Qoǵam
Ит ұстайтын орын қаңғыбас иттер мәселесін шеше ме?
«Ит адамның досы ғой, талас бар ма
Ортамыздан хақың жоқ аластауға?
Компасың боп үйіңе алып келер
Борандарда, түндерде адасқанда» деп ақын Свет Оразаев жырлағандай, итті жеті қазынаның біріне балап, оның адалдығы қастерлі жануар екенін дәлелдеген.
Қазақ халқы итті адал дос деп, қастерлеп, үй жануары етіп ұстаған. Алайда, иесінің сеніміне адалдығымен кірген жануардың жыртқыш қасиеті бар екенін де ұмытпағанымыз абзал.
Осы ретте, иесіз бұралқы, қаңғыбас иттердің адам өміріне қауіптілігі бір бөлек әңгіме. Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып келеді. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда, адамға шабуыл жасайтыны тағы бар. Оның арты өлімге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.
Жалпы бұл қаңғыбас иттер көбінесе иесі жоқ болғаннан немесе адасып кетуден пайда болады. Ал, мұндай иесіз жүрген иттер әр жерді паналап, қоқыс қалдығын жеп, күн көріп жүретіні айтпасақ та белгілі. Мұндай қаңғыбас иттердің бір тобыры аудан орталығының айналасында да шұбырып жүретінін жиі көреміз. Тіпті, мектептердің айналасында да қаңғыбас иттер қаптап жүретін. Ол, әрине, бірінші кезекте балалар үшін қауіпті.
Жақында ғана Өскеменнің іргесіндегі орман шаруашылығы мекемесінің ауласында ит шабуылынан қаза тапқан қыздың өлімі барша жұрттың жүрегіне батқаны даусыз. Осы оқиғадан кейін елімізде қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары қарқын алды. Аудан орталығының өзінде ит ауланып жатқан суреттер әлеуметтік желілерде пайда болды. Ауылдық жерлерде де тұрғындар балаларына алаңдап, қаңғыбас иттердің ауланғанын құптады.
Аудандық санитариялық-эпидемиологияық бақылау басқармасының мәліметінше, өткен жылы 206 адамды ит қапса, үстіміздегі жылы 175 адамды ит қауып, оларға медициналық көмек көрсетілген. Мамандардың айтуынша, ит қапқан тұрғындар аудандық орталық ауруханаға жеткізіліп, үш рет құтыруға қарсы екпе алып, 90 күн ем қабылдайды. Одан бөлек, мамандар қапқан итті анықтап, арнайы қаулы арқылы 10 күн ішінде қаңғыбас итті жою үшін ветеринариялық қызметке жіберіледі.
Осы ретте, өңірде иттерді аулау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы Жуалы ауданындағы ветеринария стансасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынының директоры Ғабитбек Кебеевтен сұрап білген едік.
Ғабитбек Ақылбекұлы өз сөзінде, ит және мысық аулау үшін облыстық бюджеттен 1,7 млн қаржы бөлінгенін, осы бағытта жұмыстар атқарылып, 900 ит ауланғанын айтып өтті. Ал, жақында Б.Момышұлы ауылынан және ауылдық округтерден өтінім түсіп, 52 ит ауланған екен. Жалпы ауданда ит аулау жұмыстары Жамбыл облыстық мәслихатының үй жануарларын күтіп-баптау қағидасы аясында жүргізіледі.
Ит аулау жұмыстары негізінен өтінім арқылы көктем және күз айларында ұйымдастырылады. Аудан көлемінде алты-жеті мың көлемінде ит тіркеуде тұр. Оларға құтыруға қарсы екпе салынып, жұқпалы ауруларға қарсы дәрілер беріліп тұрады.
