Qoǵam
70 жастағы қарт әже екпе салдырды
Жақында аудандық орталық ауруханаға 70 жастағы Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Дариха Сыдықова барып, вакцина салдырды. Қарт әженің екпе салдыруға баруы баршамызға үлгі-өнеге деп білеміз. Өйткені, қарт кісі бола тұра қорықпастан вакцина алуға барып, азаматтық істің үлгісін көрсеткен.
Бұл әрі жастарға үлгі боларлық жақсы жаңалықты естіген соң, Дариха апаға хабарласып, мән-жайды сұраған едік.
-Қазіргі таңда жағдайым жақсы. Ауруханаға барып, екпе салдырғаныма бір аптадай уақыт болды. Мен өзімнің таңдауым бойынша БАӘ-де өндірілген қытайлық Hayat вакцинасының бірінші компонентін қабылдадым.
Екпе салдырмас бұрын учаскелік дәрігеріміз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, екпенің пайдасы мен тиімділігі жайында сөз қозғады. Ойлана келе, өзім үшін және отбасым, жақындарым үшін маңызды шешім қабылдадым. Дәрігерлер денсаулығымды тексеріп, бірінші қан қысымымды өлшеді.
Одан кейін вакцинаның әсері және белгілері жайында айтып, кеңестерін берді.
Қандай дәрілер ішуге болатындығы жайында айтты. Осылайша барлығының кеңестеріне құлақ асып, екпе салдыру бөлмесіне бардым. Ол жердегі медбикелер мені тіркеуге алып, қалауымдағы екпені салды. Екпеден кейін бақылау бөлмесінде жарты сағат уақыт отырдым. Барлығы келіп, жағдайымды сұрап тұрды. Үйге келгенде де өзімді күтіп, құнарлы тағамдар ішудемін. Әлі де дәрігер хабарласып, жағдайымды сұрауда. Отбасымдағылар да денсаулығыма алаңдап, жақсы күтім жасауда, – дейді Дариха апа.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»