Qoǵam
Ғасырға бергісіз ұлы істер жылнамасы
1998 жыл
Болашақтың қаласы қалай бой түзеді?
1998 жылы жалпы республикалық саламатты өмір салтына арналған бүкілхалықтық қозғалыс бастау және тұрғын үй құрылысының ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруға кірісу міндеті тұрды. Күнделікті мәселелерді жаһандық мақсаттарды ескере отырып шешу қажет еді, осылайша тактика стратегиямен берік байланыста болды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиясында халыққа дамудың тың, озық үлгісін ұсынды. Елдің алыс келешегіне бастар алдын ала болжанған, кең, айқын жолдың көкжиегі ашылды. Бұл – үнемі әлемдік дамудың соңынан еріп отыратын ескі сүрлеу-соқпақтан батыл түрде бас тартып, тыңнан жол салу еді. Қазақстан бұрынғы КСРО-ның жаңа тәуелсіз мемлекеттері арасында бірінші болып аса ауқымды стратегиялық жоспарлауға кірісті. Тәуелсіздік алған елдердің көпшілігі тек бірнеше жыл өткен соң ғана осындай ұзақ мерзімді бағдарламаның қажеттігін түсініп, біздің үлгіге ойысты.
1998 жыл жұртшылықтың есінде ел астанасын Арқа төсіне көшіру жөнінде батыл шешім қабылданып, жүзеге асырылған жыл болып қалады.
Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Бұл өршіл жобаның алғаш бастама ретінде көтерілген кезінен нақты іске асырыла бастаған шағына дейінгі өн бойында тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі жатқанын әркім білуі тиіс.
Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Президенттің атап көрсеткеніндей, қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі. Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ықпалдасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатыны түсінікті болды. Солардың ішінде саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды.
Жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді. Осындай жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, жаңа астана жобасы дер кезінде жүзеге асты. Астана туралы мәселені кейінге қалдыруға болмайтын еді. Көп созбай, жаңаны ескінің құндағынан «аршып алып», тәуелсіз Қазақстанның барыс бітімді, самұрық серпінді асқақ бейнесін жасау қажет болды.
6 мамырда «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойылды. Астана деген жаңа атау қаланың мемлекеттік деңгейдегі басты қызметін дәл бейнелеп тұр. Тарихи сабақтастықты сақтау үшін Ақмола облысының атауы бұрынғыша қалдырылды.
10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті. Салтанатты рәсім мерекелік той-думанға ұласты. Айтулы оқиға еліміздің барша халқының, сондай-ақ шетел жұртшылығының назарында болды. Елорданы Алматыдан қазіргі Астанаға көшіру жаңа мемлекетіміздің өмір жолындағы маңызды белес болғанын айту керек. Астаналық мәртебе қаланың қазіргі заманғы саяси-әкімшілік, экономикалық, оқу-білім, мәдениет орталығы ретінде дамуына жаңа серпін берді. Жаңа астананың бой көтеруі – еліміздің жедел дамуына жол ашар жақсылықтың басы сияқты көрінеді.
Жаңа астана алғашқы күндерден бастап-ақ қазақстандықтарды өзіне тарта бастады. 1998 жылдың өзінде Астанаға 14 мың адам келді, одан әрі де қала халқының саны өсе берді. Астананың экономикалық рөлі күшеюінің маңызы ерекше болды. 1996 жылы Ақмолада арнайы экономикалық аймақ құрылған болатын. Астанаға инвестиция тартуға соның көп ықпалы болды. Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен дамыды. Қала құрылысы жобаларына Түркиядан, Израильден, Италиядан және басқа көптеген елдерден келген инвесторлар белсене қатысты. Қазақстан компаниялары айрықша белсенділік көрсетті.
29 қыркүйекте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары: қоғамды демократияландыру, жаңа ғасырдағы экономикалық және саяси реформа туралы» Жолдауын халыққа жария етті. Бұл еліміздің жаңа орталығы – Астанада жарияланған алғашқы Жолдау еді.
10 желтоқсанда Ақмолада Президенттің төрағалық етуімен өткен Парламент палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысында осы атаулы күні астананы көшіру өз мәресіне жеткен саяси оқиға екені айтылды. Қазақстан халқына арнаған үндеуінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы билік органдары, Ақмола қаласының 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап мемлекетіміздің астанасы екені жөнінде салтанатты түрде мәлімдейміз. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деп мәлімдеді.
