Basty bet

Ерліктің даңқы мәңгілік

Жеңісті жақындатуға жуалылық жауынгерлер де үлес қосты

Өмірдің қатал заңындай жыл санап Ұлы Отан соғысына қатысқан қарт майдангерлердің де қатары азайып бара жатқаны біздің де бала көңілімізге қаяу салады. Әлбетте, бұл – өмір заңы.
«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлының сөзімен айтсақ, ұрпақтар сабақтастығы заңын сақтаған жандар ортамызда көп болушы еді. Осыдан бірер жылдар бұрын ауданымыздағы соғыс ардагерлерінің саны анағұрлым көп болатын. Қазір ауданда Ұлы Отан соғысына қатысқан бар-жоғы екі ғана ардагер ғұмыр кешуде. Атап айтсақ, олар Шәріпбай Ақжолов пен Николай Лебединский. Екі ардагер де аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында тұрады. Тоқсан жастан асқан Шәріпбай Ақжоловтың да балалық шағы еліміздегі қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келді. Бозбала шағында соғысқа аттанды.

Шәріпбай Ақжолов 1925 жылдың күз мезгілінде Жуалы ауданына қарасты Бірлік ауылында туған. 1941 жылдың маусым айында 7 сыныпты бітірген. Өзінің жастығына қарамастан колхоздың есепшісі, басқа да әртүрлі жұмыстарын атқарған. 1943 жылы қаңтар айында әскерге алынып, Петропавловск қаласында әскери дайындықтан өтті, 42 бөлімнің химиялық қорғау ротасында болды. Сержант. 1944 жылы қаңтар айынан қыркүйек айына дейін Карелияның Выборг қаласында ауыр шайқастарға қатысты. Екінші Беларусь майданында болған. Могилев, Брест қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқан. Мәскеу түбіндегі Владимир облысында 56-шы бөлімнің химиялық қорғау батальонында шайқасты. 1950 жылдың 9 мамырына дейін Польшада болып, осы жылы елге оралады. 1950-1952 жылдары ақпан айынан бастап Ынтымақ колхозының партия ұйымының хатшысы, 1952-1969 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, 1969-1986 жылдарда ауыл шаруашылығы кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 1986 жылы зейнетке шықты. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Аудандық кеңеске депутат болып сайланған.
Жанұясында 3 ұл, 3 қызы, 13 немересі бар. Қазір Б.Момышұлы ауылында тұрады.
Соғыстың аты – соғыс. Адамзат баласына орасан алапат, халық тұрмысына зиян келтіретін соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Отан қорғауды басты мақсат тұтқан бозбала Шәріпбай алғаш Петропавл қаласында бес айлық әскери дайындықтан өтеді. Одан әрі жаңа құрылған химиялық әскери бөлімге түсіп, майданға аттанады. Бұл бөлімнің басты мақсаты – жау химиялық қару қолдана қалған жағдайда оны тез тауып, залалсыздандыру болатын. Бірақ жау соғыста бұл қару түрін қолдана алмады. Ал Кеңес әскері құрамындағы химиялық әскери бөлім басқа да түрлі жағдайға дайын тұрды. Олар Ленинград маңындағы орманда дайындық жұмыстарын жүргізді.
Кейін Шәріпбай ата қызмет еткен әскери бөлімге Польша жеріндегі Висла өзенінен өтетін үлкен, стратегиялық маңызы бар көпірді қорғау тапсырылады. Бұл көпір арқылы майдан шебіне теміржол және автомобиль жолдары өтетін. Ол көпірді жау талай мәрте жарып жіберуге әрекеттенді. Ұшақтарымен келіп бомбаламақ та болды. Көпірді аман алып қалу үшін арнайы әскери бөлім түрлі айла-тәсілдер қолданды. Түтін шашкілерін қолданып көпірді жау ұшақтарының назарынан таса етіп отырды. Ал жерде не болып жатқанын түсінбеген жау ұшақтарын зеңбірекшілер оқ астына алатын. Мұндай тәсілді олар басқа да маңызы бар нысандарды қорғап қалуда қолданды. Әрі негізгі күшпен жау жерінде ентелеп кіре берді. Соғыс бітті. Жеңіс туы көтерілді. Шәріпбай ата соғысты Германияның Дрезден қаласында аяқтады.
Алайда Шәріпбай атаның қызметі мұнымен аяқталған жоқ. Ол бұдан кейін бес жыл әскер қатарында болып, әскери қызметін Польша жерінде өтеді. Жау қалдықтарының көзін жоюға қатысып, стратегиялық маңызы зор нысандарды күзетті. Тек 1950 жылы ғана әскер қатарынан босатылып, туған жерге аман-есен оралды.
Әскердегі қатаң да қатал тәртіпке үйренген сержант бейбіт өмірде де жауынгерге тән қызмет атқарды. Алғашқы еңбек жолын Ынтымақ колхозында партия ұйымының хатшысы болып бастайды. Одан қызмет баспалдақтарымен аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, кейін аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Соңғы аталған екі мекемеде Шәріпбай ата 35 жыл еңбек етіп, зейнет демалысына 1986 жылы шықты. Ұзақ жылдар ауданға сіңірген еңбегі ескеріліп 2007 жылы ауданның Құрметті азаматы атағы берілді.
«Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» деген екен жазушы Мұхтар Әуезов. Өмірдің қатал сынынан мойымай өткен қария Бибігүл Омарбекқызымен отау құрып, үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білімді. Отбасының үлкен ұлы Дүйсен мен қызы Шолпан технолог мамандығын игерсе, Еркін мен Бейсен құрылысшы, Жүрсіні есепші, ал Гүлжан аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етіп келеді. Ұл-қыздардан тараған немере-шөберелер өсіп келеді. Бір өкініштісі, ардагердің абыройын асырып, ұл-қыздарына мейірімді ана бола білген Бибігүл апа өткен жылы 88 жасында өмірден озды.
Бүгінде 95 жасқа аяқ басқан ардагер Шәріпбай ата Отанның тыныштығын тілеп, еліміз ары қарай Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салып берген сара жолымен жүрсе, әлемде тек бейбітшілік пен татулық салтанат құра берсе екен деген аталық тілегінен айныған емес. Ендеше, қара орман ұрпағының тілеуқоры болып жүрген ардагер аталарымыз пен апаларымыз аман болсын!
* * *
Николай Моисеевич Лебединский 1926 жылы 19 желтоқсанда Семей облысында дүниеге келген. Ұлты – орыс. 1943 жылға дейін кеңшарда жұмыс істеген. 1943 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, радиотелефоншылар курсында оқыды. Оны бітіргеннен кейін 2-Белоруссия майданының 24 байланысшылар полкінде радист болып қызмет етті. Шығыс Пруссияны азат ету шайқастарында қатысып, Кенигсберг, Нойбранденбург қалаларын шабуылдады. Жеңісті 1945 жылдың 9 мамырында Анклам қаласында қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет жалғастырып, туған жерге тек 1950 жылы ғана оралды. Әскерден оралғаннан кейін зейнет демалысында шыққанға дейінгі барлық жылдары жол-құрылыс ұйымдарында жұмыс істеді. Екі мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Жауынгерлік ерлігі мен еңбектегі табыстары үшін «Кенигсбергті алғаны үшін!» «Германияны жеңгені үшін!» медальдарымен, еңбек және мерейтойлық марапаттармен наградталды.
Отбасында бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді, жеті немересі, бес шөбересі бар. Ардагер бүгінде Б.Момышұлы ауылында тұрады.

Рүстем Қайыпбеков,
Жуалы ауданының мемлекеттік
архивінің архивисі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close