Qoǵam
Тазалық – баршаға ортақ
«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» демекші, тазалық туралы сөз қозғар болсақ, қоғам тазалығы, тіл, ар-ождан, жеке бастың, қоршаған ортаның тазалығы деп осылай тізбектеле береді. Бұлардың қай-қайсысы да адам үшін маңызды. Ал, біздің бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз – қоршаған ортамыздың тазалығы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тазалыққа байланысты былай деген: «бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес».
Елімізде республика көлемінде жыл сайын көктем-күз мезгілдерінде тазалық, көріктендіру айлығы жарияланып келеді.
Тазалық – баршаға ортақ. «Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде» демекші, әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, туған жерінің қадірін ұғынып, тазалығын сақтауға ынта қоюға міндетті. Алайда, бізде әлі де немқұрайдылықпен қарайтындар саны көп. Кез келген жерге қолындағы қоқысты лақтырып кете береді. Қоршаған ортаны ластағаны үшін көңіліне сызат та түспейді. Ол үшін қалыпты жағдай сияқты. Ал, оның немқұрайды ісінің салдарынан айналамыз ластанып, оны тазалау үшін қаншама күш жұмсалады?!
Жамбыл облыстық мәслихатының 2017 жылғы 27 маусымда №12-16 шешімімен бекітілген Жамбыл облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру Қағидасы бар. Қағида тоғыз бөлімнен, 57 тармақтан тұрады. Онда барлық жеке және заңды тұлғаларға арналған тиісті міндеттер көрсетілген. Оның ішінде негізгі бөлімдеріне тоқталып өтсек.
1. Жалпы ережелер
3.1 абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс, мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың және іс-шаралардың жиынтығы;
2. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету
4.Жеке және заңды тұлғалар барлық аумақта, оның ішінде жеке үй иелері аумақтарында тазалықты сақтайды және тәртіпті қолдайды, белгіленбеген жерде қоқыс (немесе қалдық) үйіндісін тастамайды, абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулет нысандары, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермейді.
3. Аумақтарды жинауды ұйымдастыру
7. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды жинау және күтіп ұстау мынадай жұмыс түрлерін қамтиды:
1) ұсақ және тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару;
2) ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;
3) сыпыру;
4) қамысты, қурайды, шөптерді және басқа да жабайы өсімдіктерді шабу және шығару;
5) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жөндеу және сырлау.
6. Қалдықтарды жинау және шығару
42.Вокзалдарда, базарларда, әуежайларда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлігі аялдамаларында, сауда объектілерінің кіреберістерінде қоқысқа арналған құтылар орнатылады. Халық көп келетін орындарда құтылар бір-бірінен кемінде 50 метр арақашықтықта; аулаларда, саябақтарда, алаңдарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта құтылар орнатылады. Жолаушылар көлігі аялдамаларында және сауда объектілерінің кіреберісінде екі құты орнатылады.
8.Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін күтіп ұстау
46.Қарамағында ғимараттар мен құрылыстар бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері көрсетілген объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін қалпына келтіру, жөндеу және бояу жұмыстарын уақтылы жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерде орналастырылған ақпараттық тақтайшаларды, ескерткіш тақтайларды таза және дұрыс жағдайда ұстайды. Дүкендер мен кеңселердің көшелерге қасбеттермен шығатын витриналары жарықпен безендіріледі.
Міне, бұлар – Қағидадағы ең негізгі бөлімдер. Қағиданың талапқа сай орындалуына барлық жеке және заңды тұлғалар жауапты.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде қоғамдық орындарды ластағаны үшін және жеке тұрғын үй иелері көшеге қоршауының сыртына құрылыс заттарын жинап қойғаны үшін айыппұл салынатыны туралы айтылған.
434-бап. Ұсақ бұзақылық
Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, гүлзарларды ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
505-бап. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру.
1. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады – делінген.
Яғни, көшелерде, қоғамдық орындарда белгіленбеген жерге темекі тұқылын, пластмасса құтыларын, т.б. қоқыстарды тастағаны үшін бес айлық есептік көрсеткіш, яғни 12 625 теңге, ал, көшеге, қоршау сыртына құрылыс заттарын жинап қойғаны үшін тұрғын үй иесіне 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 50 500 теңге көлемінде айыппұл салынатын болады.
Әр мекеме, әрбір жеке және заңды тұлға өзіне тиесілі ғимараттың аумағының таза, көрікті, Қағидада көрсетілген талапқа сай болуына жауапты.
Тазалық, көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру айлығына атсалысу – баршаның міндеті. Яғни, сенбіліктерге атсалысу – мекеме қызметкерлеріне де, жеке тұрғын үй тұрғындарына да ортақ.
Ауданымызда 1 наурыздан бастап көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы жарияланады. Сондықтан айналаны тазалауға кірісуіміз керек. Айнала толы қоқыс. Оны түсірілген суреттер дәлелдейді (суреттер 11 наурыз күні түсірілген). Бұл қоқыстарды басқа ауданнан біреу келіп тастап кеткен жоқ. Осы ауылдың, ауданның немқұрайды, жауапсыз азаматтары тастап отыр. Жаңа айтып өткеніміздей, бұның барлығы қаншама жұмысты атқаруды талап етеді. Сондықтан азаматтардың жауапкершілігін ояту үшін қоғамдық ортаны ластаған азаматтар анықталған жағдайда айыппұл салып, тәртіпке шақыру керек. Әрине, тазалықты, тәртіпті айыппұлмен емес, шынайы жанашырлықпен, жоғары сана-сезіммен, мәдениеттілікпен, жауапкершілікпен орнатсақ нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана таза аудан, таза ауыл, таза аулаға айналамыз.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»