Qoǵam
Ауданның өнерлі жастары бас қосты
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығының қызметкерлері Шарифат Каниева және Назгүл Серкебаеваның ұйымдастыруымен «Жалынды жастар – Қазақстанның жарқын болашағы» атты жастар библиосейшині өтті. Жиынға ауданның білім ошақтарындағы және мәдениет саласындағы жемісті еңбек етіп жүрген жас мамандар жиналды. Шара барысында орталықтағы түрлі- түсті теледидардан жастар туралы мағыналы бейнеролик көрсетіліп тұрды. Жиынға қатысып отырған жастардың барлығы «Жастар жылының» эмблемасын тағынған. Бұл көріністерден аудан жастарының белсенділігі, ынтымағы мен бірлігі сезілді.Библиосейшинді «Білім» орталығынының қызметкерлері ашып, шараның мақсатына тоқтала келе, шара қатысушы жас мамандарды таныстырды. «Бүгінгі жастар – егеменді елдің ертеңгі үміті, ата-бабамыз сан жылдар армандаған тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын ұрпақ жалғасы» деген шараны жүргізушілер ортаға Шақпақ ауылдық округіндегі №4 Балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімдері Нұрдәулет Баймағанбет пен Ғалымжан Құнанбайды шақырды. Жандарына қасиетті қара домбыраны серік еткен жас мамандар Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлете орындады. Одан кейін кезек аталған өнер мектебінің театр сыныбының мұғалімі Жанар Жаппаеваға беріліп, ол «Туған жерім тамаша» әнін әуелете шырқады.
Рухани ошақ саналатын кітапханада өткен шара барысында жас мамандарға ұйымдастырушылар «Жастар жылын қалай тиімді өткізуге болады? Оларға билік пен Үкімет тарапынан қандай қамқорлық жасалғаны жөн? Адам мамандық таңдауда нені басшылыққа алу керек? Жақсы маман болу үшін нені үйрену керек?» секілді сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Қойылған сұрақтарға алғашқы болып Жанар Жаппаева жауап беріп, ол мамандық таңдауда бірінші қабілетіне қарау керектігін айтса, ал Ғалымжан Құнанбай жас маманға бірінші талантын шыңдап, еңбегінің жемісін көру керектігін атап өтті. Ал, Мадияр Сағынбек аудан жастарының биылғы жылға өздерінің сүбелі үлестерін қосып жатқанын айта келе, еліміздегі жастар үшін жасалған тиімді бағдарламалардың аясында табысты жұмыс жасап жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, өзі «Жастар іс тәжірибесі» аясында тәжірибе жинақтап, қазіргі таңда аудандық «Достық» мәдениет үйінде тұрақты жұмыс жасап жатқанын тілге тиек етті. Жас буын өкілдерінің арасында Анар Махмудова да өз ойын ортаға салып, жастармен тұрақты жұмыс жасайтын «Жастар ресурстық орталығына» алғысын білдірді.
Одан кейін сөз алған Нұрдәулет Баймағанбет «Бұл мамандықты таңдауымның себебі, анамның арманын орындау болатын. Анам марқұм мені қазақтың дәстүрлі күйлерін дәріптейтін жан болғанымды қалап еді. Міне, қазіргі таңда ұрпаққа ата-дәстүрімізді жеткізу мақсатында еңбек етіп, өнер мен жұмысымды қатар алып жүрген жайым бар» деп, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тарту етті.
Сондай-ақ, библиосейшинде №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Анар Махмудова «Әппағым», №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Райхан Айдарова «Туған ел», аудандық «Достық» мәдениет үйінің жас маманы Мадияр Сағынбек «Елім менің» және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жас маманы Еркебұлан Тәліпбек «Тәтті әнім» атты әндерін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Жастармен кездесу шарасын қорытындылау үшін сөз кезегі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаеваға берілді.
– Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаннан бері елімізде осы тақырып аясында түрлі ауқымды, мағыналы іс-шаралар өту үстінде. Осы орайда бізде сол игі шаралардан тыс қалмайық деген ниетте сіздермен жүздесіп отырмыз. Рухани ошақ саналатын киелі шаңырақта ашылған «Білім» орталығында жастармен түрлі келелі әңгемелер жүргізіліп тұрады. Бүгінгі кездесуде жастардың көзқарасына сай заманауи тақырып алынғаны көңіл қуантарлық жайт. Жастар – еліміздің ертеңі. Мемлекетіміздің жарқын болашығымыз да мына сендердің қолдарыңда. Сол себепті де сендерге үлкен сенім мен үміт артылып отыр. Алдағы уақытта сол үкілеген үміттің үдесінен шығатындарыңа сенім білдіремін. Жастарға тек биыл ғана емес, алдағы уақытта да көмек-қолдау қажет. «Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп ұлы Абай айтпақшы, әрқайсың өмірден өз орныңды тауып, жемісті еңбек етуіңе тілектеспін, – деп жастарды кітапханаға келіп, кітап оқуға шақырды.
Сонымен қатар Бақыткүл Сыдықбекқызы шараға белсене қатысқан жас мамандарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Айгүл Қалымханқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»