Qoǵam

Балуан еліне жеңіс сыйлады

Әлемнің төрінде еліміздің Әнұранын шырқатып, Көк туын желбіретіп жүрген спортшылардың бары біз үшін мақтаныш. Әрбір жеңіс қажырлы еңбек пен ізденістің нәтижесінде келеді. Спорт саңлақтары жанкүйерлеріне жеңіс сыйлау арқылы ел мерейін үстем етеді.  

Осындай қуаныш, жеңіс жақында ғана Венгрия астанасы Будапеште өткен  жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионатында орын алды. Чемпионатта  қазақстандықтар сәтті өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде 55 келіде белдескен Әбдінұр Нұрланбек әлемдік сынның ақтық сынына өтіп, балуан күміс жүлдегер иесі атанды. Осылайша жерлесіміз еліміздің қоржынын бір күміспен толықтырды.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбдінұр Нұрланбекұлымен WhatsApp желісінде онлайн-бейне байланыс арқылы тілдескен болатынбыз. Ол қазіргі таңда Меркі ауданында кезекті жаттығуында екен. Жасөсіпірім бізді жылы қабылдап, біздің сауалдарымызға жауап берді.

Балуан 2004 жылы Бәйтерек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Нұрланбек және Рахима Зауырбековтер зейнеткер жандар.

Ол еркін күреспен 2 сыныптан бастап шұғылданған. Ең алғаш ауылдағы №2 Балалар өнер мектебіндегі спорт үйірмесіне қатысады. Бапкері Саламат Жеңісұлынан еркін күрестің алғашқы тактикаларын үйренеді. Ең бірінші еркін күрестен аудандық турнирге қатысып, жарысы сәтсіз басталады. Жеңілістің артында жеңіс болады емес пе?! Бала көңілмен бұл сәтсіздігіне мойымай, қызығушылығының арқасында алға қарай жылжуды мақсат тұтады. Спортты тастамай, бапкерінің айтқанына құлақ асып, жаттығулардан қалмайды.

Әбдінұрдың спорттағы мүмкіндігі мен ептілігін байқаған ата-анасы 6 сыныптан кейін облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебіне береді. Қазіргі таңда ол мектептің 11 сынып түлегі. Спорт мекемесінде оны білікті маман, бапкер Руслан Сексенбаев жаттықтырып, шәкірті бәсекелі жарыстарда өнер көрсетіп жүрген жайы бар. Әбдінұр бұл уақытқа дейін Азия чемпионаты мен Әлем ойындарында кіл мықтылармен белдесіп, ел қоржынын алтынмен толтырып келген.

Балуанның арманы мен мақсаты айқын. Ол өзге спортшылар секілді еліміздің спортының дамуына үлесін қосып, қазақтың абыройын асқақтатып, әлем чемпионатында, олимпиадаларда өнер көрсетіп, еліміздің Туын жеңіс тұғырында желбіретуді көздейді.

-Мені спортқа ағам Досымжан алып келді. Қолымнан жетектеп, белдесіп жатқан балғындардың арасына кіргізіп, жаттықтырушыларға сеніп тапсырды. Осындай жетістікке жетуіме себепкер болғаны үшін ағама алғысымды бідіремін.

Спортшы болу оңай емес. Бар күш-жігеріңді, уақытыңды жаттығу залына арнап, шынығасың. Онсыз жеңіс болмайды. Еркін күресте кілемге әр елдің өз мықтысы келеді. Жарыста іріктеліп, тек мықтылар ғана орын алады. Барлығының мақсаты бір – жеңістің тұғырынан көріну. Бұл жолы да мен алтын аламын деген оймен бардым. Финалда  қарсыласым ресейлік Магомед Байтукаевпен белдестім. Белдесу барысында біраз қиындықтар болды.

Енді, сол қателіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Барлығын ретке келтіріп, дұрыс әдіс-тәсілдерді үйренудеміз. Бірден чемпион бола алмайсың. Алдыңнан түрлі сынақ шығады. Барлығына мойымай, жеңіске қарай ұмтылуың керек. Менің позициям осындай. Қателікпен жұмыс жасап, жеңіске ұмтылу.

Еліміздің еркін күрестен еңбек сіңірген спортшысы, олимпиада ойындарының жеңімпазы Ақжүрек Таңатаровты үлгі тұтамын. Ағадан үйренерім көп. Ол спортшыларды демеп, үнемі қол ұшын беріп жүреді. Маған да оның көп көмегі тиді.

Жеңіс тұғырында еліміздің Әнұраны орындалғанда жүрегім елжіреп, көзіме ыстық жас келді. Бойымда патриоттық сезімім тулап, бақытты сезімде болдым. Сенімнің ақталғанына, еңбегімнің еш кетпегеніне қуандым. Жеңісті сәттегі спортшының бойындағы күйді, сезімді бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өзге елде жүргенде біздің Мемлекеттік рәміздеріміз спортшыларға рух береді. Тәуелсіз елдің ұрпағы екеніңді сезіндіреді. Еліңмен, туған жеріңмен мақтанасың, – дейді ол өз сөзінде.

Жүрегінде туған елге деген патриоттық сезімі бар Әбдінұрды жерлестері де мақтан тұтады. Жас та болса жеңістің дәмін татып, алға қарай ұмтылғанына қуанады. Ендеше, туған жерден түлеп ұшқан балуанға жеңісті күндерің көп болсын деген тілегімізді білдіреміз.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close