Qoǵam
Өткендерді ескерген – өскендіктің белгісі
Қаламгер, қоғам қайраткері Рахымбай Сатаевты шәкірттері еске алды
Қасиетті жұма күні Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында жуалылық республика журналистикасының ардагері, белгілі ұстаз, баспагер Рахымбай Сатаевты еске алуға арналған жиын болды. Оған «Тоғанай Т» ЖШС-нің директоры, «Жыл он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайұлы, профессор, экономика ғылымдарының докторы, академик Мұхтар Тінәсілов, ардагер жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет, ардагер журналист Бекет Момынқұлов, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің мүшесі Кемел Дәуренов, Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Қайыпбеков, Т.Дүйсебайұлы ауылының имамы Пернебек Бердімбетов, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Шерхан Оспанов және бауыры Рахымжан Сатаев, бала кезден жолдасы Сұтанғазы мен жолдасы Тауар апа, інісі Мақұлбек, қарындасы Зейнеп, ұлы Асқар, қызы Ақмарал, немересі Ағыбай, бір топ ауыл ақасақалдары мен ағайын-туыс, жора-жолдастары қатысты.
Жиналғандар бірінші бейіт басына барып, ардагер журналистің рухына бағыштап құран оқыды. Жолдастары мен шәкірттерінің атынан басына құлпытас орнатылды.
Жиналған көпшілік Рахымбай Сатайұлының інісі Таубайдың ұлы журналистің еншілес інісі Әбдісәләм мен келіні Қаламқастың шаңырағында арнайы жайылған дастарқан басында бас қосты.
Дастарқан басына жиналған көпшілік Рахымбай Сатайұлының жақсы қасиеттері жайлы естеліктерімен бөлісіп отырды.
Бірінші болып сөз кезегін алған Талғат Айтбайұлы ұстазының өзіне аманат етіп тапсырған қолжазбаларын кітап етіп шығарып, көпшілікке таратты. Кітап «Мен – ел туралы, ел – мен туралы» деп аталады.
Рахымбай Сатайұлы 1938 жылы «Жаңа ауыл» (қазіргі Т.Дүйсебайұлы ауылында) колхозында шопанның отбасында дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Шымкент кен-металлургия техникумына, өзінің талабы мен қалауы бойынша 1961 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түскен. Жас журналистің еңбек жолы 1965 жылы Қазақ телевизиясынан бастау алады. Алғашқы жылдары тілшілік қызмет атқарған Рахымбай Сатаев кейіннен редактор, бас редактордың орынбасары баспалдақтарына дейін көтерілді. Қазақ телевизиясында жүрген уақытында өзінің туған жері Жамбыл өңірі жайында, облыс еңбеккерлерінің күнделікті тұрмыс-тіршіліктері турасында репортаждар, телесюжеттер мен көлемді хабарлар ұйымдастырып, бүкіл республикамызға таратты. Атап айтар болсақ, 1968 жылы Мойынқұм ауданындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 70 жылдық мерейтойы туралы бір сағаттық телехабар ұйымдастырып, оған обкомның бірінші хатшысы Б.Сәдуақасов, ақын Кенен Әзірбаев және ауданның белгілі малшылары қатысқан. Дәл осы жылы Қордай ауданындағы «Трудовик» колхозына Ленин орденін тапсыру салтанатынан 30 минуттық телехабар ұйымдастырды. Роза Люксембург атындағы совхоздың қант қызылшасын өсірушілері жайында мәнді де мағыналы телехабарлар дайындалды. Жуалы ауданы бойынша КПСС ХХIV съезінің делегаты, кезінде астықтан рекордтық өнім алған «ХХІІ партсъезд» колхозының төрағасы Жұрымбай Медетов, аудан орталығындағы жүн өңдеу фабрикасының тынысы, КСРО колхозшыларының бірінші съезіне қатысқан еңбек ардагері Әбделі Елеуов сынды азаматтар Рахымбай Сатайұлының телехабарларлары арқылы бүкіл елге танылып жатты десек артық айтқандық емес. Р.Сатаев өңір еңбеккерлерінің әрбір қуанышты сәттерін, жеткен жетістіктері мен табыстарын дер кезінде жалпақ жұртқа паш етті. Бұл, әрине, өз кезегінде әрбір азаматтың еңбекке деген құлшынысын, ерік-жігерін арттырып, жас буын өкілдеріне де зор ықпал тигізгендері анық. Журналист өз ісі арқылы туған жеріне, халқына деген шынайы махаббатын көрсетіп қана қойған жоқ, халықты ерінбей еңбек етуге жігерлендірді. Қазақ телевизиясына мағыналы да көркем хабарлар, репортаждар дайындап, оның дамуына зор үлес қосты. Тынымсыз еткен еңбегінің арқасында бүгінде Р.Сатаевтың есімі Қазақ телевизиясының тарихында алтын әріптермен жазулы.
Рахымбай Сатайұлы 1977-1988 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде журналистика факультеті деканының орынбасары болып әрі ұстаздық етіп, журналист кадрларын даярлауға елеулі үлес қосты. Білімгерлерге тіпті кітапханалардан іздеп табылмайтын қызықты деректер мен мәліметтерді айтып, саналарына сіңіруге барын салатын. Сондықтан, әрбір білімгер оның лекцияларын қалт жібермеуге тырысатын. Жақсы оқитын, білімге құштар жасты жігерлендіріп, кеңес беріп отырудан бір жалықтайтын. Сондықтан да болар, қазіргі таңда Р.Сатаевтың шәкірттері арасында ел құрметіне бөленіп жүрген қаламгерлер жетерлік. Атап айтар болсақ, белгілі сатирик Толымбек Әлімбек, жазушы-журналист Талағат Айтбайұлды, ақын, жазушы-журналистер – Талғат Сүйінбай, Доқтырхан Тұрлыбек, Қасым Әзімханов, Алпысбай Шымырбай, Мырзахан Ахметов, Мақұлбек Рысдәулет, сондай-ақ бүгінгі таңда облыстық «Ақ жол» газетінде жемісті қызмет атқарып жүрген бірқатар белгілі журналистер – Р.Сатайұлының тәрбиелеген шәкірттері.
Ұлағатты ұстаз, көрнекті журналист, қоғам қайраткері Рахымбай Сатаевтың басына құлпытастың қойылуына осы аты аталған шәкірттері және жуалылық, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ардагер-диктор Ұлжан Пармашқызы, тағы да басқа азаматтар үлес қосты.
«Өлі ырза болмай, тірі байымайды» демекші, әруақты еске алып, құран бағыштау – тірінің парызы. Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан озық дәстүрлеріміздің бірі. Осындай жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі әрі сауапты істің ұйымдастырылуына ұйытқы болған Талғат Айтбайұлы және басқалар Рахымбай Сатаевтың кішіпейіл, мейірімді, көпшіл, қонақжай, шарапаты мол жан болғандығы туралы естеліктерімен бөлісті.
Ұлағатты ұстаз, көрнекті журналист Рахымбай Сатаевтың ұлы Асқар мен қызы Ақмарал және іні-қарындастары өзінің шәкірттік парызым деп әкелері туралы кітап шығарып берген және құлпы тасының орнатылуына ұйытқы болған Талғат Айтбайұлы мен бір топ журналист-жазушыларға алғыстарын білдірді.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»