Qoǵam

Мектептің жетістігі – басшының мерейі

Бұрынғылар «Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады» деген екен. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық қылып, шәкірт баптау, үшіншісі – ілім-білім жинап, қоғамға қызмет ету. Балаға тәлім-тәрбие – отбасынан, оқу-білім – ұстаздан болса, қоғамға қызмет ету – баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым – бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі еске түседі. Осы бір аталы ұғым біз үшін әрқашанда басты ұстаным болуы шарт.
Ауданда кәсіби ортада өзінің үлгілі өнегесімен танылып, көп жылдар бойы жинаған тәжірибелі ісімен ұстаздар ұжымын басқарып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген мектеп басшылары көптеп саналады. Солардың қатарында Қызыларық ауылдық округінің Алатау ауылындағы № 23 Алатау орта мектебінің директоры Тоқтағұл Құдайқұловтың да есімін атауға болады.
Тоқтағұл Райымқұлұлы 1957 жылы Жуалы ауданының Алатау (бұрынғы Андреевка) ауылында дүние есігін ашты. 1964 жылы ауылдағы Буденный атындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттады. Ол білім ошағында өзінің жақсы үлгерімімен көзге түсе білді. Ол тұста қазақ тілінде білім беретін орта мектеп тек аудан орталығында екі жерде ғана болатын. Тоқтағұл 1974 жылы Қайрат ауылындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы қазақ орта мектеп-интернатында тәмамдады.
Бұл еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің күрт дамып жатқан кезіне тұс келді, шаруашылықтарға түрлі мамандық иелері, соның ішінде жүргізуші-механизаторлар қажет болды. Осыны ескерген Тоқтағұл аудандағы № 57 орта кәсіптік-техникалық училищесінің жүргізушілер даярлау курсына оқуға түседі. Курсты аяқтағаннан кейін бірер жыл «Большевик» селолық кеңесінің қарамағында жүргізуші болып жұмыс істеді.
Отан алдындағы азаматтық борышын 1976-1978 жылдары Батыс Украина жерінде өтеп келгеннен кейін Тоқтағұл тағы бірер жыл «Бурненский» әскери кеңшарында жүргізуші, механизатор болып қызмет атқарды.
1980 жылы ол өзінің болашақ кәсібі – ұстаздыққа біржола бет бұрып, Түктібай (бұрынғы Гагарин) ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке өндірістік оқыту шебері және машинатану пәнінің мұғалімі болып орналасты. Оқу-тәрбие процесінен қол үзбей жүріп, көп ұзамай Талдықорғандағы индустриалдық-педагогикалық техникумды «Өндірістік оқыту шебері» мамандығы бойынша бітіріп алды.
Тоқтағұл Райымқұлұлы 1997 жылы Қызыларық ауылындағы № 17 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке өндірістік оқыту шебері болып орналасты. 2000 жылы өзі туып-өскен Алатау ауылындағы бастауыш мектептің орталау мектеп болып құрылуына байланысты аталған мектепке технология пәнінің мұғалімі болып ауысады.
2001 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2007 жылы Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Кәсіптік оқыту жөніндегі педагог» факультетін сырттай бітірді.
2008 жылдың қараша айында аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының бұйрығымен Алатау орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалып, күні бүгінге дейін осы білім шаңырағын басқарып келеді.
Тоқтағұл Құдайқұловтың басшылығымен Алатау орта мектебінің ұстаздар ұжымы соңғы жылдары көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Білім ордасында биылғы жылы 11 сынып комплектінде 99 оқушы білім алып жатыр. 2000 жылдан бастап мектеп жаратылыстану-математика бағытында оқытылады.
Бүгінгі мектеп оқушылары, ел тізгінін ұстар – ертеңіміз. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші де осылар. Білімнің дамуы – бұл қоғамның алға жылжуы, адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі. Сондықтан ХХІ ғасырда кез келген елдің көзіне қарақ, көкірегіне шырақ болатын да, қоржынын қампайтып, қалтасын томпайтатын да – білім. Ал білімнің қайнар көзі – мектеп.
№ 23 Алатау орта мектебінің орта мектеп болып қайта құрылғанына 19 жылдай уақыт өтіпті. Бұл аз да емес, көп те емес әрине. Осы жылдар ішінде мектептің ауыз толтырып айтатын жетістіктері, мақтан тұтатын оқушылары, бетке ұстар ұстаздары бар іргелі мектеп болып қалыптасып отыр.
