Qoǵam
Бүгінгі бірлігіміз – болашаққа үлгі-өнеге
Дін – қоғамдағы аса маңызды саланың бірі. Қоғамды ізгілікке, имандылыққа шақыратын, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге жетелейтін, барша адамзат баласын татулыққа, бауырмалдылыққа үндейтін дін саласы қоғамдық санада үлкен маңызға, айрықша мәнге ие.
Шын мәнінде, кез келген діннің жоғары мағынасы адам мен адамзаттың жоғалтып алған жетілу жолына қайтару болып табылады.
Қазақстан – көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Қазақстан тек қана бейбітсүйгіш діндерді қолдайды және діни алауыздыққа жол бермейді. Біздің негізгі ұстанымымыз – ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды болдырмау. Қазақстан – конфессияаралық келісім моделін қалыптастыруда әлемге үлгі болған мемлекет.
Діни бірліктің жекелеген мемлекеттер үшін ғана емес, жалпы әлем тыныштығы үшін де ауадай қажеттілік болып тұрғаны шындық.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында мемлекеттің зайырлылығын көрсететін мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттеудің бірнеше формалары қалыптасқан, яғни, мемлекеттің діни қатынастарды бірізділікке түсірудің бірыңғай бағдарламасы қамтамасыз етілген.
Осы бағыттағы жұмыстар туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Қазақстан, зайырлы мемлекет ретінде конфессияаралық қақтығыстарға қарсы әрекет ететін шаралар қабылдауға кепілдік етеді» деп нақты атап көрсетті.
Дін әр уақытта біріктіруші фактор болып танылса, ал діни экстремизм – қандай да бір қоғамның ұзақ жылдар бойы өткен жолын, халықтың тағдыр-талайлы тарихын, әлеуметтік ортада түзіліп, қалыптасқан рухани-мәдени өмірі мен ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен адамгершілік-моральдық құндылықтарын құрдымға жіберіп жоқ ететін шеткері шекке жеткен радикалды ойдың іске асуы.
Бұл қандай орта мен кезеңде орын алса да адамзат үшін де өзі тікелей қатысы болған ел, ұлт, мемлекет үшін де аса қастерлі құбылыс. Сондықтан онымен әлемдік қауымдастық бірлесе отырып күресуі керек. Себебі, ол жеке қауымға немесе тұтас елге бағытталса да зорлық жасау тәсілімен кісі қанын төгетін жауыздық. Бүгін мұнан тұтас елдер зардап шегіп, әлемде тыныш, бейбіт өмір сүру мүмкіндігі сарқылып келе жатқаны жасарын емес. Аталған мәселені халқы тығыз орналасқан, ұлттың қалың өкілдері дәстүрлі қалыптасқан ортасында аса табандылықпен, терең пайыммен түсіндіріп отыру кезек күттірмейтін іс екені рас.
Таяу Шығыс елдерінде орын алған «шиеленіс» мысалынан біз діни экстремизмнің жабайы бейнесін көрсек, әлемдік БАҚ-да жиі айтылып жүргендей терроршылдықтың әлемдік озық-техникалық жетістіктердің ең жаңа технологиясын қолдануға ұмтыла беретін, оның ең қатегез қырғын салудан бас тартпайтын сұмдық жанкешті жексұрын бейнесін көрдік. Экстремизмнің бүкіл дүниені аралап, бірде ұлтаралық, енді бірде дінаралық тіпті тұтас халықтар арасында ылаң салып, кейде «Ұлт азаттық қозғалыстардың» да шапанын жамылып жүргенін барша әлем көріп отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен төрткүл дүниенің дін өкілдерінің келісіміне бағытталған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезінің 2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада өткізіліп отыруы да халықаралық, ұлтаралық, дінаралық дүрдараздықтарға жол бермеу мақсатымен жасалып отыр. Бұл саясат біздің еліміздің ынтымақ бірлігін сақтап, бейбіт күнде әлеуметтік-экономикалық қалыпты дамуымызға аса қажетті жағдай жасауына өзінің оң үлесін тигізуіне бек сенеміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Баршаның есінде болуын қалаймын: тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген құрметті сақтау – біздің дамуымыздың негізгі қағидаты» деп атап өткендей, өте өзекті мәселелердің бірі – мемлекетіміздегі, халықаралық дәрежедегі діни тұрақтылық.
Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы» деген. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бүгінгі бірлігі мен татулығы – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек.
Пернебек Бердімбетов,
Тәттібай ауылының имамы