Qoǵam

Өмірге деген құштарлығын арттырады

Он екі мүшең сау болса, дәулет деген сол. Ал, Жаратқан мүмкіндігі шектеулі жандардың бір мүшесін кем жаратып, сынақ жіберіпті. Бірақ, есесіне, ерік-жігерін шарболаттай шыңдапты. Олардың көкіректері ояу, көңілдері сергек. Қимыл-қозғалыстары қиын болғанымен, құлшыныстары, ұмтылыстары күшті.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар» деп атағанымызбен, біздің қоғамда мүмкін еместі атқарып жүрген кембағал жандар баршылық. Қажырлы қайрат қылуды, тауқыметке қасқайып тұруды, бәлкім, сол кісілерден үйренуіміз керек шығар. Әсіресе, өмірге құштар балалардың мүмкіндігі шектеулі бола тұра мойымайтыны баршамызға үлгі.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады» деген болатын. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамнан оқшауланбай, қайта қоғаммен бірге өмір сүруі тиіс.
Ауданымызда қамкөңіл балаларға арналған «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы серіктестік аясында аудан әкімдігінің әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімімен бірлесіп, қоғамдық бірлестік ретінде 2019 жылы ашылды. Орталықта 4 жастан 18 жас аралығындағы 25 балаға әлеуметтік қызмет тегін көрсетіледі. Балалар екі топқа бөлінген. Яғни, ақыл есі кем және қозғалыс тірегі бұзылған балалар бар. Мұнда тәрбиеші, күтушімен қоса, логопед, дефектолог, психолог мамандары жұмыс істейді. Орталықтың меңгерушісі – Дамира Жолшанқызы.
-Бұл орталықты ашудағы мақсат – мұндай балаларды ортаға бейімдеу, оңалту жұмыстарын жүргізу, – дейді орталық меңгерушісі. -Ол үшін орталықта жұмыс істеген маман қамкөңіл жандарды түсіне білуі керек. Ең бірінші осыны ойлап, мамандарға барынша қатал талап қойылды. Мұнда келген балалар ең алдымен өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйренеді. Ортаға қалыптасып, оқшауланбай, бір-бірімен тату болуды бойына сіңіреді.
Жұмысымыз таңғы сағат 8-ден басталып кешкі сағат 18-00-ге дейін жалғасады. Балалар орталыққа арнайы инва таксиімен аудан ішінен және алыс ауылдардан тасымалданады. Бес мезгіл тамақ беріледі. Ас мәзіріне де аса мұқияттылықпен қараймыз. Өйткені, кейбір балаларға дайындалған тамақ жақпауы мүмкін. Олардың барлығын аз уақыт ішінде саралап, кейіннен өзгерістер енгіздік. Сонымен қатар, бізде тазалыққа аса мән беріледі. Әр баланың киімі, жеке гигиеналық заттарды тек өзіне ғана қолдану керек. Себебі, мұндағы балалардың өте сезімталдығынан көбінесе шаңға, күнге, әртүрлі әтір иістеріне, гүлге аллергиясы бар. Оны ескеріп балаларға қолайлы болуы үшін керек емес заттың бәрін алып тастадық. Балаға жайлы болуы керек әрі олардың оңалуына ешқандай кедергі тигізбегені жөн.
Арнайы мамандар әр баламен белгіленген кесте бойынша жеке-жеке жұмыс жасайды. Өйткені, оларды бір жерде ұзақ ұстап отыру мүмкін емес. Бір балаға 40 минут бөлінсе, оның жартысы ойынмен өтіп, жартысында сабақ өтіледі. Мұндай балалар өзіне керек дүниені жақсы біледі. Көңіл бөлгенді, мақтағанды жақсы көреді. Олардың көңілін қалдыруға болмайды. Әрбір мерекеде ұйымдастырылған концертті көрсе, болмаса сыйлық алса, алғаш рет алып тұрғандай шын жүректен қуанады. Бүгінгі көрген дүниесін, үйренгенін тез ұмытып қалады.
Әрине, бұл жұмыстың қиындығымен қатар қызығы бірге жүреді. Балалармен балаша қуанып, еш бөліп-жармай бірге жүреміз. Олар біз үшін дені сау баламен бірдей. Ойын залында түрлі ойындар ойналады, жатын бөлмесінде әрқайсысын жеке-жеке қадағалап отырамыз. Уақытымен массаж жасалады. Тренажер кабинетінде жаттығу жасап, сергіту сәтін өткіземіз. Жалпы әр баланың денсаулығына байланысты оңтайлы жұмыстар жүргізіледі. Аптасына бір рет күн жылынғанда иппотерапияда балаларды далаға шығарып, пони жылқыларына мінгіземіз. Ат үстіндегі серуен – әлемнің көптеген елдерінде балалардың ауруына ең тиімді емдік тәсіл ретінде қолданылады. Атпен баяу серуендегенде, адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Ол – массаж, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшықеті жұмыс жасайды. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, бұл арқылы ол өзінің адымын да есептеп үйренеді. Ал балаға ең керегі де осы – жаттығу. Жылқы – табиғи тренажер.
Бұл жылқының емдік қасиетінің физикалық қыры болса, екіншісі – эмоционалдық сипатта. Оны көпжақты түсіндіруге болады. Мәселен, бала жаны жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, салт жүргенде көңілі көтеріледі. Екіншіден, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оны өз-өзіне деген сенімдігі артады. Ал дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты болып табылады.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен оған аяушылық сезіммен қараған адам емес, баламен балаша қуанған, жақсы көрген адам ғана жұмыс істей алады. Мұндай балалары бар отбасындағы ата-аналар ғана қаншалықты қиын екенін сезіне алады. Балалар жақсы жағынан өзгерген, ортаға қалыптасқан.
Қазіргі таңда карантин талаптарына сай орталыққа ешкім кіргізілмейді. Міндетті түрде кварцталып, ауа тазаланып тұрады. Медициналық бетпердені қолдану баршамызға міндеттелген, – дейді орталықтың тыныс-тіршілігімен бөліскен Дамира Жолшанқызы.
Орталық меңгерушісі балалардың денсаулығы үшін бірнеше жоспары жұмыстарды нақтылап отырғанын айтып өтті. Мүмкіндігі шектеулі балаларға кедергісіз орта, кедергісіз болашақ құру – міндетіміз дейді. Олардың жалғыз еместігін айта келіп, қазіргі біздің қоғам да өркениетті көзқарасқа бейімделіп келе жатқанын жеткізді. Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әсіресе, балаларға кедергісіз болашақ сыйлап, жан жылуын беруге баршамыз ниеттіміз. Өйткені, олар да қоғамның бір мүшесі. Аудандағы аталған оңалту орталығында оңтайлы жұмыстар қолға алынған екен. Алдағы уақытта да қамкөңіл балалардың көңілін тауып, әлеуметтік қызмет көрсетуде ұжымға шыдамдылық пен табандылық қасиеттер серік болары сөзсіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

 

Таңдаулы материалдар

Close