Basty bet
Журналист болу оңай емес
Мен журналистикаға бала кезден әуес болдым. Сол кезден бастап «журналист болсам екен» деп армандадым. Теледидардан ақылына көркі сай журналистерді көріп, газеттерден олар жазған мақалаларды, әңгімелерді оқып, жазу шеберліктеріне, радиодағы журналистердің сөйлеу мәдениетіне тәнті болатынмын.
Журналист болу – қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Оған нағыз керек қасиеттер төзімділік, жылдамдық, ой ұшқырлығы және кез келген жағдайға қарсы тұра білу. «Болмасаң да ұқсап бақ»-деп хакім Абай айтпақшы, бұл қасиеттердің барлығы бойымнан табылмаса да, осы қасиеттерге ие болу үшін бар күшімді салып тырысудамын. Сондай-ақ, Бернард Шоу: «Мамандықтың жаманы жоқ, тек оған икем болу керек» деген екен. Ал мен өзімнің икемімді осы салада сынап көруге бел будым.
«Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз»,- деп әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің айтқаны бар.
Журналист – қоғамның, халықтың жанашыры. Көп адамдар журналистиканы оңай, жеңіл салаға балап жатады. Тек қана «сөз тауып, сөйлем құрау емес пе?»дейді. Ал шын мәніне келгенде, бұл мамандықтың жауапкершілігі мол, қаншама қиындығы бар екендігін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Мен журналистика саласы бойынша оқып жүргендіктен, әрине журналистің қызметі қаншалықты қиын, төзім мен парасаттылықты талап ететінін білемін. Журналистер тек болған оқиғаны баяндайды, біреудің сөзін біреуге жеткізіп, жай ғана дайын сценариймен жұмыс істейді деп ойлауыңыз мүмкін. Журналистика саласын журналист көзқарасымен талдап көрейік. Журналист – жолаушы. Өйткені өмір бойы жол үстінде. Ол жүрмейтін жол, баспайтын тау, бармайтын жер, ел жоқ.Ол – халықтың үні мен көзі. Журналист қоғамдағы жақсылық атаулыны жаңғыртып, жамандық атаулының жер-жебіріне жетеді. Қай жерде кіммен сөйлессе де, әрқашан халықпен бірге. Журналист – ойдың адамы. Жасыл жағалауды көрсе жаны жасарып, тылсым табиғатқа қараса, сөзден маржан төгеді. Журналист – мінездің адамы. Ол кез келген ханның алдында «ләпбай тақсыр» деп жүгіре жөнелмейді. Оның пірі – халық.
Журналист өз мамандығының құлы. Өз мамандығын сүймейтіндерге журналистикада орын жоқ. В.А.Кочетковтың: «Если она сурова, если она тебе не нравиться, уходи из газеты в другую, иную профессию» дейтіні де сондықтан болса керек. Журналистерді, яғни БАҚ өкілдерін төртінші билік иесі деп атайды. Олар қоғамның өткір мәселелерін көтеріп, от пен су кешіп, тіпті, өз бастарына қатер төндіріп жүреді. Негізінен журналистика аса қауіпті мамандықтардың бірі. Міне журналист болу үшін ең алдымен батылдық керек. Журналистиканың ғұмыры ешқашан қысқа болмақ емес.Тіпті, мына ақпараттық ағынның заманында журналистер қоғамға ауадай қажет.
Арай Дәрментаева,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика
факультетінің ІІІ курс студенті