Qoǵam
Біз саламатты өмір салтын қолдаймыз!
Шақпақ аймағының Ақжан Ахметов, Әділет Омаров, Мәди Мұхтарұлы, Қуат Сапарғали сынды белсенді жастары осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық «Жастар ресурстық орталығына» және аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөліміне әр ауылға «Стрит воркоут» алаңшасын салу туралы ұсыныстарын жеткізген-ді. Ол ұсыныс көп уақытқа ұзамай-ақ мақұлданып, округтердің ішінде Шақпақата ауылында алаңшаның іргетасы алғашқы болып қаланып, пайдалануға берілді. Одан кейін жастардың игілігі үшін спортпен еркін шұғылдану және бұқаралық спортты дамыту мақсатында басқа да округтерде алаңша рет-ретімен салына бастады. Бүгін, міне, тағы бір қуанышты жаңалық. Яғни, округімізге қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында да «Стрит воркоут» алаңшасы салынып, алдағы уақытта пайдалануға берілетін болады.
Өңірде соңғы жылдары Стрит воркоут жақсы қарқын ала бастады. «Street Workout» дегеніміз – бұл халықаралық қозғалыс және спорт түрінде танылған қазіргі жастардың трендіне айналған бір қозғалыс. «Street Workout» қозғалысының нақты мақсаты – жастарды бұқаралық спортпен қамту, дені сау ұлт қалыптастыру.
Осы орайда Шақпақ ауылдық округінде жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу мақсатында жастар ісі және спорт ісі нұсқаушыларының ұйытқы болуымен «Біз саламатты өмір салтын қолдаймыз!» атты аймақ жастары арасында көше жаттығуының үш түрінен жарыс ұйымдастырылды.
«Street Workout» алаңшасында өткен жарысқа мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Жарысқа жалпы округтен он қатысушы тіркеліп, сайыс бір сағаттан астам уақытқа созылды. Алғашқы кезеңде жарысты қызығып көрушілер саны көп болды.
Қатысушылардың көрсеткен нәтижелері арқылы ойындары бағаланып, ұпайлары саналды. Сайыс қорытындысында І орынды Ердәулет Жарылқасын иеленсе, ІІ орын Даниал Амангелдіге бұйырды. Ал жарыстың жүлделі үшінші орнынан Әмірсейт Қасымхан көрінді.
Жүлделі орындарға ілінген қатысушыларға ұйымдастырушы тараптан арнайы дипломдар мен медальдар табыс етілді.
Мұхамеджан Оразбаев,
Шақпақ ауылдық округінің
спорт ісі нұсқаушысы