Qoǵam

Азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіледі

Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні деп белгіленген.
Азаматтарға қамқор бұл құрылымның қызметі қашанда сұранысқа ие. Өйткені, олар мемлекет қамқорлығын қажет ететін зейнеткерлер мен әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы мен мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсетуге әзір.
Өңірімізде жұмыссыздық деңгейін төмендету мен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әлеуметтік сала қызметкерлері тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандар да үнемі назарда.
Осы орайда аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловпен сұхбаттасқан едік.
-Керімхан Әуесбекұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
-Рақмет!
-Алдымен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мақсаты жайлы айтып берсеңіз?
-Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік стратегияны іске асыру, әлеуметтік әріптестік арқылы ұжымдық еңбек қатынастарын реттеу саласында мемлекеттік басқару және бақылау функциялары бойынша басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып табылады.
-Бөлім қанша мемлекеттік стандарт бойынша халыққа қызмет көрсетеді?
-Біздің бөлімге қатысты 23 мемлекеттік стандарт бар. Алайда оның екі мемлекеттік стандарты бойынша облыстық басқарма тарапынан көрсетіледі. Аудандық бөлімге тиесілісі – 21. Қазіргі таңда оңтайландыру жүргізілуде. Оңтайландырудың нәтижесінде алдағы уақытта 16 стандарт бойынша қызмет көрсетілуі мүмкін.
-Бөлімде қанша сектор бар? Қанша кісі еңбек етеді? Және мереке қарсаңында тәжірибелі, елдің алғысына бөленіп жүрген қызметкерлеріңіз туралы айтып өтсеңіз?
-Бөлімде үш сектор бар. Олар: жұмыспен қамту және ардагерлер мен мүгедектер ісі бойынша сектор, бухгалтерлік есеп және экономикалық сараптау секторы, әлеуметтік көмек көрсету секторы. Одан бөлек бір мемлекеттік емес, азаматтық үйде әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесі бар.
Бөлімде жалпы сегіз мемлекеттік қызметкер бар. Оның ішінде еңбек өтілі көп, тәжірибелі мамандарды атап өтсем, бөлім басшысының орынбасары Гүлшат Наурызова, бухгалтерлік есеп және экономикалық сараптау секторының меңгерушісі Айнұр Ұлтарақова, осы сектордың бас маман-заңгері Эльмира Даниярова, әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі Жаныгүл Махмудова. Сонымен бірге ұжымда өз ісін жақсы білетін жас мамандар да бар.
-Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Сондықтан артқа шегініс жасап, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бөлімнің жағдайы қандай еді, әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі қанша еді, халыққа қандай қызметтер көрсетілетін, штат саны қанша еді? Еске түсірейікші.
Сонымен бірге, бүгінгі таңда салаға бөлінетін қаржы көлемі қандай?
-Мен бөлімде 1995 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бөлім 1999 жылға дейін зейнетақы тағайындау және төлеу бөлімшесі болып келді. Осы жылдан кейін бөлімше екіге бөлініп, мәртебесі өз алдына беріліп, әрі қарай жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша жұмыс істейтін мекеме болып қайта құрылдық. 19 штат болды. 1995 жылдан бастап бес-алты жыл төленбей қордаланып қалған колхоз, совхоздардағы көпбалалы аналардың балаларына төленетін жәрдемақылар 2000-2001 жылдары төленді. Осы бес-алты жылдағы балалар жәрдемақысы бойынша жергілікті бюджеттен жалпы 83 млн теңге төленді.
Ал, қазіргі таңда бір жылдың өзінде бөлімде түрлі мемлекеттік стандарттар бойынша атаулы әлеуметтік көмек, «Еңбек» бағдарламасы, тағы да басқа қызметтер бойынша жалпы 1.млрд теңге қаржы бөлінеді. Үкімет қолдауының нәтижесінде жұмыспен қамтылғандардың саны артып, экономикалық белсенді тұрғындарының үлесі өсіп, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне әсер етуде. Кедейшілік деңгейінен төмен отбасыларға табысын көтеру мақсатында қайтарымсыз гранттар берілуде. Мәселен, былтыр «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауданда 583 отбасына қайтарымсыз грант берілсе, оның 161-і атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар.
Ал, үстіміздегі жылы 80 отбасына грант берілсе, оның тең жартысы атаулы әлеуметтік көмек алатындар.
Мереке қарсаңында мекемемізде еңбек еткен алтын қор – ардагерлеріміз Әсия Оңалбекова, Күләйша Ормантаева, Бибізия Айманбетова, Оңғарбай Оразбаев, Қалбүбі Тәжібаева, Сейсекүл Ақбаева, Еділбай Ақынтаев, Кәрібай Құрмашев және Айша Толышеваны да атап өткенім жөн деп ойлаймын.
-Халықты әлеуметтік қолдау Елбасының назарынан тыс қалған емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында әлеуметтік шараларды жүзеге асыру барысында біраз өзгерістер қажет етіп отырғанын айтты. Ол қандай өзгерістер? Өзгерістердің мақсаты нені көздейді?
-Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі.
Алайда, қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда.
Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес.
Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек.
Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды.
Ал, көмекке шын мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр.
Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырды.
Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады.
Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек.
Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі керек.
Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек» – деді.
Кейбір азаматтарда осындай көзқарас қалыптасқанын жоққа шығара аламаймыз. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе жан-жақты ескерілетін болады деп ойлаймын.
Негізі қазіргі таңда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек еңбекке қабілетті отбасы мүшелері арасындағы масылдықтың алдын алу шараларын жүзеге асыруға және еңбекке қабілетсіз мүшелерді өмірлік қиын жағдайдан шығуға ықпал ететін әлеуметтік бейімдеу шараларына белсенді тартуға бағытталған.
-Сұхбатымызды игі тілегіңізбен аяқтасақ.
-Барша жуалылықтарды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтаймын! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Халқымыздың несібесі артып, мемлекетіміздің абыройы асқақтай берсін!
-Сұхбатыңызға рақмет! Мереке тағы да құтты болсын! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close