Qoǵam
Шәкірттердің жүрегіне жол тапқан ұстаз
«Ғалым да, шахтер да бас иетін,
Ұстазым бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді-ау асыл бейнең»,- деп ақын ағаларымыз жырлағандай, адам тәрбиелеу – ұлы іс, ұлы міндет. Яғни, ұстаздық – ұлы қасиет.
Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы. Ұстаз бағасын шәкірті береді. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады.
Ұстазға ең бірінші керек қасиет – адам бойында сирек кездесетін көркем мінез, сабырлылық, білім мен қажырлы еңбек. Жақсы ұстаз кез келген жанның өмір бойы есінен шықпайды. Әсіресе, мектеп табалдырығын имене аттаған бүлдіршін үшін әріп танытып, қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстаздың орны ерекше.
№1 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Жанат Тоғатаева шәкірттерінің жүрегіне жол таба білетін ұлағатты ұстаздардың бірі. Сабырлы, алдындағы әрбір бала үшін барын салып еңбек ететін жан әрбір шәкіртінің білімді, саналы азамат болғанын аңсайды.
Жанат Сәтқызы 1973 жылы 27 наурызда Тараз қаласында дүниеге келген. Мектеп бірген соң бала кездегі арманының жетегімен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі.
Еңбек жолын Тараз қаласындағы Макаренко атындағы мектеп-интернатта тәрбиеші болып бастаған. 1995 жылы ауданымыздағы Ынтымақ ауылының азаматы Серғали Пралиевке тұрмысқа шығуына байланысты еңбек жолы Ынтымақ негізгі мектебінде жалғасады. Яғни, бес жыл осы мектепте тәлімгер, кітапханашы болып еңбек етеді. 2002 жылы алғаш рет 1 сыныпқа сабақ береді. Яғни, өзінің мамандығы бойынша жұмысын бастайды. 2007 жылы Бауыржан Момышұлы ауылына қоныс аударуына байланысты №1 мектеп-гимназияға жұмысқа орналасады. Бұл мектепте үш рет бастауыш сынып түлектерін жоғары сыныпқа шығарып салады. Бүгінгі таңда төртінші түлектерін оқытуда. Олар биыл екінші сынып оқиды.
-Әкеміз Тоғатаев Сәт пен анамыз Ізтай Әзизбекова екеуі де қарапайым жұмысшы болған жандар. Біз отбасымызда екі ұл, екі қызбыз. Ата-анамыз қанша жұмыстан шаршап келсе де бізге көп көңіл бөлетін. Әсіресе, әкемізбен көп сырласатынбыз. Өмірде көрген-білген, көңілге түйгенімен бөлісіп, ақылын айтып отыратын.
Сіңілім екеуміз бала кезден мұғалім болуды армандадық. Қолымыз босағанда мұғалім болып ойнайтынбыз. Қазір, Аллаға шүкір екеуміз де мұғалімбіз.
Ал, келін болып түскен отбасымда атам да, енем де мұғалім болған жандар. Атам мұғалімдіктен директорлық қызметке дейін көтерілген білімді, тәжірибелі жан. Енем бастауыш сынып мұғалімі болған. Бір қызығы үш абысын үшеуміз де бастауыш сынып мұғаліміміз.
Өзімнің мамандығым өзіме қатты ұнайды. Баламен жұмыс істеу жаныма жақын. Жұмысқа барсам, керісінше демалып қайтамын. Мұғалімге жүктелген міндет қай қоғамда болмасын ауыр. Өйткені елдің баласының білімі, болашағына жауаптымыз. Сондықтан әр сабаққа бей-жай қарауға хақымыз жоқ.
Алғашқы түлектерімді оқытқанда ол кезде ұялы телефон, компьютер аз болғандықтан болар олар тек кітапқа сүйеніп сабақ оқитын, білімдері өте жақсы еді. Ал, қазір ақпарат құралдары көп болғандықтан балалар телефонға, компьютерге сүйеніп, дайын ақпараттарды ала салады, уақыттарының көбін осы құралдарға жұмсайды.
Бастауыш сынып – бұл білімнің іргетасы қаланатын маңызды кезең болғандықтан, жауапкершілігі өте жоғары.
Басты мақсатымыз – балаға жан-жақты білім беру. Яғни, сауат ашудан балаға буындап оқытудан бастап жылдам оқуға дейін үйрету, баланың есте сақтау қабілетін дамыту. Математикадан түрлі есептерді 0-ден, 1-ден бастап бірнеше есеп шығару жолдарын, көп таңбалы сандарды қосу, азайту, көбейту, бөлуге дейінгі жолдардың барлығын балаларға үйрету. Балаларды сонымен бірге дұрыс сөйлеуге, ойын еркін жеткізе білуге үйретіп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрлерін, мәдениетін, ана тілін сыйлауға, өзара жақсы қарым-қатынасқа, достыққа тәрбиелейміз.
Ал, қашықтан оқуға келетін болсақ, балалар көп ақсап жатыр. Себебі, көптеген оқушыларға үйдегі жағдайлары сәйкес келе бермейді. Балаға жеке телефон немесе компьютер керек. Оған қоса балаға тыныш бөлме және қадағалау, ата-ана тарапынан көмек, қолдау қажет. Мұндай мүмкіндік барлық балада бола бермейді.
Ұстаз үшін де қиын. Баланың алдыңда отырып алған біліміне жетпейді. Баланың қай сабақта қандай кемшілігі бар, нені түсінбей отыр, оны көзалдыңда қадағалап, дер кезінде түзетуге күш саласың. Түсінбей отырған оқушымен жеке қосымша жұмыс жасаймыз. Ал қашықта болғаннан кейін, баланың қалай оқып отырғанын көрмейсің, кері байланыс орнату кейде тіпті қиын болып кетеді. Оның үстіне әр баланың қабылдауы әртүрлі.
Бұл жағдай енді біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан пандемияға қатысты орын алып отыр. Сондықтан балалардың уақытша қашықтан білім алуына ұстаз, ата-ана болып көмектесуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз бірігіп, бұл сыннан да аман-есен өтуімізге тілектеспін.
«Білімдінің қолында алтын шырақ» демекші, білімді жастың келешегі зор. Еліміздің дамуы жолында да білімді, тәрбиелі жастардың орны да, рөлі де үлкен,- дейді Жанат Сәтқызы.
Ұлағатты ұстаз жолдасы Серғали Пралиев екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Балнұр тұрмыста. Мамандығы – психолог. Үш перзенттің анасы. Екінші ұлдары Ерғазының мамандығы – архитектор. Үшінші қыздары Барна биыл мектепті Алтын белгімен аяқтап, Астана халықаралық университетіне орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға грантқа түсті. Ал, ұлдары Ерсай 4 сыныпта оқыса, кенжелері Зехра үш жаста.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Жанат Сәтқызы отбасында да жолдасы екеуі ұл-қыздарының біліміне, тәрбиесіне қатты көңіл бөледі. Балаларының иманды, кішіпейіл, еңбекқор жан болып есеюлеріне барын салуда.
Әріптестерінің арасында да өзіндік орны бар, сыйлы, еңбекқор жан Жанат Сәтқызы ұстаздықты Алланың өзіне берілген сыйы деп есептейді.
Перизат Шымыртайқызы,
«Jańa ómir»