Qoǵam

Жолдауды бірауыздан қолдайды

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау мен түсіндіру мақсатында Шақпақата ауылдық кітапханасында округ әкімдігі аппаратының бас мамандарының және аймақтың белсенді жастарының қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақстандықтарға арнаған тұңғыш Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың бес міндетін атап көрсеткен болатын. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар Жолдауда міндеттелген барлық бағыттарды айшықтап, әрбір қызметкер өз саласы бойынша жеке-жеке тоқталып өтті. Маңызды басқосуды Шақпақата ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жансая Боранқұл мен Шақпақата ауылдық мәдениет үйінің маманы Ажар Шәріпқызы ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы сөзді Шақпақ ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы Ермағамбет Сыдығалиевке берді.
– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында елімізде түрлі шаралар қолға алынуда. Біз билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату негізінде ғана мемлекет ісі алға басатынын ескеруіміз қажет. Жолдауда айтылған қоғамдық диалогтың мақсаты – биліктің жоғары деңгейдегі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жедел жауап беру деп ойлаймыз, – деді Ермағамбет Сыдығалиев өз сөзінде.
Бүгінгі таңда округ жастарының басым көпшілігі жұмыспен қамтылған. Президент Жолдауында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейге көтеру керектігін айтқан болатын. Сондықтан Үкімет келесі жылдан бастап аталған бағдарламаға 20 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлетін болады. Мұның барлығы ауылдың әлеуетін жақсартуға бағытталған шаралар, – деген пікір білдірді «Дипломмен- ауылға!» бағдарламасы аясында жұмысқа кірген Жанерке Байсақова.
– Бүгінде кәсібін ашып, нәсіп көріп отырғандар біршама. Шағын бизнес болса да еліміздің экономикасына зор үлестерін қосып келе жатқаны даусыз. Енді Президент тапсырмасы бойынша осы бизнес иелері салық төлеуден 3 жылға дейін босатылады. Бұл жас кәсіпкерлердің алға қарай ілгерілеуіне сүбелі үлесін қосары анық, бұған жас кәсіпкер ретінде қуанышым шексіз, деп өз ойын білдірді Ринат Аубакиров.
Жиын барысында Шақпақата ауылдық мәдениет үйінің маманы Ажар Шәріпқызы да Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауындағы басымдық берілген салалардың бірі – мәдениет саласына тоқталды.
– Адамзатты рухани байытатын әлемді қолдау елдің болашағына үлкен әсерін тигізеді. Басшымыздың тапсырмасымен осы саладағы мамандардың еңбекақысы көтеріліп, кітапхана, музей, театрларда қызметкерлеріне ерекше назар аудартылатын болады,- деп сөзін тамамдады ол.
Жиын соңында қатысушылар еліміздің әрбір азаматы бар күш-жігерін Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға жұмсау керек деген қорытындыға келді.
Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісінің нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close