Qoǵam

Оқушыларға сөмкелер табысталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз хазіреттің бастамасымен басқарманың жергілікті жерлердегі филиалдары жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке сөмке» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырып келеді.

Міне, таяуда аудандық орталық мешіттің бас имамы, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаевтың ұйытқы болуымен аудандағы тұрмысы төмен 60 шақты отбасының балаларына ішінде оқуға қажетті жабдықтар, жазу-сызу құралдары мен дәптер-кітаптар бар сөмкелер табысталды.
– Жанды жадыратар жаздың шуақты күндерімен бірге оқушылардың да жазғы демалысы аяқталып келеді. Ата-аналар оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау қамына кіріскен. Осы ретте жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы аясында мешіт жамағаты, кәсіпкерлер өңірдегі қамқорлыққа мұқтаж табысы аз, күнкөрісі төмен отбасыларға көмек қолын созып, оқуға қажетті керек-жарақтарын әперуді әдетке айналдырған. Осынау шарапатты шара бүгінде ауданның барлық ауылдық мешіттерінде өтуде, – дейді ауданның бас имамы Нұрлан Жұмакәрімұлы.
Бас имам аудандық мешіттің қабырғасында оқушыларға сөмкелерді табыстай отырып, келе жатқан жаңа оқу жылында оқуда озат, тәртіпті, үлгілі азамат болуына тілектестігін білдірді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close