Basty bet

Партия көшбасшылары – ел ішінде

«Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Т.Рахымбеков Билікөл аймағында болды

Өткен аптада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, жиындарға қатысқан болатын. Сонымен қатар, Билікөл аймағындағы «Берікқара» демалыс орталығында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бұқаралық спортты дамыту мен оған жасөспірімдерді көптеп тарту мақсатында елімізде кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің негізгі міндеті екенін баса айтқан болатын. Бұқаралық спортты дамыту туралы Президент тапсырмасы аясында Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеп, бекітті.
Бұл тек мемлекеттің ғана емес, көпшілік болып атқаратын маңызды әрі жауапты іс. Осы ретте «Ауыл» партиясы еліміздің әр аймағында осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды қолға алып отыр.
Өткен аптада ауданға қарасты Билікөл ауылдық округіндегі әйгілі Берікқара шатқалында орналасқан «Берікқара» демалыс орталығының жазғы демалыс лагерінде демалушы оқушылар арасында «Ауыл» партиясының кубогы үшін кіші футболдан турнир өтті. Оны ұйымдастырушы – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы.
Іс-шараға партия төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келді. Сонымен қатар, спорттық шараға партия атынан сайланған маслихат депутаттары, партияның белсенді мүшелері де қатысты.
Спорттық сайыстың ашылуы да тиісінше, салтанатты жағдайда өтіп, онда ең алғаш «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков лагерьде демалушы жасөспірім балаларға білім, ғылыммен бірге спортты қатар меңгеру – азаматтың тұлға болып қалыптасуының негізі дегенді баса айтты.
– Қазіргі уақытта соңғы статистика бойынша елімізде жеті миллионға жуық тұрғын спортпен жүйелі шұғылданып келеді. Бұл халқымыздың 35%-ын құрайды. Оның үштен бірі ауылдық жерлерде тұратын азаматтар. Біз еліміздің ауыл-аймағын кешенді түрде дамыту бағытында еңбек етіп, оның ішінде, спорттық нысандардың бой көтеруі, жақсы жаттықтырушылардың ауылдық жерлерде көптеп қызмет жасауы секілді мәселелерді көтеріп келеміз. Елді мекендердегі жастардың спортқа деген ынта-жігері мол, әрі қабілеттерінің де зор екені бізді қатты қуантады,- деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал партияның Жамбыл облыстық филиаланың төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов мұндай бағыттағы іс-шараларды үнемі ұйымдастырып, жастарды спортқа баулу ісіне үлкен көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етті.
–Біз партия филиалының бастамасымен соңғы жеті жыл көлемінде облыстың барлық аудандарында спорттық сайыстарды жиі ұйымдастырып жүрміз. Қатысушылардың да қатары жыл санап артып келеді. Мемлекеттің бұқаралық спортты дамыту бағытын қолдай отырып, мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі жалғастыра береміз,- деді Ерболат Байұзақұлы.
Жалпы кіші футболдан өткен турнирге жазғы сауықтыру лагерінде демалушы оқушылардан құралған 10-нан аса команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаз атанған команда мен жүлдегерлерге кубок және медальдар беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Жүлдегер командаларды «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Төлеутай Сатайұлы, партияның Жамбыл облыстық филиаланың төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов және партия мүшесі, белсенді азамат Нұржігіт Бегалы марапаттады.
Сонымен қатар, партия төрағасының орынбасары, филиал қызметкерлері, белсенділері мен партия тізімімен сайланған мәслихат депутаттары Жуалы ауданына қарасты Билікөл ауылдық округінің әлеуеті төмен деп танылған ауыл тұрғындарымен кездесіп, сол елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының және инженерлік инфрақұрылымының ағымдағы жағдайына кешенді мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, Қарабастау ауылындағы №3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте болып, ұстаздардың және шәкірттердің жетістіктерімен танысты. Мектеп директоры Динара Молдабаева мектептің жай-күйі демеушілер мен шәкірттердің есебінен жыл сайын жақсарып келе жатқанын тілге тиек етті.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиын барысында «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Төлеутай Сатайұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасында қарастырылған реформалардың саяси-экономикалық тұстарын тұрғындарға түсіндіріп, партия бағдарламасының басты бағыттарын айтты.
«Ауыл» партиясының «Жаңа Қазақстанға жаңа ауыл» жобасы 2022 жылдың мамыр айында басталған еді. Жыл соңына дейін созылатын кешенді шаралар партия мүшелерінің, депутаттары мен меценаттарының арнайы жобаларын ұйымдастыруды көздейді және республиканың барлық аймақтарында ұйымдастырылатын болады. Оның басты мақсаты – ауылды аймақтарды дамытудың тың моделдерін іске асырып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту бойынша жасаған бастамаларына партия тарапынан үн қосып, қолдау көрсету.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close