Qoǵam

«АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ, БАУЫРЫМ ДЕП …»

Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам» яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады, ол Алла тағаланың «салам» деген көркем есімімен сабақтас.
Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылған. Өйткені Құран ынтымақ пен бірлікті баса назарда насихаттайды. Алла адамзатты тура жолға салу үшін 124 мың пайғамбар жіберіп, кітап түсіргенімен сан ғасырға созылған тарихта адамдар адасушылыққа бой алдырып, иләһи дін ұмытылып, түрлі наным-сенім пайда болды.

Ислам қоғам ішіндегі өзге дін өкілдеріне дінді мәжбүрлеп қабылдатуды бұйырмай, керісінше, құрметпен қарауды, жүректеріне жол таба білуді бұйырады. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла құзырында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла тағала Құранда: «…Сендердің бір-біріңнен артықшылықтарың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» («Хужурат» сүресі, 13-аят) деп бұйырса, Пайғамбарымыз да (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп, сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқаны үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы тыныштық пен бейбітшілікті орнатуға талпынуы тиіс.
Соңғы уақыттарда діндер аралық диалог, үн қатысу мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Мұндай үнқатысуды Құран 14 ғасыр бұрын мұсылмандарға кітап иелерін бірлікке, татулыққа және үн қатысуға былайша шақыруды үйретеді: «Ей, Мұхаммед! Оларға айт: «Ей, кітап иелері! Сендер мен біздің арамыздағы мынандай ортақ сөзге келіңдерші: (яғни) Алла тағаладан басқаға құлшылық етпейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық. Егер олар жүз бұрса: Куә болыңдар, шәксіз біз мұсылман болдық» деңдер» («Әли Имран» сүресі, 64 аят).
Асыл дініміз қоғамдағы өзге дін өкілдерімен дін мәселесінде жанжалдаспай, парасаттылықпен пікір таласуды ескертеді. Бұл жайында аятта былай дейді: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят).
Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз кезегінде өзге дін өкілдерімен байланысын тамаша етіп жүзеге асырды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы кездерде мүшриктерге қарағанда кітап иелерін жақын тұтты. Сол үшін христиан болған Хабаш (Эфиопия) еліне қоныс аударуға рұқсат еткен еді. Кітап иелеріне құрмет көрсетумен қатар ислам билігі астында өмір сүріп жатқан яһуди мен христиандарға қысым жасалмауын сахабаларына өсиет еткен.
622 жылы Мәдина қаласына қоныс аударған соң жергілікті яһудилермен тату тұру, елді қорғау, сауда, қылмыскерді жазалау секілді мәселелерді реттеу үшін арнайы заң қабылданады. Ол заң «Мәдина атазаңы» немесе «Мәдина келісімі» деп те аталады. Елу бап шамасында қабылданған заңның 25-бабында яһудилерге өз діни сенімдерін еркін ұстануға рұқсат беріледі. Сол заң бойынша әркім өз дінін еркін ұстануға, әркімге құрметпен қарауға, қоғамда бұзақылық жасаған жағдайда өз діни жазалары бойынша жазаланатын болып бекітіледі. Яһудилер осы заң бойынша ардақты Пайғамбарымызды (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мемлекет басшысы ретінде қабылдайды.
Қоғам ішінде орын алуы мүмкін бүлік пен алауыздықтың алдын алу мен тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін өзімізге қатысты кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен болмақ.
Алла тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер», (Бақара сүресі, 217-аят), «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56-аят) деп ескертеді. Ал қоғам тыныштығын бұзған жанды Алла сүймейтінін ескертеді: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Маида сүресі, 64-аят).
Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екенін ескеретін болсақ, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамға қарсы келу аяттың шеңберіне кіретінін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аят мұсылмаға бүлік шығармауды бұйырып тұр.
Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?» деді. Сахабалар: «Иә, айтыңыз, ей, Алланың Елшісі!» десті. Пайғамбарымыз: «Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен қопарады» деді» (Тирмизи, Қиямет 56).
Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мынадай негізгі қағидаларды талап етеді. Біріншіден, өзгенің ақысына қол сұқпау. Әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, мұсылман бауырына зиянын тигізбеуі керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).
Екіншіден, әділ болу мен жақсы қатынас жасау. Адам өмірінің бірқалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл сүресі, 90-аят).
Үшіншіден, жақсы мінезге ие болу. Ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
Төртіншіден, сенім бостандығы. Ислам ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінге көркем мінезбен, парасаттылықпен шақыру жолын ұстанған абзал.
Бесіншіден, мейірімді және кешірімді болу. Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» («Ағраф» сүресі, 199-аят)
Біз қазіргі таңда ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрудеміз. Орта ғасырда дін қаншалықты өзінің күшін көрсетіп, мемлекетаралық қақтығыстар мен бітімдерде үлкен рөл атқарса, қазіргі кезде де дін аталған мәселеде маңызды рөл атқаруда. Мәселен, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бес рет съезді өткенін білеміз. Бұл әлемдік деңгейдегі өркениеттік шара. Құрылтайдың мақсаты әлемнің дін жетекшілері жиылып, діндерге ортақ, адамзатқа ортақ, жалпы өркениетті қоғамға ортақ қандай мәселелер бар және де оны шешу жолдарын талқылады.
Ислам бізден түрлі ағымға, тармаққа бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннәттің ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін».
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.
Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін қазірден өз үлесімізді қосайық. Елдің өркендеуі мен діннің қанат жаюы тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпайық, ағайын.

Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы – Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешіттің бас имамы, ауданның бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close