Qoǵam
«Арақпен достастым дегенше, адамдықпен қоштастым дей бер»
Қоғамның бір дерті – маскүнемдік. Иә, ащы суға сылқия тойып, өзін жоғалтқандар қоғамда баршылық. Маскүнем өзінің өмірін өксітіп қана қоймай, отбасына да, айналасына да зиянын келтіреді. Қоғамда түрлі жайттар кездесіп жатады. Адамдар ішкілікке әртүрлі жағдаймен келеді. Дегенмен, ақылдың жауы саналатын араққа тәуелділік пен құмарлық адамдарды жауапкершіліктен айырады.
Құтының ішіндегі ащы суды ішіп алып, көше кезіп, өзін-өзі танудан қалғандар ше? Олар қандай әке? Қандай жар болып жүр? Мұндай кейіпті әкені немесе ананы көріп өскен бала қандай болады? Бұл – үлкен проблема. Отбасындағы береке мен тыныштық кетіп, бар ауыртпалықты мойнына алған әйелдің күні азаппен өтеді. Ащы суға тойып, есін білмей келген әкені көріп бала іштей булығып, намыстанады, жүйке жүйесі өзгереді. Бірақ қайтсін, ішкілікке салынған әкесін көшеде ешкім тастамайды, жақынына жанашырлық танытады. Ал, ол оны біліп жүр ме? Әрине, жоқ. Керісінше, өзін жоғалтып, өзгеруге тырыспай, өмірін ішкілікпен өткізуді жөн санайды. Өкініштісі сол.
Қасиетті Құран мен адамзаттың ардақтысы, Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) хадистеріне сүйенсек, “ішімдік тек харам нәрсе ғана емес, пайдасынан зияны көп, бүкіл жамандық атаулының кілті» болып табылатыны айтылған. Ата-баба салтында ішімдік кәделі сусын деп санамаған. Мөңке бидің кер заман туралы толғауында «Ішкенің сары су болады, берсең итің де ішпейді. Бірақ адам оған құмар болады» деген жолдар бар. Қайран, ата-бабаларымыз-ай, кер заман ұрпағының тағдырын қалайша дәл болжады екен?!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын алкогольдің әсерінен болатын аурулардан үш миллионнан астам адам қайтыс болады. Жер шарындағы әрбір 20-шы адам алкогольді ішудің салдарынан өмірден өтеді екен. Олардың 75 пайызы ер адамдар. Өлімнің төрттен бір бөлігі темір тұлпарды тізгіндеген адамдардың ішімдікті ішіп, көлік жүргізуімен тікелей байланысты. Төбелес және өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің нәтижесінде алған жарақаттар, жұқпалы аурулар, қатерлі ісік және психикалық бұзылулар ішімдіктің салдарынан орын алады.
БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан ішімдіктің салдарынан болатын өлім деңгейі ең жоғары елдер рейтингісінде 10-шы орында тұр. Бұл рейтингіде еліміз сыраны жақсы көретін Германия тұрғындары мен шарапты көп тұтынатын Италия мен Испанияны басып озыпты. Өкінішті…
Ал, ауданда ішімдікке салынып, есепке алынғандар саны қанша екен? Байыптап көрелік. Аудандық орталық аурухананың нарколог дәрігері Зоя Бердіқожаеваның айтуынша, бүгінде ауданда алкоголизм бойынша есепте тұрған азаматтардың саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Яғни, дәрігер өткен жылы 129 адамды есепке алса, биыл 147 азамат тіркеуде тұр. Бұл сандардың арасында үш әйелдің бар болғаны кімді болса да ойлантпай қоймайтыны анық.
Есепте көбінесе Көлбастау, Нұрлыкент, Бәйтерек, Жаңаталап, Шақпақата, Бәйтерек ауылдарының тұрғындары тұр. Сонымен қатар, 14-29 жас аралығындағы екі адамды есепке қойған.
Дәрігер «маскүнемдік – спиртті ішімдіктерге салынушылық» дейді. Оның айтуынша, бұл адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіреді. Маскүнемдік мінез-құлықты бұзумен қоса, қылмысқа да итермелейді. Араққұмарлар отбасының берекесін қашырады. Сондай-ақ, нарколог Зоя Бердіқожаева мас адам бағыт-бағдарынан айырылып, аяғында тұра алмай, соның салдарынан бақытсыз жағдайға ұшырайтынын, жұмыс қабілетінен айырылатынын атап өтті. Ішімдіктің болашақ ұрпаққа зиян екендігі дәлелденіпті. Яғни, көбінесе мұндай адамдардың балаларының көбінесе денсаулығында ауытқушылық пайда болады екен. Сондай-ақ, дәрігерлердің айтуынша, ішімдік бірінші кезекте, адам денсаулығына зиян келтіреді. Араққа тәуелді адамдардың көбісінің миына қан құйылу, бас ішіндегі қысымның жоғарылау, айқын гипотензия, жабық бұрышты глаукомада секілді аурулар пайда болады.