-Иесіз және қаңғыбас иттердің көбеюіне тікелей тұрғындардың жауапсыздығы әсер етіп отыр. Үйде ит ұстағаннан кейін оның бос жүрмеуін жіті қадағалау керек, – дейді Ғ.Кебеев. – Одан бөлек, ит алты ай сайын екі рет балалайды. Бір ит кемінде бес немесе одан да көп күшік табады. Міне, ит балалаған соң егелері оны сай-салаға әкеліп тастап, содан қаңғыбас иттер пайда болады. Оны жою мүмкін емес. Итті қажетсіз зат сияқты лақтырып жібереді.
Жұртшылық ұстаған үй жануарына немқұрайдылық танытпауы қажет. Итті үйінде байлаулы ұстауы қажет.
Өскемендегі қайғылы оқиғадан кейін елімізде көп өзгеріс орын алды. Тұрғындар да «WhatsАрр» желісінде де белсенділік танытып, аудандағы қаңғыбас иттерді аулау туралы ұсыныстарын көптеп тастады. Әрине, біз итті ауылдық округтерден ұсыным түссе, бірден аулауға кірісеміз. Осы оқиғадан кейін аудандық бюджеттен де қаржы бөлініп, ит аулау жұмыстарына тартылды.
Сонымен қатар, елімізде тұрғындардың жауапкершілігін арттыру мақсатында заң жобасы әзірленуде. Бұл заңда үй жануарын ұстаған адамға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Әркім қоғамға зиянын келтірмейтін үй жануарын ұстауы қажет. Иттің паспортын алып, чиптеу, жұқпалы ауруларға қарсы екпелерін алу міндеттеледі. Себебі, ит пен мысық жұқпалы ауруларды таратушы жануар.
Әр ауылда иттер бос жүреді. Ауылда бос жүрген ит кімнің иті екенін тұрғындар өзі біледі. Міне, сондықтан ауылдық округ әкімдері учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс істеп, ит иелерін жауапкершілікке тартуы керек. Сонда ауылдағы бос қаңғып жүрген иттердің қатары азаяр еді, – дейді ол.
Қоғамда итті аулап, оны ұстайтын арнайы орын керек екені жиі айтылады. Осы ретте, ауданымызда ит ұстайтын орынның жері белгіленіп, алдағы уақытта қаржы бөлінсе, құрылысы басталып, соғылатын болыпты. Мұны бізге Ғабитбек Ақылбекұлы сұхбат барысында ит ұстайтын орын соғу мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей, енді ғана қолға алынып жатқанын айтып қалды. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы ғимараты беріліпті. Бұл ғимаратта ветеринар маман үй жануарларына арналған дәрігерлік клиника ашу ойда бар екенін де атап өтті. Клиника ашылса, ота жасалып, жылжымалы клиниканы іске қосу жоспары да бар.
– Ит ұстайтын орынды соғу – үлкен мәселе. Ит ауланған соң, оны ұстап күтетін орын керек. Ал, аудандағы «Беккери» шұңқырлары да толды. Енді кезекте тағы да осындай шұңқырлар қажет.
Иттің кінәсі жоқ. Сөзімнің соңында өзге және өзіңізге зияны тимесін десеңіз, үй жануарларына деген жауапкершілігіңізді арттырыңыз дегім келеді. Қаңғыбас иттердің көбеюіне жол бермей, жұқпалы аурулардың тарауына тосқауыл қоюға атсалысайық, – дейді Ғабитбек Кебеев.
Иә, тілсіз жануардың көбеюіне адамдардың өздері кінәлі. Ит адамның досы екен деп, оны бос жіберу үлкен қателік. Қыс ауасы бола қалса, үй иелері байлаулы тұрған иттерін бос жібере қояды. Керісінше, үй жануарларын өзіңіздің қарауыңызда ғана серуенге жіберіп, бақылауыңызда ұстағанымыз абзал. Ал, қаңғыбас иттердің мәселесі ит ұстайтын орын ашылған соң шешіледі ме, әлде шешілмейді ме, ол уақыттың еншісінде. Әзірше, өз аулаңыздағы үй жануарына немқұрайдылық танытпай, дұрыс күтіп-ұстаудың әрекетіне көшкен жөн.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»