Qoǵam

«Welcome to, karasaz!»

Жас өрендер ағылшын тілін меңгеруде

Орталықты 2018 жылы қыркүйек айында осы ауылдың тұрғыны Айгүл Омарова ашқан. Айгүл Жұмабайқызы саналы ғұмырының 40 жылын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған. Осы ауылдағы Пушкин атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, біраз уақыт басшылық қызметтерде жемісті жұмыс істеген.
Орталықтың мақсаты – балаларға сапалы білім беру, олардың тілді жетік меңгеруін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының, яғни ата-аналардың сұранысын қанағаттандыру болып отыр.
Ағылшын тілін оқыту орталығында оқушылар ағылшын тілінен, орыс сыныптарына қазақ тілінен және Ұлттық бірыңғай тестілеуге физика және математика пәндерінен дайындық сабақтары өтіледі. Мұнда білікті, білімді ұстаздар сабақ береді. Мәселен, ағылшын тілі пәнінен Зухра Сапаралиева, қазақ тілі пәнінен Әлия Кебекбаева, физика және математика пәндерінен Жарқынбек Әуезов балалардың білімін шыңдауда.
Бүгінгі таңда орталықтан оқытудың екі кезеңін аяқтаған 30 шақты оқушыға білімін жетілдіргені туралы сертификаттар берілген. Мұнда оқушылар үшін оқудың бағасы жүйелі түрде белгіленген. Мұғалімдердің еңбекақысы да тұрақты, әр айдың 20-нан кейін төленеді екен.
– Тұңғыш Президент-Елбасы үш тілді меңгерудің маңыздылығын осы уақытқа дейін айтып келеді. Тілді меңгеруді әр азамат өз игілігі үшін қажет екенін түсінуі керек. Өркениетті дамыған елдердің қатарына қосылу үшін де қатынас құралы ретінде ағылшын тілін білген жөн, – дейді Айгүл Жұмабайқызы. -Балалар – біздің болашағымыз. Еліміздің болашағы жарқын болуында өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың алар орны мен рөлі зор екені анық. Олар білімді, саналы, тәрбиелі, жан-жақты болса, ешкімнен кем болмайды. Қазіргі ХХІ ғасыр техниканың қарыштап дамыған заманы екені баршамызға белгілі. Заманауи техниканы меңгеруде балалар қиындық көрмегені абзал. Заман талабы осы.
Менің бұл орталықты ашқанда көздеген мақсатымның бірі – балалардың заман талабына сай болуына, тілді жетік меңгеруіне атсалысу. Өзім зейнеткер болсам да, қоғамдағы жағдайларға бей-жай қарай алмаймын. Ауылыма пайдамды тигізсем деген ой болды. Балалардың өмірінің қауіпсіздігін басты назарға алдым. Себебі, оқушылар аудан орталығына көлікпен қатынап, тіл оқыту орталықтарына барып оқиды. Әсіресе, қыстың күні барыс-келісте қиындықтар болып жатады. Ата-аналар «ауылдан оқыту орталығын ашсаңыз» деген тілектерін, сұраныстарын білдірді. Міне, қазір орталықтың ашылғанына бір жылдың жүзі болды. Нәтижесі жаман емес. Бұл жұмысым да өз жемісін береді деп ойлаймын, – деп ол келешек жоспарларымен бөлісті.
Айгүл Жұмабайқызы алдағы уақытта орталықты кеңейтіп, балалардың санын көбейтіп, сұраныс бойынша жұмыс жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, қазіргі таңда балалар демалыста екенін, жаңа оқу жылында тағы да қабылдау басталатынын, жұмыстарын әрі қарай осы бағытта жалғастыратынын айтты. Енді ата-аналардан оқушыларға қазақ сыныптарына орыс тілі пәнін оқытуды ұйымдастыру керектігін сұранысқа енгізіп отырғанын атап өтті.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, жастар өзге тілді білуімен қатар ана тілін де ұмытпағаны абзал. Олардың дені ана тілін құрметтеуді, қадірлеуді адамдық парызы деп біледі. Орталықтан білім алған оқушылар тілді қажеттіліктеріне қарай пайдаланса, нұр үстіне нұр.

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close