Qoǵam
Қатерлі ісікті бірге жеңейік
Қатерлі ісіктердің барлық түрі бастапқы сатысында емге өте жақсы көнеді. Әр адамның өмірі дәрігерге уақтылы қаралуына тікелей байланысты. Өкінішке орай, адамдар дер кезінде ауруханаға келмейді. Себебі, қатерлі ісіктің айқын белгілері жоқ, сонымен қатар, адамдардың бос уақытының жоқтығынан, адамның өз денсаулығына немқұрайды қарауынан болады. Кейде адамдар бұл ауруға шалдыққандарын мойындағылары келмей, шындықтан бас тартып, уақытты өткізіп алады. Осы ауруға шалдыққан адамдар бір күннің өзі өте маңызды екенін түсіне бермейді.
Алайда бірнеше қауіпті белгілерді білудің арқасында бұл ауруды уақтылы анықтауға болады.
Қатерлі ісікке тән жалпы белгілері мыналар: қабылдаған емнің нәтижесіз болуы, жалпы әлсіздік, шаршағыштық, дене қызуының аздап көтерілуі, әсіресе кешкі уақытта (37-37,5С), дене салмағының азаюы, қан талдауында ЭТЖ-ң жоғарылауы.
Қатерлі ісіктің орналасуына байланысты тән белгілер:
Өкпе рагы – ұзақ уақыт ішінде басылмайтын құрғақ, кейде қақырықты жөтел, тыныштық жағдайында да мазалайтын ентігу, қан аралас қақырық.
Сүт безі рагы – бастапқы сатыларында – өзін-өзі тексеру кезінде қолмен түйіндердің анықталуы. Қолға түйін сезілсе, міндетті түрде бірден дәрігерге көріну керек. Кеш сатыларында омырау ұшының ішке кіріп кетуі, терінің қызаруы, лимон қабығы белгісінің болуы, омырау ұшынан қоңыр, сұр немесе қан аралас бөлінділердің болуы және теріде ашық жараның пайда болуы жатады. Сүт безі рагы сау тінде ешқашан пайда болмайды. Оның пайда болуы үшін алдын ала өзгерген сүт безі қажет. Сондықтан да егер етеккір алдында сүт безінің ауырсынуы болса, сол кезден бастап ем қабылдауды бастау керек. Етеккір алдында сүт безінің ауырсынуы «қалыпты» деген түсінік дұрыс емес. Баланы 1 жасқа дейін ғана емізіп, 1 жастан кейін қолма-қол омыраудан шығару керек. Себебі, ұзақ емізу салдарынан омырау тіні күрделі өзгерістерге ұшырап, мастопатия (сүт безі тінінің қалыптыдан патологиялық тінге ауысуы) пайда болады.
Тері рагы – бұрын болған дақтың немесе түйіннің түсінің өзгеруі, жылдам өсіп, беті сулануы мүмкін, біркелкі емес қотырмен жабылып қанауы мүмкін.
Өңештің қатерлі ісігі (қылтамақ) – тамақтың жұтынғанда еркін өтпеуі, алғашында қою тамақ жегенде түйілу пайда болады, содан кейін қоймалжың тамақ та дұрыс өтпейді. Соңғы сатыларында сұйық тағам мен сілекейді жұту оңайға соқпайтын болады.
Асқазан рагы – ұзақ уақыт бойы тамақ ішкеннен кейін пайда болатын іштегі толып кету, бату, ауырсыну сезімдерінің болуы.
Ішек рагы – ішектің оң жақ бөліктерінің зақымдануы кезінде – үлкен дәреттің сұйық болуы, іштің шұрылдауы, салмақ тастау, анализдер бойынша емге ұзақ көнбейтін анемия мазалайды. Ал, сол жақ бөліктері зақымданса, іш кебу, іш қату белгілері болады.
Қуық рагы – жиі дәрет сындыру, дәретке отырғанда ашу сезімі, толық дәреттің шықпауы сияқты сезімдер пайда болады. Кеш сатыларында дәрет қан аралас болады.
Қатерлі ісікті дер кезінде анықтап, толығымен бұл аурудан сауығу үшін адамның мазалайтын шағымдары болмаса, жылына 1 рет динамикалық бақылаудан өтіп, белгілі бір мазалайтын шағым болса, бірден уақытылы дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Сонда ғана бұл кеселді толығымен емдеу мүмкін болады. Өз өміріміз, өз қолымызда екенін ұмытпайық.
Балжан Дәуренова,
аудандық аурухананың дәрігер-онкологы