Basty bet

ҮНЕМДІ ҮЙРЕНГІМІЗ КЕЛСЕ…

Қазақстандықтардың отбасылық қаржылық жағдайы әртүрлі әлеуметтік топтар мен өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Жалпы алғанда, соңғы жылдары қаржылық сауаттылықтың артуы байқалса да, кейбір қиындық пен теңсіздіктер сақталып отыр.
Ал, қазақстандықтардың үштен екісінен астамы (70,5%) жеке қаржыларының есебін жүргізеді. Олардың басым бөлігі мезгіл-мезгіл (36,2%), сұралғандардың үштен бірінен астамы (34,3%) тұрақты негізде қаржыларын бақылап отырады екен.
Дегенмен бүгінде қаржылық сауат та артып келеді. Бұл сөзіміздің дәлелі, қазақстандық жастардың үштен бірі ақшасын банк депозитінде сақтайды. Бұл жалпы үрдіске сәйкес келеді: респонденттердің бүкіл жиынтығында банк салымшыларының үлесі сол 33%-ды құрады. Жас респонденттердің 80%-ы теңгелік депозитті, ал 10%-ы валюталық депозитті пайдаланады.
«Қаржылық сауат – адамның өзінің ақшасын дұрыс басқару, қаржылық шешімдерді дұрыс қабылдау және жеке қаржысын жоспарлау қабілеті. Адам ең бастысы кіріс пен шығысты жоспарлау, болашаққа ақша жинау және күтпеген жағдайға дайын болу, несие алу, оны уақытында төлеу және артық пайыздан аулақ болу, ақшаны көбейту жолын түсіну (мысалы, депозит, акция, облигация) және алаяқтықтан қорғану, сақтандыруды пайдалануды білгені азбал.
Қаржылық сауаттылық адамға тек күнделікті өмірде ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі. Отбасылық бюджетті реттеу үшін отбасы бюджеті алдын ала жоспарлануы керек. Былай айтқанда, 50%– негізгі қажеттіліктерге, 20%– жинақ пен инвестицияға, 30%– жеке қажеттіліктер мен демалысқа арнауға болады»,– дейді қаржы маманы Дәулеткелді Нұрланов.
Сонымен қатар, қаржы маманының айтуынша, қарызды да дұрыс басқара алу керек. Несие алғанда пайызын, төлеу мерзімін, шарттарын мұқият зерттеу, төлемді кешіктірмеу және бірнеше несиені қабаттастырмау маңызды. Ал, отбасыда баланы қаржылық сауатқа тәрбиелеу де қазір өзекті болып отыр. Қазір балабақшадан шыққан бала да, мектептен шыққан бала да алдымен дүкенге кіреді. Қажет-қажет емес нәрсенің бәрін алады, қолына ілінгенді тастамайды. Осы орайда қаржы маманынан баланы қалай үйретудің жолдарын сұрап көрдік.
«Иә, қазір балаға қаржы туралы үйрету керек. Ақша табу, үнемдеу, жоспарлау сияқты дағдыларды балаларға жастайынан үйрету маңызды. Отбасыда бір адамның емес, барлық мүшенің қаржылық сауаты жоғары болуы қаржы мәселелерін азайтып, болашаққа сенімділікпен қарауға мүмкіндік береді. Балаға қаржыны үйрету оның болашақтағы өміріне үлкен пайда әкелетін маңызды қадам дегім келеді. Бұл үдеріс жасына сай түсінікті, қызықты әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мәселен, 3–6 жас аралығындағы балаға ойын арқылы үйретуге болады. Былай айтқанда, дүкен ойнау, ойыншық немесе шынайы тиынмен ақшаны таныстыру. «Ақша– затты сатып алу құралы», «ақша оңай келмейді», «барлық нәрсе тегін емес» деген нәрсені айтып түсіндіру керек. Дүкенде «мына екі заттың біреуін ғана аламыз, себебі екеуіне бірдей ақшамыз жетпейді» деген сияқты шектеу қою керек. Ал, бастауыш мектеп жасындағы (7–10 жас) балаға ақшаны басқару мен жинаудың негізгі дағдыларын үйрету маңызды. Аптасына не айына бір рет белгілі бір соманы беріп, оны өз бетінше басқаруға үйретеміз. Осы жаста бала ақша жұмсауды, жинауды, бөлісуді түсінеді. Ал 11–15 жастағы жасөспірім ақшаны жоспарлауды, еңбекпен табыс табу мен тәуелсіз шешім қабылдауды үйренеді. Табыс табу, шығын жоспарын жасау осы жастағы баланың қабілетіне жетеді. Осы кезеңде балаларға арналған банк картасы мен қосымшалар арқылы шығындарын бақылауға болады»,– дейді Дәулеткелді Нұрланов.
Қаржы маманының айтуынша, баланы қаржылық сауатқа үйрету үшін баламен ақша туралы ашық сөйлесу маңызды. Яғни, баланы табыс, шығын, үнемдеу туралы отбасылық әңгімелерге қосу маңызды. Ең бастысы, баланы емес, өзімізді тәрбиелеу, үлкендердің қаржылық сауаты болғаны абзал. Өйткені балалар ересектердің әрекетін қайталайды. Ең бастысы, балаға үйретудегі таусылған немесе артық жұмсалған ақша да, қателік жасау да қаржылық сауатқа апаратын үлкен сабақ екенін ескергеніміз абзал.

