Basty bet
Балалар қиялына қанат бітірген шығармашылық байқау
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Бақытты балалық шақ» тақырыбында орталық алаңдағы асфальтқа сурет салу байқауы өтті.
Балалық шақ – адам өміріндегі ең жарқын, алаңсыз әрі ең қымбат кезең. Бұл кезең баланың қиялын дамытып, арманға жетелейді, шығармашылық қабілетін қалыптастырады. Балалардың шат күлкісі мен жарқын жүзінен елдің ертеңі мен болашағы көрінеді. Сондықтан өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету, олардың шығармашылығын қолдау – баршаға ортақ міндет.
Аталған байқау балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, қиялын ұштауға және өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Шараға ауданның әртүрлі елді мекендерінен 100-ге жуық бала қатысып, асфальт бетіне өз ойлары мен армандарын түрлі-түсті бояулар арқылы бейнеледі.
Балалар өз жұмыстарында туған жер, бейбіт өмір, достық, отбасы құндылықтары, табиғаттың сұлулығы және бақытты балалық шақ тақырыптарын арқау етті. Әрбір суреттен баланың шынайы сезімі, қиялының ұшқырлығы мен өмірге деген сүйіспеншілігі айқын көрінді.
Шара барысында жұмыстар қазылар алқасының бағалауымен сараланып, үздік деп танылған қатысушылар І, ІІ және ІІІ дәрежелі Диплом және сыйлықтармен марапатталды.
Балаларға қуаныш сыйлау – үлкен игілік. Байқау барысында олардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі мерекенің басты сәніне айналды. Жас суретшілер бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатып, есте қаларлық жарқын сәттерге толы күн өткізді.
Аталған байқау балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік берген мазмұнды әрі тағылымды шара ретінде есте қалғаны анық.
Рауан Сапарбай,
Бауыржан Момышұлы ауылының
жастармен жұмыс жөніндегі маманы