15 желтоқсанда Тәуелсіздіктің жеті жылдық мерекесіне орай, жаңа астанада алғаш рет салтанатты жиын өтті. Сол жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Сәулет өнері шеберлерінің шығармашылық соны ізденістерінен туған өзіндік сипаты ерекше әсем ғимараттары арқасында Қазақстанның енді ғана бой көтерген астанасы қайталанбас келбетке ие болады» деген еді. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің кейінгі сұхбаттарының бірінде: «Астана еуразиялық өркениет орталықтарының бірі болады. Есілдің сол жақ жағалауында су жаңа қала – болашақтың қаласы бой түзеуі тиіс» деген ой тұрды» деп айтты.
Зейнетақы реформасы: шешімін тапқан күрмеулер
1990-жылдары Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың қиын кезеңін басынан өткізген басқа да тәуелсіз елдердегідей, бала туудың азаюының жағымсыз үрдісі байқалды. Соның салдарынан елімізде демографиялық қартаю белгілері біліне бастады. Егер 1990 жылы 60 жастан асқан азаматтар саны халықтың 10 процентін құраса, 1995 жылы 12 процентін құрады.
1990 жылы бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы үш қазақстандық сәйкес келсе, ал 1996 жылы бұл көрсеткіш екіге де жетпей (1,8 процент ) қалды. 1990 жылдың ортасында зейнетақы жүйесінде іркіліс көп болды. Зейнетақы кешіктіріліп берілді. Тек 1995 жылдың өзінде зейнетақы көлемі ақшаның құнсыздануы себебінен үш рет қаралды, нәтижесінде орташа зейнетақы екі есеге өсті. 1997 жылдың қаңтарында елде 2,9 миллион зейнеткер болды. Бұл – барлық халық санының 17 проценті.
Зейнетақының өсуі мен зейнеткерлер санының көбеюі мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірді. 1995 жылы зейнетақыға 46 миллиард теңге бөлінді, сонымен бірге зейнетақы бойынша берешектер көбейе берді. Қалыптасқан экономикалық және демографиялық жағдайға байланысты зейнетақы реформасын кейінге қалдыруға болмайтын еді.
1997 жылдың наурызында Үкімет Зейнетақы жүйесін реформалау тұжырымдамасын бекітіп, сол жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қабылданды. Реформаның мәні мен маңызы сонда – біз таратушы зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көштік. Үлгі ретінде Чили моделі алынды. Таратушы немесе ынтымақтастық жүйесінде зейнеткерлерді жұмыс істейтін отандастары қамтамасыз етеді, зейнетақы солардың жарналары мен салықтарынан құралады.
Жинақтаушы жүйе – жұмыс берушінің қызметкердің жеке жинақтау шотына аударған қаржысынан құралады, яғни қызметкер еңбекке араласқан кезден бастап өзінің қаржылық қорын жинақтайды, сөйтіп өзін-өзі қамтамасыз етеді. 1997–1998 жылдары зейнетақы реформасын негізгі үш мекеме – Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (ЗТМО), жарналардың сақталуына мемлекет кепілдік беретін Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) және Ұлттық зейнетақы агенттігі жүргізді. Зейнетке шығу мерзімі ұзартылды. Ерлер – 63 жастан, әйелдер 58 жастан зейнетке шығатын болды.
1998 жылдың қаңтарында МЖЗҚ-да зейнетақы жарналарын қабылдау басталды. Содан бері барлық жұмыс істейтін азаматтар міндетті түрде тапқан табысының 10 процентін МЖЗҚ-ның дербес шотына аударады. 2001 жылдан кейін зейнетке шыққан адамдарға зейнетақы ЗТМО арқылы ішінара республикалық бюджеттен, ішінара МЖЗҚ-ның дербес шотынан төленіп отырды. Бұл ретте, МЖЗҚ қаржысынан зейнетақы алуы үшін ерлердің 25 жыл, әйелдердің 20 жыл еңбек өтілі болуы керек.
Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында бірінші болып зейнетақы реформасын жүргізді және оның нәтижесі де көп күттірген жоқ: мемлекеттің зейнетақы және жәрдемақы төлеу бойынша берешегі 50 миллиард теңге болса, 1999 жылдың соңына қарай бұл толығымен өтелді. Осылайша зейнетақы саласындағы дағдарыс өз шешімін тапты.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан