Qoǵam

Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақы

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы Мемлекеттік корпорацияға жәрдемақы тағайындауға жүгінген күннен бастап тағайындалады. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыға 2020 жылдың бірінші жұмыс күні жүгінген, ол 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалатын отбасыларды қоспағанда, өтініш берілген күн жүгіну күні болып есептеледі.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны тағайындаған кезде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алынған балалар, егер басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалар да ескеріледі.
Бұл ретте, отбасы құрамында ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған балалар ескерілмейді.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) жеке басты куәландыратын құжат – сәйкестендіру үшін.
2) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері);
3) неке (ерлі-зайыптылық) қию, бұзу туралы куәлік – өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда;
4) балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер – балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген немесе баланы асырап алған жағдайда;
5) асырауындағы адам он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейін оқудың күндізгі бөлімде білім алатын жағдайда жыл сайын берілетін оқу орнының анықтамасы;
6) жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат − сәйкестендіру үшін.
Өтініш беруші бірге тұратын балаларды көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау туралы өтініште көрсете отырып, балалардың бірлескен тұрғылықты мекен-жайын растайды.
Ерлі-зайыптылар арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда ата-ананың біреуімен балалардың бірге тұруы сот шешімімен расталады.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы отбасының табыстарына қарамастан тағайындалады.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін баланың (балалардың) туу туралы куәлігі, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген неке (ерлі-зайыптылық) қию туралы мәліметтерді қоспағанда, неке (ерлі-зайыптылық) қию, бұзу туралы куәлік, балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер, сондай-ақ білім беру мекемесінің күндізгі бөлімде оқитындығы туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға сәйкес көрсетілген құжаттарда қамтылған ақпарат расталған кезде талап етілмейді.
2018 жылғы 1 қаңтарға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған, отбасы құрамының өзгеруіне байланысты алатын көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы мөлшерінің ұлғаюына немесе азаюына құқығы бар көпбалалы отбасылар 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде жүгінген кезде – жәрдемақы мөлшерін өзгерту растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Мемлекеттік корпорацияға берілген өтініш негізінде жәрдемақы мөлшерінің өзгеруіне ықпал ететін мән-жайлардың туындау күнінен бастап, бірақ 2020 жылғы 1 қаңтардан ерте емес жүргізіледі.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы мынадай мөлшерде белгіленеді: :
төрт балаға – 16,03 айлық есептік көрсеткіш (42496 теңге);
бес балаға – 20,04 айлық есептік көрсеткіш (53127 теңге);
алты балаға – 24,05 айлық есептік көрсеткіш (63757 теңге);
жеті және одан көпбалаға – 28,06 айлық есептік көрсеткіш (74388 теңге).
Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы 31 мыңнан астам отбасы аталған жәрдемақыны алушы болып табылады.
Сонымен бірге, көп балалы отбасылардың, егер олардың мемлекеттік жәрдемақыларды ескере отырып, табыстары төмен болып қалса (жан басына шаққандағы орташа кіріс өңірлік күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен), сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек және кепілдендірілген әлеуметтік пакет алуға жүгінуге құқылы. Әлеуметтік пакетке: 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін – азық-түлік жиынтығы мен гигиена заттарымен; 6 жастан 18 жасқа дейін – мектептердегі ыстық тамақ, оқу құралдары және мектеп киімдері кіреді, сонымен қатар, мектепке бару шығындары өтеледі.
Айта кету керек, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға жәрдемақының жеке түрі төленеді, оның мөлшері 16 967 теңгені құрайды (2020 жылғы 1 қаңтардан бастап), оны Жамбыл облысында 20 мыңға жуық әйел алады. Бұл жәрдемақы төлемі сақталады.

Айман жанаева,
№3 зейнетақы және әлеуметтік
қамсыздандыру
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close