Basty bet
Ұйымға мүше болу – үлкен мүмкіндік
Кез келген мемлекеттік мекеме болсын, іргелі кәсіпорындар мен үлкен өндіріс орындары болсын ондағы жұмысшылар мен ұжым мүшелерінің мүддесін қорғайтын және оларды қолдайтын ұйым болады. Ол кәсіподақ деп аталады. Бірақ, кәсіподақ ұйымы деген атауды естігенімізбен, оның жұмысы жайлы толықтай біле бермейміз. Білсек те, назар аудара бермейтініміз рас. Кәсіподақ санаторий мен емдеу сауықтыру орындарына жолдама берумен ғана шектелмейді. Оның жұмысшыларға берер қолдауы өте үлкен.
Жалпы әлемдік тарихқа көз салсақ, Халықаралық еңбек конфедерациясы 200 жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келеді. Қазақстан 1993 жылы «Кәсіподақ туралы» арнайы заң қабылдады. Оған кейіннен толықтырулар мен өзгерістер енгізілуде. Кәсіподақтың жарғылық міндеттері де бар.
Кәсіподақ – жұмысшылардың мүдделері мен құқығын қорғайтын ұйым болып саналады. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымы жұмыс берушіге жұмысшылардың мүддесін қорғау және қолдау үшін өз ұсыныстарын өткізіп отырады және оның заңдылық негізде жүзеге асуына атсалысады.
Еңбек адамдарының құқығын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар біздің ауданымызда да жүйелі жолға қойылған. Қарапайым жұмысшының құқығын қорғау үшін құрылған кәсіподақ ұйымының бірі – “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалына қарасты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының кәсіподақ ұйымы.
Ұйым мүшелерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайында кәсіподақ ұйымының төрайымы Несіпкүл Тұрапбаева айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі күні ауданда барлығы 23 мәдени ошақ болса, онда жұмыс жасайтын қызметкерлердің саны 188 адам құрап отыр. Олардың барлығы дерлік кәсіподақ ұйымына мүше.
Осы тұста айта кететін болсақ, мәдениет қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оның жастарды патриоттық, ынтымақтастық сезімде тәрбиелеп, халқымыздың салты мен дәстүрін олардың бойына сіңіруге қосып келе жатқан үлестері үлкен екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
Ал, осы саладағы тынымсыз еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, мекемедегі еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда және кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар рөлі зор.
Кәсіподақ ұйымы жетекшісінің сөзінен ұққанымыз, сауықтыру демалыс орындарына, шипажайларға жолдама беру мекеме қызметкерлерінің санына байланысты. Атап айтар болсақ, 50 адамға дейін бір жолдама, 100 адамға дейін екі жолдама беріледі. Ал, мәдениет орталығынан жылына сауықтыру демалыс орындарына, шипажайларға бес адам жолдама алады. Оның 50 %-ын кәсіподақ ұйымы төлесе, қалғанын демалушының өзі төлейді.
Сонымен қатар, мекемедегі жұмыс өтіліне қарай қызметкерлерді салалық кәсіподақ ұйымының Алғысхаттарымен марапаттап отыру дәстүрге айналған. Бұл қызметкерлердің жұмысын зор ықыласпен атқаруына оң әсер ететіні белгілі. Сондай-ақ, зейнет жасына жеткен қызметкерлер де ұйымның назарынан тыс қалған емес.
-Мәдениет қызметкерлерінің мұң-мұқтажын, заңды мүдделерін және мекемедегі еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған тиісті қолдау көрсетуде кәсіподақ ұйымының ықпалы өте зор. Сондықтан да қызметкерлердің кәсіподаққа деген сенімін арттыру – негізгі міндетіміз,- дейді ұйым төрайымы Несіпкүл Тұрапбаева.
Барлық күш-жігерін сахна өміріне арнап, болашақ ұрпақты тәрбиеге баулып жүрген мәдениет еңбеккерлерінің жұмыспен қамтылуға, жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, тағы да басқа туындайтын мәселелерді шешуде кәсіподақ ұйымы елеулі рөл атқаруда. Еңбеккерлердің алаңсыз қызмет етуіне ықпал етіп отырған ұйым бүгінде материалдық көмекке өтініш білдірген қызметкерлерге бір айлық көлемінде жәрдем беруді де қарастырып, жолға қойған.
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»