Бүгінгі таңда мектепте 26 мұғалім бар, оның 90 % жоғарғы кәсіби білімді, 50% бірінші және жоғары санатты мұғалімдер. «Мұғалім – өз білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Ал оқуда ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі жойылады» деп көрнекті педагог К.Ушинский айтқандай, мектепте жаңартылған білім беру мазмұнында Кембридж бағдарламасы бойынша 3 айлық курстан өтіп, қазіргі кезде осы курс модулдерімен жұмыс атқарып жүрген ұстаздар баршылық. Соның бірі – Науаткүл Нысаналиева.
Мектептің білім нәтижесінің көрсеткішінің бірден-бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу мен мемлекеттік аралық бақылау. Өткен оқу жылында ҰБТ-дан аудандағы 30 мектептің арасында алдыңғы бестіктен көрінді. Бұл орайда мектептің көрсеткіштері көңіл қуантарлық, мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуі 100% құрайды. 9 оқушы мемлекеттік білім гранттарының иегері болды.
Бұл көрсеткіштерге жетуге мектеп басшысы мен ұстаздарының өз біліктігін, жауапкершілігін көтеруде атқарған жұмыстарының нәтижесі мол. Ол жыл сайын өтетін мұғалімдердің пән олимпиадасына қатысуы, дәстүрлі тамыз конференциясының секциялық жұмыстарына, облыстық және қалалық, республикалық өз біліктілігін көтеру курстарына қатысу болып табылады.
– Тұңғыш Президент-Елбасының, Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім-ғылым саласы назардан тыс қалмаған. Себебі, елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, азаматтардың білімі мен білігіне байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Бүгінде мемлекет қолдан келген мүмкіндіктің барлығын да жасап келеді. Бұл солай болуы да тиіс. Себебі, ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат – ең қайтарымы мол, қайырымы кең игі шара екені белгілі. Бұл болашақ үшін салынған ең маңызды да мағыналы инвестиция.
Осыдан 10 жыл бұрынғы мектеппен қазіргі мектеп жайының оқу үрдісі мен тәрбие жағынан әрине, айырмашылығы көп. Өйткені, мемлекетіміздің келешек экономикалық, әлеуметтік, рухани даму нәтижелері, өрлеуі мен өркендеуі бүгінгі мектептерде қалыптасып жатыр. Бұл жерде ең алдымен, оқытушы бейнесі, ұстаз болмысы – үйретуші ғана емес, тұла бойы тәлімді тәрбиеге, өрелі өнегеге толы тағылымды жан. Ол болашақ қоғамның бет-бейнесін қалыптастырар бірден-бір тұлға. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болуы – мұғалімдердің бүгінгі арқалар жүгі болмақ, – дейді тәжірибелі басшы.
Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Тоқтағұл Құдайқұлов «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Таяуда Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығына орай ауданымызда өткен салтанатты жиында мектеп директоры Тоқтағұл Райымқұлұлы қоғам өміріне белсене атсалысқаны үшін «Қазақстан патриоты» төсбелгісіне ие болды. Мектеп басшысының оқу процесін дұрыс жолға қоюының арқасында оның басқарған мектебі аудандағы алдыңғы қатарда көрініп келеді.
Тоқтағұл Райымқұлұлы өмірлік жары Күлзинат Әмірханқызымен бірге асықтай үш ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отырған шуақты да берекелі шаңырақ иелері.
Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз. Тоқтағұл Райымқұлұлы осынау қарапайым қағиданы қай кезде де жадынан шығарған емес.
Тәуелсіз Қазақстан перзентіне,
Білімнің сусындатып ақ самалын,
Ұстаздар тайсалмастан шәкіртіне,
Құяды білім нәрін салып жанын.
Еңбегің ұмытылмас ешқашанда,
Білгенге маржан болып тағылады.
Шәкіртің жарыс озып, бәйге алса –
Бұл сенің еңбегің боп табылады.
Жаңа даму үрдісі алға басып отырғанда Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» дегендей, бүгінде ұстаздар қауымына жүктелетін жүк ауыр.
Бұл ретте Тоқтағұл Райымқұлұлы басқаратын білім шаңырағының ұстаздары меже биігінен әрқашан көрінеді деп сенеміз.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір».
Сурет автордікі

Таңдаулы материалдар

Close