Basty bet
Туған жерді қастерлеп, Отанды сүю – асыл парыз!
Туған жер – әрбір адам үшін ең қастерлі құндылық болып саналады. Ол – біздің кіндік қанымыз тамған, балғын балалық шағымыздың ең қызықты балдәурен кезеңі өткен киелі жер. Алғаш тәй-тәй басып, қимас достар тапқан киелі мекеніміз де дәл осы. Туған жердің әрбір тасы, әрбір ағашы біз үшін қымбат. Кез келген адам есейіп, арман қуып алыс жерлерге сапарлап барса да, артында қалған туған жерін ешуақытта есінен шығармайды және туған жері үшін жанын беруге дайын. Өйткені, туған жер – біз үшін жай мекен ғана емес, ол – біздің өткеніміз бен болашағымыз!
Менің туған жерім – Жамбыл облысының батысында орналасқан Жуалы ауданы. Жуалы жері кең-байтақ даласымен, көк аспанға қол созған асқар тауларымен және саф таза ауасымен ерекшеленеді. Әлемде Жуалыдай туған жерімнің табиғатына жетер жер жоқ деп есептеймін. Жуалы жерінің кең көсіліп жатқан жазирадай жасыл жайлаулары, мөп-мөлдір өзен-көлдері көзге оттай басылады. Осындай әсем табиғаттың аясында өсіп-өніп, балғын балалық шақты өткізу – әрбір адам үшін қымбат және естен кетпейтін сезім.
Туған жерім – Жуалы өңірінің төрт мезгіліне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Көктемі – жап-жасыл, жер жаңарып, айналаны әсем гүлдер көмкеріп, табиғат қайта оянып, Жер-Ана жанданғандай болады. Жазда дала гүлденіп, жер жайқалып, тіршілік қызып, мал-жанымыз көбейеді, самал жел соғып, жазы салқын өтеді. Күзде табиғат алтын түске боялады. Егін, басқа да бау-бақша өнімдерін жинап жатқан өңір шаруаларының қызу тіршілігі, ағаштан түскен жапырақтары айналаға ерекше көрініс береді. Ал қыста айналаны аппақ қар жамылғысы көмкеріп, қатты аяз, суық түсіп, жауған қалың қар ертегідегідей әсер сыйлайды.
Туған жерім Жуалы ауданының табиғаты көркем ғана емес, халқының да болмысы ерекше. Олар өте қонақжай, жүздерінен мейірім төгіліп тұрады. Туған жердің басты байлығы – оның тұрғындары. Қасиетті өңірдің тұрғындары қандай қиындық болса да, жұдырықтай жұмылып, бір-біріне қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысады. Бір-біріне деген сыйластығы мен адамгершілігі ерекше сезіліп тұрады десем, артық айтқаным емес. Міне, осындай өмірге құштар ерекше жандар – туған жердің нағыз тірегі.
Менің туған жерімнің тарихы мен мәдениеті де бай. Жуалының тағылымды тарихы да тереңде жатыр. Бұл – талай дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген жұлдызы биік өлке. Жуалы ауданының аты аталса, ең алдымен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі еске түсіп, Батырдың бірегей асқақ тұлғасы бірден ойға оралады. Бауыржан – бабалардың ерлік істерін жалғастырушы ержүрек батыр, даңқты қолбасшы. Ұлы Отан соғысындағы ерліктерінің арқасында есімі әлем елдеріне кең тарап, халық жүрегінен орын алып, ыстық ықыласқа бөленген бірегей тұлға. Ол батыр ғана емес, сонымен қатар, терең ойлы жазушы. Оның халық жадында нақыл сөздері мен көптеген еңбегі сақталған. Осынау киелі өңірден шыққан тағы бір танымал тұлға – Халық жазушысы, кесек суреткер, қоғам қайраткері, ұлт ардақтысы Шерхан Мұртаза. Шераға қазақ әдебиетіне мол олжа салған ерекше тұлға. Жуалы топырағында үлкен спорт саласында да асқаралы асуларды бағындырған мықты спортшылар мен есілі елге белгілі бірегей азаматтар да дүниеге келген.
Сөзімді қорытындылай келе, туған жер – өміріміздің ажырамас бір бөлігі екенін айтқым келеді. Туған жер әрбір адамның жүрегіне өшпес рух сыйлап, қиналғанда бізге күш-қуат береді. Біз қай қиырда жүрсек те, мейлі басқа қалада, мейлі басқа елде болсақ та, туған жердің қасиетін қастерлеп, оны мақтан тұтамыз. Мен де Жуалы ауданында туып-өскенімді үлкен мақтаныш сезіммен айта аламын.
Сол себепті, әрбір азамат, ол мейлі жас, мейлі қарт кісі болсын, туған жерінің өркендеп-өсуіне, туған елінің гүлденіп, көркеюіне өзінің мол үлесін қосып, қасиетті Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетуі тиіс. Өйткені, туған жердің гүлденуі мен елдің жарқын болашағы – білімді жас ұрпақтың қолында. Туған жерді қастерлеп, оны туған анаңдай сүю, Отанды қорғау және дамыту – әрбір азаматтың қасиетті борышы!
Мадияр Бескемпір,
Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы.
Б.Момышұлы ауылы