Qoǵam

Жат ағым жарға жығады

елімізде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымын жақтайтын азаматтарды райынан қайтып, хақ жолға түсуге шақырды

Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен аудан прокуратурасы бірлесіп, Бауыржан Момышұлы ауылы әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы діни шетін көзқарас ұстанған азаматтармен өткізген жиында діни алауыздыққа жол бермеу, ынтымақ пен ауызбіршіліктің мәні, бір дін, бір мәзһаб ұстану мәселелері қозғалды. Басқосуды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков ашып, мемлекеттің дін саласындағы саясатына, оның зайырлы сипатына кеңінен тоқталды.

Азаматтардың сенім-наным бостандығын желеу етіп, есіктен сығалай еніп, өзінің жымысқы пиғыл-мақсаттары үшін адамдардың санасын улап, түрлі жолдармен алдап-арбап өз жақтастары қатарына қосып алып жүрген жат ағымдардың, соның ішінде «Таблиғи жамағат» ұйымының іс-әрекетін сынға алған аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаев залға жиналған өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымы қалыптасқан азаматтарға ондай шетін көзқарастан арылу қажеттігін ескертті. Осы ретте «Үйірсектеген үйірінен ажырамайды» деген нақылды еске салған Болат Тоғанбайұлы жамағат арасында бекем бірлік пен ынтымақтың еліміз үшін маңызды екенін түсіндірді.
Ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев адамзат баласының ықылым замандардан бергі талайлы тарихында дінсіз қоғам болмағанын, Жаратушы тарапынан қауымдарға нақтылы жол көрсетерлік, белгілі бір бағыт-бағдар сілтерлік жөн-жоба, ұстаным болатын діндер ауық-ауық түсіп, оларды жеткізу үшін елшілер, пайғамбарлар жіберіліп отырғанын атап көрсетті.
Бас имамның айтуынша, ислам дініне дейінгі қайсібір дін болсын, өзгерістерге, түрлі бұрмалаушылықтарға ұшырап отырған. Соның салдарынан олар дін ретінде мансұқталып, үкімдерін жойған. Ал, солардың бәрі де сауатсыздықтың кесірінен, дінді жете түсіне алмаушылықтың себебінен сондай күйге түскен. Тек өздерінің жолын тура әрі ұстанған бағытын дұрыс деп көрсетуге тырысатын кереғар діни ағымдардың бөлекше бағыттары мен ерекше іс-әрекеттері бүгінгі күні де тыйылмай отыр. Соның бірі – «Таблиғи жамағат» керітартпа ағымы. Аталған ағымға осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде ресми түрде тосқауыл қойылса да, оған арбалғандар қатары әлі азаймай келеді.
– Дініміз адамзат баласына имандылықты, парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рақымды, білім мен еңбекті насихаттайтындықтан, мұсылман адамға көптеген жауапкершілік жүктелері анық. Солардың ішінде шынайы дінімізді насихаттау, қоғамды ізгілікке шақыру – басты мақсаттардың бірі. Алайда, оны да көркем мінезбен, жүріс-тұрысынан ел үлгі-өнеге алатындай етіп насихаттау үшін үлкен діни білім-білік қажет, – деді ауданның бас имамы.
Жиынға қатысып отырған азаматтар арасынан «Таблиғи жамағат» ағымын насихаттады деген айып тағылып, сотталып, жақында түзеу мекемесінен шығып келген Н. есімді азамат өзінің әу баста қате жолда жүргенін байқамағанын, істеген ісіне өкінгенін айтып, бұл жат ағымды қолдап жүргендер болса, «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқанда» дегендей, әлі де райынан қайтып, хақ жолға түсуге шақырды.
Жиын барысында залдан діни қажеттерді өтеу, адамдармен, жастармен ізгілік қарым-қатынас тұрғысында көп сауалдар қойылып, оларға білікті жауаптар берілді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close