Basty bet

Жағдай жасалған базардан адамдар кетпейді

Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтың 2019 жылғы 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген аудан әкімдерінің жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудан орталығындағы базарлар мен сауда орындарының басшыларымен кездесу өткізді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, жеке кәсіпкерлер қатысты.

Жиынның мақсаты – аудандағы базарлар мен сауда орындарын заң талаптарына сәйкестендіру және жұмысын тиімді әрі сапалы жүргізе отырып, дамыту туралы ұсыныстарды тыңдау.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндау үшін сөзді Б.Момышұлы ауылының жаңадан тағайындалған әкімі Көбейсін Хайралаповқа берді.
– Ауылда бүгінде 464 жеке кәсіпкер тіркелген, бір мал базары мен «Сарыағаш» жеке меншік базары орналасқан. Атқарушы органдардың күшімен ауылдағы кездейсоқ ашылған, ешқандай санитариялық нормаларға сай келмейтін заңсыз сауда орындарын жабу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жуалы аудандық прокуратурасының 2019 жылғы 11 наурыздағы №2-07004-19-00313 хаты негізінде облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының 2019 жылғы 16 мамырдағы жүргізілген тексеру нәтижесі зерделеніп, Б.Момышұлы ауылы әкімінің 2009-2015 жылдар аралығындағы бірқатар шешімдерінің заңдылығына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, ауыл әкімінің 2015 жылғы 05 ақпандағы №20 шешімімен кәсіпкер Лечи Оздамировқа М.Мәметова көшесінің бойынан сауда орындарын орналастыруға уақытша 5 жыл мерзімге өтеулі жер пайдалану құқығымен жалпы көлемі 0,0212 га жер учаскесіне сауда-саттықсыз тікелей ҚР «Жер кодексінің» 48-бабының, сондай-ақ көше бойынан ортақ пайдаланымдағы жерден, яғни Кодекстің 109-бабы 2 тармағының талаптарын бұза отырып, берілгені анықталған.
Сондай-ақ ауыл әкімінің 2009 жылғы 09 ақпандағы №28 және 2009 жылғы 07 желтоқсандағы №181 шешімдерімен кәсіпкер Айбек Елекбаевқа Б.Момышұлы ауылының Базар көшесі бойынан тиісінше 0,0240 және 0,0090 га жер учаскелеріне сауда орындарын орналастыру үшін бес жыл мерзімге дәл осындай заңбұзушылықпен өтеулі жер пайдалану құқығы тапсырылған. Бірнеше жылдан бері қордаланып келе жатқан осы сауда орындарын заңнама тәртібіне сәйкес ретке келтіру мәселесінің оң шешімін табатын кезі келді.
Бүгінгі таңда ауылымыздың келбетін жақсарту мақсатында азаматтардың ұсыныс-пікірлерінің орындалуы үшін заңды түрде жер пайдалану құқығы бар талаптарға сәйкес келетін сауда орындарының иелеріне өздерінің ұсыныстарын беру туралы хабарламалар таратып жатырмыз. Әзірге екі кәсіпкер өз ұсынысын берді. Мәселен, Лечи Оздамиров бұрынғы автобазаның аумағынан базар ашуды және осы жылдың қыркүйек айының аяғына дейін 22 орындық жабық сауда орнын ашуды, ал Мұсатай Апбасов қазіргі жұмыс істеп тұрған сауда орнын ұсынды, – деді ауыл әкімі өз сөзінде.
Баяндамадан соң жарыссөзге кезек беріліп, алғашқы сөзді кәсіпкер Кеңескүл Төлегенова алды. Ол: «Мен Айбек Елекбаевтың базарында сауда-саттықпен айналысамын. Қазіргі таңда өз жұмыс орнымызда тұрып, кәсіпкерлікпен айналысудамыз. Мына отырған жеке кәсіпкерлердің барлығы «Сарыағаш» базарына кіре алмайды. Себебі, біз ол жерден кезінде қысым көрдік. Сол қысымның қайталғанын қаламаймыз. Бәріміздің басымызда екі-үштен несие бар, студент, мектептегі балаларымыз бар? Жақында оқу басталады. Біз қайтеміз? Балаларды қалай асыраймыз? Несиені уақтылы қалай төлейміз? Бізге жағдай жасалған кезде ғана өз орнымызды босатып бере аламыз. Ол уақытқа дейін орнымыздан қозғалмаймыз» деп жиынға қатысушы кәсіпкерлердің атынан өз ойын жеткізді.
