Qoǵam

Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді

Жастар – қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Еліміздің ертеңі саналатын жастарға зор үміт артылатыны белгілі. Бүгінгі таңда еліміз біраз жетістікке жетті. Осы жетістікті әрі қарай жалғастырушы да жастар екені анық.
Биылғы жылы ауылдағы жастардың кәсіпкерлікпен айналысып, жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалып отыр. Осы орайда, ауданның жастары да Жастар жылы аясында белсенділік танытып, кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойған. Солардың бірі – Динара Абдуалиева іскер жастардың қатарынан табылып, кәсібінің нәсібін көріп отырған жайы бар.

Ол 1995 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда білім алып, кейіннен білімін Тараз қаласындағы №42 мектепте жалғастырады. 2010 жылы «Тараз-Сервис» колледжіне оқуға түсіп, шаштараз мамандығын алып шығады. 2013 жылдан бастап «Кәусар» сұлулық салонында шаштараз болып жұмыс істеп келеді.
-Мен бұл кәсіпті таңдағаныма өкінбеймін. Ең бастысы, өз ісіңнің шебері болсаң болғаны. Адамдарға, әсіресе әйелдер қауымына сұлулық пен әсемдікті сыйлай білсек, біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Әрине, орталыққа әртүрлі тұтынушы келеді. Барлығының көңілін тауып, сұранысына сай қызмет көрсетіп беруге тырысамыз.
Әр адам мамандығын сүйе білгені дұрыс деп ойлаймын. Осы ретте мен былтырғы жылы жеке кәсіпкер Жанерке Махимовадан «Кәусар» сұлулық салонын сатып алдым. Бұл орталықты аудан тұрғындары осы кәсіпкер арқылы жақсы таниды. Сол себепті, орталықтың атауында өзгертпеуді жөн санадым. Сұлулық салоны ашылған күннен бастап тұрғындарға қызмет көрсетіп келемін. Өзіме таныс сала болғандықтан қазіргі таңда орталықтың жұмысын алға жылжыту үстіндемін. Сонымен қатар, осы сұлулық салонының жанынан кешкі көйлектерді жалға беретін орын аштым. Бұл – менің арманымның бірі еді. Ендігі ойым Мәскеу қаласына барып, біліктілігімді арттыру болып отыр. Осы уақытқа дейін Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында шеберлерден сабақ алып, шаш үлгісін жасаудың қыр-сырын үйренген болатынмын, – дейді Динара Мұзатбекқызы.
Кәсібінің нәсібін көріп отырған Динара сұлулық салонының жұмысын алға жылжытуды, қызмет көрсету түрлерін көбейтуді, жаңа технологияларды меңгеруді және тұрғындарға қызмет көрсету сапасын көтеруді мақсат тұтқан жан.
Білікті маман алдына келген тұтынушыны жалықтырып алмас үшін де әсерлі әңгіме айтып, пайдалы кеңестерімен бөліссе, бұл да шебердің біліктілігінің жоғары екенін білдіреді. Шебер шаш қию, бояу, емдеу, өсіру, тағы да басқа түрлерін және әртүрлі шаш үлгілерімен жұмыс жасауды жетік меңгерген. Бір ұжымда тоғыз жас маман, яғни Данақыз, Әсем, Әйгерім, Айша, Дана, Гүлдана, Шынар, Айдана және Сағыныш тұрғындарға шаш сәндеу, бет әрлеу, тырнақ күтімі сынды қызмет түрлерін көрсетуде. Жас кәсіпкер Динара Мұзатбекқызы осы мамандықты үйренем деушілерге өз тәжірибесімен бөлісіп, 20-ға жуық маман даярлаған.
«Жас келсе, іске» демекші, Динарадай арманы асқақ, мақсаты айқын жастардың игі бастамалары өз нәтижесін беріп жатса, ауданымыздың дамуына қосар үлесі зор болар еді.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close