Автонесие: неден ұтып, неден ұтылдық?
Қазақстандағы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы (мысалы, 4% немесе 0% бастапқы мөлшерлеме) 2022 жылы іске қосылып, халыққа отандық автокөлікті қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігін ұсынды. Бағдарлама аясында миллиардтаған қаржы бөліп, мыңдаған қарыз берілді. Осылайша, бағдарлама халыққа бастапқы жарнасыз және жылдық 4% мөлшерлемемен автокөлік сатып алу мүмкіндігін берді. Осы орайда, отандық өндірісті қолдау мақсатында, Hyundai, Kia, JAC, Chevrolet және LADA брендінің көліктері ұсынылып, бұл отандық автомобиль өндірушілерінің өндірісін ынталандырды. Бағдарламаның тағы бір оңтайлы тұсы, қоғамдық көлік мәселесін шешу мүмкіндігі туды. Бағдарлама арқылы қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында қаражат бөлінді.
Бағдарламаның оңтайлы тұсынан бөлек, кемшілігі мен сыны да бар. Біріншіден, бағдарламаға қатысу үшін бөлінген қаржы көлемі шектеулі болды, бұл көлік бағасының өсуіне итермеледі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, қаржыландыру көлемін автоөндірушілер өзара бөлгені, ал екінші деңгейдегі банктер арасында бәсекелестіктің шектелгені анықталған. Екіншіден, өтінім беру процесі кейде қиындық туғызды. Өнеркәсіпті дамыту қорының басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаровтың айтуынша, қаржы көлемі шектеулі болғандықтан, барлық өтінімді қанағаттандыру мүмкін болмады.
Сонымен, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы халыққа отандық автокөлікті қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігін ұсынды. Алайда қаржыландыру көлемінің шектеулі болуы және өтінім беру процесіндегі қиындықтар көлік бағасының өсуіне және барлық азаматтың бағдарламаға қатысуға мүмкіндігінің болмауына әкеп соқты.
Автосарапшы Эльдар Тимуровтың айтуынша, автонесиеден халықтың ұтқаны да, ұтылғаны да бар. Соған қарамастан, Қазақстанда тұтынушылық несие азайып, ипотека мен автонесие саны артқан.
«Алдымен не ұтқанымызды талдап алсақ болады. Біріншіден, қарапайым халыққа көлік алу мүмкіндігі туды. Бұрын қолы жетпеген орташа табысты азамат төмен пайызбен автокөлік сатып ала алды. Әсіресе, ауыл-аймақ тұрғындары үшін бұл әлеуметтік маңызы бар көлікке қол жеткізу құралына айналды. Екіншіден, отандық автопромды қолдау маңызды болды. Бағдарлама арқылы «СарыарқаАвтоПром», «Азия Авто» сияқты зауыттарда құрастырылған қазақстандық көлікке сұраныс артты. Бұл салада жұмыс орындары ашылып, өндіріс көлемі ұлғайды. Үшіншіден, экономикаға мультипликативті әсер берді. Яғни, несие беру банктердің, сақтандыру компанияларының, дилерлік орталықтардың жұмысына серпін берді. Ескі көліктерден арылу арқылы экологияға да жанама түрде әсер етті», – дейді Эльдар Тимуров.
Сонымен, жеңілдетілген автонесие– әлеуметтік тұрғыда тиімді, бірақ нарықтық тепе-теңдікке зияны тиюі мүмкін құрал. Бұл халық үшін де, экономика үшін де біраз кемшілікті көрсетіп берген.
«Автонесиеден ұтылғанымыз, халық тарапынан сұраныс күрт артқанда, көлік бағасы өсіп кетті. Көп дилер автонесиені естіген сәттен бастап бағаны 15–20%-ға дейін көтеріп, бұл жеңілдік әсерін жоққа шығарды. Көлік тапшылығы сезілді, өйткені бағдарлама басталған сәтте жүздеген адам кезекке тұрды, ал көлік қоры шектеулі болды. Бұл жасанды дефицит тудырып, ашық нарықта алыпсатарлықты күшейтті. Сонымен қатар экономикаға да өз әсерін тигізбей қоймады. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие бюджеттен қаржыландырылады. Бұл қаржы нақты өндірістік секторға емес, тұтынушылық несиеге кетіп жатыр деген сын көп айтылды, – дейді автосарапшы Эльдар Тимуров.
Ал, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несиеге көлік сатып алғысы келетін азаматтардың борыш жүктемесін 2027 жылға дейін есептемеуді ұсынып отыр. «Ашық НҚА» порталында жарияланған қаулы жобасына сәйкес, автонесиеге өтініш берген азаматтың борыш жүктемесі коэффициенті алдағы екі жыл есепке алынбайды. Демек, клиенттің ай сайынғы қарызы табысының жартысынан артық болып жатса да, банк оған жаңа не ескі көлік сатып алуға несие беруі мүмкін.
«Қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейін сақтау жөніндегі талап 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде қолданылмайды»,– делінген құжатта.
Аталған қаулыға сәйкес, 2025–2026 жылдар аралығында банктер автонесие беру кезінде қарыз жүктемесінің коэффициентін есепке алмайды. Бұл ереже кепілге қойылған автокөлікке қатысты. Қолданылған автокөлік үшін бастапқы жарна 30–50% мөлшерінде белгіленген.
Сарапшылар банктер борыш жүктемесіне қарамайды екен деп қарызға батуға, автонесие рәсімдеуге болмайды дейді. Демек, берешекке асқан жауапкершілікпен қарап, бизнесті дамыту, не жолаушы тасымалдау секілді белгілі мақсат үшін алу қажет. Пікірлерінше, саланы дамыту үшін де алдымен өндіріс көлемін ұлғайту маңызды.
Айта кетейік, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2027 жылы өндіріс көлемін 200 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Мақаланы әзірлеген
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close