Qoǵam
Тура биде туған жоқ
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз. Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазақстан – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қабылдаған және осы мәселе бойынша халықаралық конвенцияға мүше болған алғашқы ТМД елдерінің бірі.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу ісін барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Назира ҚҰлманова,
Жамбыл ауданаралық Әділет
басқармасының басшысы