Qoǵam

«Мәміледе» еркін пікір алмасты

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жамбыл облысы Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тіл – достықтың дәнекері» атты әлеуметтік жоба аясында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі «Білім» орталығында Қазақтану жобасынан құрылған «Мәміле» қазақ тілінде әңгімелесу клубының көшпелі отырысы өтті.
Отырысқа аудандық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Шараның мақсаты – қазақ тілін отбасындағы қарым-қатынас тілі ретінде қолданып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін көпшілікке танымал ету. Сонымен бірге өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді білетін тіл жанаршырларының қатарын көбейтуге және этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген ынта-ықыласын арттыруға ықпал ету.
Кездесуді Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның этномәдени бірлестіктермен мемлекеттік тілдерді оқытумен, айналысатын маманы Кенжебай Өмірбек ашты. Ол келушілерге бүгінгі іс-шараның мақсатын түсіндіріп, сөз кезегін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі БақтиярБекназаровқа берді.
-Құрметті қатысушылар! Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, қазақ елінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру жөнінде тапсырма берілді. Бұл жобаның басты мақсаты – қазақстандық этностар арасында қазақ халқының гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын қалыптастыру, қазақ халқының бірлігі мен достық дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мен сабақтастық тетігін құру болып табылады. Олай болса, «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл…» демекші, бүгін «Үйлену», яғни «Құда түсу», «Құдалық» туралы ой қозғап, тіл үйренейік, – деді Бақтияр Арманұлы.
Ашық диалогта Б.Арманұлы қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы ашық әңгіме өрбітті. Қатысушылар да белсенділік танытып, әр ұлттың өкілдері өздерінің салт-дәстүрлері туралы ой бөлісті. Жиында «Мехрибан-Шаңырақ» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедова сөз алып, әзірбайжан халқының салт-дәстүрі жайында кеңінен әңгімелей келе, олардың дәстүрлері қазақ халқының салт-дәстүріне ұқсайтынын айтып өтті.
Сондай-ақ, кездесуде №30 Көктөбе орта мектебінің оқушысы, украин ұлтының өкілі Елена Петреченко Абай Құнанбаевтың «Күз» өлеңін мәнерлеп оқыса, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің оқушысы, әзірбайжан ұлтының өкілі Милана Саядова қазақтың қара домбырасымен күй орындады.
Кездесуді Бақтияр Арманұлы қорытындылап, мемлекеттік тілді үйренушілерге алдағы уақытта «Мәміле» алаңында қазақ тілінде еркін әңгімелесуге шақырды.
Айгүл Аманқұл,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close