Ал, кәсіпкер Лечи Оздамиров болса: «Бұл сұрақтың көтерілгеніне бір емес, бірнеше жыл болды. Базардағы азаматтармен қыстың небір аязды күндерін, жаздың аптап ыстығын бірге өткеріп, жұмыс істеп келе жатырмыз. Жағдай жасалған базардан адамдар кетпейді. Мен осы уақытқа дейін маған қойылған талаптардың барлығын орындап келе жатырмын. Жұмысшылармен жыл сайын келісім-шартқа тұрамыз. Бізді қолдаңыздар, бізге сол да жеткілікті. Уақыт беріңіздер. Мен барлық жағдайы жасалған, заман талабына сай жабық базар ашу туралы ұсыныс бердім. Бұл жұмысқа тек уақыт керек. Осы жағдайды пайдалана отырып, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды сұранамын» деді.
Ал, Айбек Елекбаев жазылған өтініші мақұлданса, базар ашу жұмысын ертеңнен бастайтынын жеткізді. Сонымен қатар, барлығын заң талаптарына сай жасайтынын, саудагерлерге барлық жағдай жасап беруге уәде беретінін айтты. Келесі кезекте сөз алған Мұсатай Апбасов саудагерлерге жалға алу құны 20 мың теңге болатын, барлық жағдайы жасалған 80 орындық сауда орны дайын тұрғанын айта келе, сауда орнына келем деушілерге бір жылға дейін тегін сауда-саттық жасауға рұқсат беретінін хабарлады.
Өз жобасының сызбасы дайын Әділхан Жолдасов Бауыржан Момышұлы ауылы Жібек жолы көшесінен 80 орынға арналған жабық, барлық жағдайы жасалған сауда орталығын ашу жоспарымен бөлісті. Ол осы жоба аясында құрылыс алаңында тоғыз адамның жұмыс істеп жатқанын, сондай-ақ айналасын қоршау жұмыстарының жүргізілу үстінде екенін жеткізді.
Жиында сөз алған Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов ауылда осындай келеңсіз жағдайдың орын алып отырғаны өкінішті екенін айтты. «Осы уақытқа дейін саудагерлерді шырылдатып, базар басшылары қайда қарап отыр, олар неге қимылдамайды?» деді. Сонымен қатар, ол бұл жағдай бірнеше жылдан бері орын алып, ретке келмей отырғанына, өз шешімін табатын уақыт жеткеніне қынжылыс білдіріп, мәселе екі жақты келісіммен шешілетініне сенім артты.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытындылады.
– Жуалы жері батырлар мен генералдар, ақындар мен жазушылар, чемпиондарды түлеткен қасиетті жер екені баршамызға аян. Аудан орталығында 13 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар игілігі үшін жол жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Ең бастысы, халықтың денінің сау болуы қажет екені белгілі. Сол тұрғындар санитариялық талаптарға сай, таза жерден таза сауда жасауды қалайды. Бүгінде заман талаптарына сай тұтынушылардың да көзқарасы өзгеріп, үлкен сауда үйлерінен сауда жасауға бет бұруда.
Уақыт бәріне сыншы. Өздеріңіз айтып отырғандай, бұл мәселенің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Бүгін сіздердің алдарыңызға «Енді не істейміз? Мәселені шешудің қандай жолы тиімді?» деген сауалдардың шешімін табу үшін жиналып отырмыз. Осы ауылдың азаматы болғандықтан бәріне жанашырлықпен қараймыз.
Кәсіпкерлерді қолдау бүгінде біздің басты мақсатымыз болып отыр. Ешқандай кәсіпкердің құқығын бұзбаймыз. Бәріміз бір болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір шешімге келуіміз керек. Үлкен сауда орнын салам дейтін кәсіпкер азаматтарды қолдап, мүмкіндік береміз. Негізінен базарды салатын кәсіпкер. Сол салынған орын заң талаптарына сай, бәсекеге қабілетті болуы керек. Бәріміз заңның алдында бірдейміз. Уақыт өте тығыз. Осы уақытқа дейін сіздерге бірнеше рет ескертулер беріліп келді. Мәселені жан-жаққа тартсақ, одан ешқандай шешімнің түйіні тарқамайды. Алдарыңызға ашық пікірлесіп отырғандықтан, бір шешімге келейік. Адамды адал еңбек, қанағат бақытқа жетелейтініне сүйенсек, қолымыздағы барымызды бағалап, бейбіт өмір сүрейік. Қалаған базар басшыларымен жұмыс істеп, енді алдағы уақытқа кәсіппен айналысатын орындарыңызды қарастыра беріңіздер. Кәсіптеріңіздің нәсібін көріңіздер, – деді аудан басшысы.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Алмас Әуесханға жеке кәсіпкерлерден түскен өтініштерді негізге алуды тапсырды.

Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close