Qoǵam

Қор қаражаты тегін медициналық көмек алуға жұмсалады

2020 жылдың 1 қаңтарынан елімізде мемлекет пен тұрғындардың ынтымақты жауапкершілігін білдіретін жаңа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізіледі. Жаңа жүйе қандай мақсаттарды көздейді, одан мемлекет пен халыққа не пайда келеді?
Төменде осы және басқа да сауалдарға Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Батихан Алпысбайұлы жауап береді.
– Батихан Алпысбайұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не, ол нендей мақсаттарды көздейді?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз (МӘМС) – бұл халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерін әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі.
МӘМС жүйесіне қатысушыларға уақтылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсыну қамтамасыз етіледі.
Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды. Жүйе нақты енгізілген мезгілден бастап қазақстандықтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударатын болады. Ал, қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға беріліп отырады.
Қазақстандықтарға медициналық көмектің екі пакеті ұсынылады. Оның біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірілген көлемін ұсынатын базалық пакет, мемлекет есебінен медициналық көмек алу, мұнда жедел жәрдем қызметі, санитариялық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі, жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлерін амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік-шаралары, медициналық оңалту, паллиативтік көмек және жоғары технологиялық көмек кіреді.
– МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейді?
– МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген: жүйе енгізілген мезгілден бастап жұмыс беруші 2 пайыздан бастап, жыл сайын 1 пайызға арттыру арқылы 5 пайызға жеткізу көзделген. Ал, қызметкерлер жарнасының көлемі 2 пайызға тең, екінші жылы 1 пайыз, ал үшінші жылдан бастап 2 пайызға теңестірілмек. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) жарнасы кірістерінің 7 пайызына тең. Ал аударым алғашқы жылы 2%, кейінгі жылы — 3%, әрі қарай – 5%, соңғы жылы 7 пайыз болады.
– Азаматтар өздерінің «сақтандырылғанын» қалай біледі?
– Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған барлық сақтандыру жарнасына қатысты мәліметтер ашық түрде болады. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық түрде көре алады. Қорда жиналатын қаражаттың медициналық қызметтерге бағытталуы өте маңызды, сондықтан қаржы емделетін әрбір азаматқа тікелей бағытталады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын азаматтар бар. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мұндай азаматтардың 15 санатын белгілеп отыр. Олардың қатарына:
1) балалар;
2) көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І, ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар;
3) ҰОС қатысушылары және мүгедектері;
4) мүгедектер;
5) жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;
6) интернатта тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;
7) бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейін бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;
8) күндізгі оқу нысандарында білім алып жатқан адамдар;
9) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;
10) зейнеткерлер;
11) әскери қызметкерлер;
12) арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері;
13) құқық қорғау органдарының жұмыскерлері;
14) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
15) уақытша ұстау абақтылары мен тергеу абақтыларындағы азаматтар.
– Медициналық сақтандыру не үшін керек?
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі осында. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Әрине, жоғарыда аталған кейбір медициналық қызмет түрлері бұрынғыдай мемлекет есебінен жүзеге асады.
Еуропаның дамыған елдерінде науқастардың дертін ерте кезінен анықтап, емдеу ісі қолға алынғалы қашан? Ал емдеуді ерте бастау үшін халық жиі медициналық тексерулерден өтіп отырады. Осының нәтижесінде елдегі түрлі аурулардың асқынып кетуінің алдын алып, мүгедектердің санын азайтуға мүмкіндік бар.
Қазақстан да денсаулық сақтау саласында осы қадамға баруды көздеп отыр. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да осы.
Медициналық сақтандыру ең алдымен, адамның өз денсаулығына жауапкершілікті арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді.
Медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады.
– МӘМС жағдайында медициналық қызметтер берушіні таңдау қалай жүзеге асырылады?
– Қызметтер көрсетушілерді таңдау және медициналық қызметтерді сатып алу екі кезеңдік үлгі бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекітетін Бірыңғай келісімшарт жасау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады. МӘМС аясында, сондай-ақ ТМККК бойынша ӘМСҚ стратегиялық қызметтерді сатып алушы болады.
Бірінші кезеңде барлық медициналық ұйымдар Бірыңғай медициналық қызметтер берушілердің тіркеліміне енгізілетін болады. Ең төмен белгіленген талаптарға сәйкес болған кезде қызметтер берушілер екінші кезеңге өтеді.
Екінші кезең қызметтер берушілер мен ӘМСҚ (аумақтық филиалы) арасындағы келіссөздер үдесінен тұрады, онда қызметтердің келісілген көлемдері, ақы төлеу мөлшері және нәтиженің индикаторлары айқындалады.
Рәсімдердің қорытындысы медициналық қызметтер көрсетуге арналған шартқа қол қою болып табылады. Өздерінің ақпараттық жүйелері жоқ және оларды құруға мүмкіндігі жоқ медициналық ұйымдар жеке кабинет арқылы жұмыс істеу үшін денсаулық сақтаудың электрондық жүйесіне кіру кілтін алады, сонымен келіссөздер бөлігін қоспағанда, бүкіл үдеріс автоматтандырылған болады.
Бірыңғай медициналық қызметтер берушілердің тіркеліміндегі мәліметтер, оның ішінде дерекқорды жаңарту кезінде қызметтер берушілердің рейтингтері бойынша автоматты түрде өзектендіріледі, осындай рейтингтерді ӘМСҚ көрсетілген қызметтердің сапасын бағалау нәтижелері бойынша қалыптастырады. Бірегей медициналық қызметтер берушілер (жоғары мамандандырылған, жоғары технологиялық) сызбадан тыс – бір көзден тәсілімен тартылуы мүмкін.
– МӘМС енгізуден медициналық ұйым не алады?
– Халыққа медициналық көмек көрсету үшін озық клиникалар ТОП-қа (тізілімге) қосу;
– Тұрақты қаржыландыру;
– Медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру;
– Жаңа медициналық технологияларды енгізу;
– Медициналық қызметтердің сапасын жақсарту;
– МӘМС енгізу жүйесі медицина қызметкеріне не береді?
– Жалақыны арттыру;
– Біліктілікті үздіксіз арттыру мүмкіндігі (Үздік медицина қызметкерінің тізіліміне кіру мүмкіндігі, озық клиникалар, озық медициналық жабдыққа және оның үнемі жаңартылуына ие болады);
– Нарықта бәсекеге қабілетті болады (пациенттің дәрігерді таңдау мүмкіндігі);
– Медицина қызметкерінің жүктемесін кезең-кезеңімен төмендету;
– МӘМС енгізуден халық не ұтады?
– Амбулаториялық-дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету желісін кеңейту арқылы халықтың қызметтерге қолжетімділігін арттыру;
– Сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі деңгейін арттыру;
– Азаматтардың денсаулығын жақсарту және өмір сүру ұзақтығын арттыру көзделіп отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close