Qoǵam
Батырдан қалған тағылым
ХХІ ғасырда әрі жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриоттық жалынның ұшқынын дарыту үшін халқымыздың даңқты перзенті, ержүрек қолбасшы Бауыржан Момышұлының мірдің оғындай қанатты сөздері ауадай қажет-ақ.
«Артына өлмейтұғын сөз қалдырған» демекші, Бауыржан Момышұлының артына қалдырған ұлағатты да қанатты сөздері көп. Батырдан қалған афоризмдер өз дәуірінің шындығын, қоғамдық тарихи өмір құбылыстарын сыншылдық сипатпен жеткізген. Ол айналасындағы кемшіліктерді, адамдардың мінез-құлқын надандықтан арылту, бойына күш-жігер мен рухани дамудың таза жолына түсуіне, тілі мен елін сақтауға күш салған тұлға ретінде айналасына бүгінгі ұрпақ үшін де қымбат ғибрат.
Аудан әкімдігінің білім бөлімі және №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің ұйымдастыруында қазақ халқының қаһарман ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойы қарсаңында, дәлірек айтқанда, 26 қазан мен 16 қараша аралығында «Бауыржан афоризмдеріндегі тағылым» атты аудандық мектеп оқушылары арасында онлайн шығармашылық байқау жариялаған болатын.
Байқаудың басты мақсаты – өскелең жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриоттық жалынның ұшқынын дарыту, Батырдың нақыл сөздерін кеңінен насихаттау.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Оқушылардың жас ерекшелігіне де мән беріліп, бастауыш, орта және жоғары буынға бөлінді. Қатысушылар жазушының нақыл сөздерінен туындаған өзіндік ой-тұжырымдарын бір минуттық бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауы тиіс болатын.
Байқауға ауданның 21 мектебінен 1-11 сынып оқушылары арасынан 42 оқушы қатысып, бақ сынасты. Бауыржан Момышұлының тағылымы мол қанатты сөздерін тәрбиелік құндылығын жан-жақты ашып, сапалы жұмыстарын көрсете білген 18 оқушының жұмысы іріктеліп, екінші кезеңге өткізілді.
Аудан көлемінде өткізілген «Бауыржан афоризмдеріндегі тағылым» атты мектеп оқушылары арасындағы онлайн шығармашылық байқау жеңімпаздары әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы анықталды. Нәтижесінде әлеуметтік желі қолданушылардың қолдауымен ең көп дауыс жинаған бастауыш буын бойынша І орынды №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің 3 сынып оқушысы Әнель Батихан, ІІ орынды №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің 2 сынып оқушысы Зейнеп Базарбек, жүлделі ІІІ орынды №30 Көктөбе орта мектебінің 4 сынып оқушысы Еркебұлан Оралбек иеленді.
Орта буынның арасынан І орынды №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 5 сынып оқушысы Айша Мұратбекқызы жеңіп алса, ІІ орынды №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Диана Тағай, ал жүлделі ІІІ орындарды №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Балғаным Алмаханбет пен №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Әйгерім Мырзахан өзара бөлісті. Жоғары буын оқушыларын бойынша №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Балауса Қуанышбай І орынды жеңіп алса, ІІ және ІІІ жүлделі орындарды №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушылары Аружан Жарқынбек, Аяна Қалтаева және Айғаным Санат өзара бөлісті.
Байқау жеңімпаздарын аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова, пән әдіскері Бахыткүл Полатова және №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Руслан Сайлаубаев арнайы дипломдармен марапаттады. Алдыңғы уақытта жыл соңына дейін Бауыржан Момышұлының 110 жылдығының қарсаңында мұндай іс-шаралар жалғасын таба бермек.
Бахыткүл ПОЛАТОВА,
аудан әкімдігі білім
бөлімінің әдіскері