Qoǵam

«Нұрлы жастар- болашаққа жол бастар»

республикалық байқау жуалылықтарға жеңіс сыйлады

Жуырда Алматы қаласы Чайковский атындағы музыка колледжде «Нұрлы жастар – болашаққа жол бастар» атты жасөспірімдер арасында республикалық көркем сөз, ән-би байқауы өтті. Байқауға ауданымыздағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мектепалды даярлық тобының оқушылары қатысты. Оңтүстік астанада өткен байқауға оқушылар сынып жетекшілерімен және ата-аналарымен бірге барып қайтты.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мектепалды даярлық топтар және бастауыш сынып оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, дарындылығы мен таланттарын танытып жатты. Біздің ауданнан барған балаларымыз да олардан кем болмады, өнерлі екендерін көрсете білді.
Мектеп-гимназияның ұстаздары Рауза Бейсалиева, Күләйша Жандарбекова, Майра Әмірханова және Зухра Мырзаханова барлығы 9 оқушыны көркем сөз номинациясы бойынша дайындап, байқауға қатыстырды. Оқушылар Қазақстанның ақиық және халық ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, мәнерлеп, биік деңгейде орындап шықты. Мысалы, Рауза Бейсалиеваның дайындаған бес жасар үш жасөспірім, оның ішінде Омар Әбубәкір Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер» өлеңімен I орын алса, Қасым Аманжоловтың «Туған жер» өлеңіне Арнұр Сабыр II орын және «Тәуелсіздік тірегің» өлеңі үшін Нұрсая Сапарбек III орынды иеленді.
Сондай-ақ, қалған ұстаздардың шәкірттері де жақсы жетістікке жетті. Мысалы, Зухра Мырзаханованың бір оқушысы бірінші орын алса, қалғандары екінші орынға қол жеткізді.
Байқауға қатысушылардың өнерлерін қазылар алқасын басқарып отырған ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі және қазақ радиосының дикторы А.Серіков шынайы бағалап, марапаттады.
Барлық жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және Дипломдар тапсырылды. Сондай-ақ, сынып жетекшілері де құр қол қайтпады. Оларға да Алғысхаттар және бағалы сыйлықтар табысталды. Байқауға қатысқан балалар арнайы естелікке суретке түсіп, ұстаздары мен ата-аналары ұйымдастырған ойын-сауық орталығында демалып қайтты.

Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close