушінің әрі қарай маусым айында грантқа түсу үшін өтетін ҰБТ-ға да қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл – бір жағынан баланың өз-өзіне психологиялық тұрғыдан дайындық жасауына да және өз білім деңгейін қайталап сынап көруге үлкен мүмкіндік. Демек, бітіруші маусымда тест тапсырғанда шекті балдан төмен балл алып қалса, алдында тест тапсырып алған сертификаттарымен ЖОО-на түсуге мүмкіндігі бар. Ал, маусым айында ҰБТ-дан шекті балл жинай алмай қалған түлектер тамыз айында кешенді тест тапсыруға да тағы да мүмкіндігі бар.
Қаңтар айының 15-20 аралығында өткен тестілеуге біздің ауданнан 73 мектеп бітіруші қатысып, тиісінше сертификаттарын алды. Шекті балдан жоғары балл жинағандар шартты түрде ЖОО-ның студенттері деуге болады. Олардың ішінде ең жоғары балл – 95, ең төменгі 24 балды көрсетті. Ал, наурыз айының 24-29 аралығында өтетін тестілеуге жалпы аудан бойынша 746 мектеп бітірушінің 451-і өтініш білдіріп отыр. Бұл тестілеу Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің рұқсатымен ауданымызда №1 мектеп-гимназияның базасында өтеді деп жоспарлануда.
-Ағылшын тілі пәні бойынша қандай өзгерістер бар?
-Шет тілін меңгерудің жалпы еуропалық құзіретіне сәйкес шет тілін (ағылшын) меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттары бар оқушылар қалауы бойынша «Шет тілі» (ағылшын) бейіндік пәнін немесе арнайы пән бойынша тестілеу тапсырудан босатылады. Яғни, оқушылар TOEFL ITP (кемінде 310 балл), TOEFL IBT шекті балл 79-дан кем емес), TOEFL (шекті балл 567 балдан кем емес), IELTS (шекті балл 6.0 балдан кем емес) сертификаттарын құжаттарымен бірге тапсыру керек.
Аудан бойынша әзірге бір ғана оқушыда арнайы сертификат бар. Ол – №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Абзәділ Айгерім Орынбасарқызы. Бұл тестті қалай, қашан тапсырады? Бұл тестті онлайн-режімде немесе Астанада Назарбаев университеттінде тапсыруға болады.
-Мамандық таңдау – маңызды мәселе. Бұл сұрақ тақырыбымыздан тыс. Дегенмен, мектеп бітірушілер мамандық таңдауда көп қателесіп жатады. Яғни, балы жеткен оқуға түсіп, бітіріп, дипломын қолына алған соң, ол мамандық бойынша жұмыс істегісі келмейді. Осы тұрғыда жас түлектерге не айтар едіңіз?
– Әрине, мамандық таңдауда адам қателеспеуі керек. Ол үшін ата-ана, мұғалімдер балаға қарым-қабілетіне қарай дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Ең бірінші, қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтарға, соған байланысты қай мамандыққа грант көп бөлінеді, осы мәселелерге үлкен мән беру керек. Себебі, оқу орнын бітіріп, жұмыссыз жүрсе, ол үлкен проблема.
Жалпы, мамандықты өзінің ішкі қызығушылығымен таңдаған дұрыс. Өз мамандығына деген шынайы қызығушылығы, бейімі бар, білімді маманнан үлкен нәтиже күтуге болады. Сол себептен бұл мәселеге немқұрайды қарауға болмайды.
ҰБТ туралы басқа да сұрақтар туындап жатса, аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда орналасқан Ұлттық тест орталығы немесе 2-03-92 телефонына хабарласуларына болады.
-Әңгімеңізге рақмет! Мектеп бітірушілерге тек қана сәттілік тілейміз!
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»