-Адамдар ішімдікке депрессия ұшырағаннан, отбасылық проблемадан, жұмыссыздықтан және тәуелділіктен салынады. Бүгінде маскүнемдік бойынша отбасылық жағдайларға байланысты көп жағдайлар кездеседі. Себебі, әртүрлі. Көбісі, араққа қалай тәуелді болғанын өздері білмей қалады. Ең бірінші, сыра ішуден бастайды. Ол арқылы ащы суға байлана бастағанын да сезбей қалады. Ішімдіктің денсаулықпен қатар, жақынына тигізер зияны өте көп. Ішімдікке салынған адамдардың өзгеруі екі талай. Кейбірі өзгеруге де тырыспайды. Барлығы адамның өзіне байланысты. Күш-жігері, сана сезімі жетсе, ішімдікті тастайды.
Мұнда түрлі жағдаймен адамдарды тіркеуге аламыз. Ең бірінші, аудандық полиция бөлімімен тығыз байланыстамыз. Бізге масаң күйде көлік тізгіндеген, болмаса отбасында жанжал шығарғандарды әкеледі. Оларды тіркеуге алып, медициналық сақтандыруы болса, бірден наркологиялық орталыққа ем қабылдауға жатқызылады. Есепке алынған науқастармен жалпы тәжірибелі дәрігерлер, психолог, социолог мамандары жұмыс істейді. Отбасылық жағдайына байланысты жан-жақты жұмыстар ұйымдастырылады. Әлеуметтік жағдайына қарай қолдау көрсетіледі. Депрессияға ұшыраған науқаспен жекелей түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, емдік шаралары қолданылады. Көбінесе, біз алдын алу, профилактикалық шараларын жүргіземіз. Алкоголизммен күрес күніне орай қазіргі таңда апталық өтуде. Апталық аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – дейді дәрігер.
Сонымен қатар, ол әлемді шарпыған індеттен қорғануда қоғамда ішімдік ішу арқылы вирустан қорғануға болады деген қауесеттерге сенушілік пайда болған. Соның салдарынан дезинфекция деп ащы суды бір жұтып алатындар көбейген екен.
Ішімдік ішіп, қоғам тыныштығы мен отбасындағы жанжалға себепкер болған адам заң аясында жауапкершілікке тартылатыны белгілі. Мәселен, аудандық полиция бөлімінде бүгінгі таңда алкоголизммен өткен жылы 134 адам есепке алынған. Оның ішінде өткен жылы тоғыз айда ішімдік ішкен 52 адам ұсталған. Ал, биылғы жылдың тоғыз айында есепке 53 адам алынған. Екі адамның құжаты сот шешімімен маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде ем қабылдау үшін әзірленуде. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 38 азаматқа байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Ал, 2020 жылы 9 айда 22 әкімшілік хаттама жазылған. Тұрғындар масаң күйде көлік тізгіндеп, жол апатын жасап, заң алдында жауапкершілікке тартылуда. Сонымен қатар, отбасындағы жанжал, зорлық-зомбылық та ішімдіктің салдарынан туындайды.
Міне, ішімдіктің залалы тек өзіне ғана емес, өзгеге де тиетіні жүрекке батады. Шарасыздықтан әзәзіл суды ішіп, өзін басқарудан қалған адам небір бәлеге ұрынады. Кейінен қолымды кеш сермедім деп өкініп жатады. Өкінгеннен не пайда? Арақтың кесірінен біреу жардан, біреу әкеден, ал біреу жақынынан айырылады. Жанұядағы сүйіспеншілік пен сыйластық үзіледі. Бұдан кейін жылулық көрмеген бала қатыгез болып есейеді. Біреу өмірбойы жиған абыройынан, жақсы көретін жұмысынан айырылады.
Ішімдік сіздің проблемаңызды шешіп бермейді, қайта қиындатады. Өзінің құлқынын ойлап, үйдегі барын сатып, ащы суды іздейтіндер туралы сөз қозғау мүлдем қиын. Олар адасқандар… Ал, ащы суды татып жүріп, өмірі мен өзін өзгерткендер өмірге қайта келгендер.
Ендеше, ұрпағымызды аздырып, санаңды тоқырататын алкогольден іргемізді аулақ салайық. Арақ атамыздан қалған ас емес екенін ұмытпайық!