Qoǵam

Ауданда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді

«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді. Әсіресе, ауыл тазалығын сақтау өте маңызды шаруа екені айтпаса да түсінікті. Ауылдың тазалығын сақтау – бүгінгі күннің басты талабы мен баршаға ортақ іс. Осы орайда, елді мекеннің айналасын тазалау, қоқыстан арылту, тал-дарақ егу жұмыстары көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығында жасалады. Бұл тұста ауыл тұрғындарының әрбір іске жанашырлықпен қарап, тиісті дәрежеде жауапкершілікті сезінуі керек-ақ.
Өткен сенбіде ауданымызда жаппай сенбілік ұйымдастырылып, санитарлық тазалық жұмыстары өткізілді. Санитарлық тазалық жұмыстарын 14 ауылдық округ және аудан орталығын аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер бөлініске сәйкес жүргізді. Жалпы сенбілікке 340 адам қатысып, бес тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінде 200 түп шырша және Шақпақ ауылдық округінде 1400 түп қараағаш пен терек егілді.
Бұл санитарлық тазалық жұмыстары көктемгі екі айлықтың бастауы болып есептеледі. Алдағы уақытта да осындай сенбіліктер жалғасып, ауданның тазалығы баршамызға ортақ болады. Дегенмен де өңірдің тазалығына тек тиісті мекеме қызметкерлері ғана жауапты болмай, барша тұрғын атсалысуы тиіс. Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Әрбір тұрғын көше тазалығын өз ауласынан бастап, туған жерінің көркеюіне өзіндік үлесін қоса білсе, нұр үстіне нұр.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close